Табиғи газды қатты формаға келтірді
|
Сингапур ұлттық университетінің химиктері табиғи газды газ тәрізді күйден қатты затқа айналдыру технологиясын жетілдірді. Бұл жайында islam.kz порталы techcult.ru ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Ғалымдар бұл идеяны табиғаттың өзінен алды – «жанып тұрған мұз» деген атпен белгілі газогидратты жасанды жолмен алу турасында сөз болып отыр бұл арады. Ғалымдардың мұндағы жетістігі сонда – бұл процесті санаулы минуттың ішінде жүзеге асыра алады. Қандай да бір улы компонент бөлінбейді. Газогидрат газдың молекуласы су молекулаларымен бекітілу арқылы қалыптасады. Олар жан-жағына шашырап немесе ыдырап кетпейді. Осылайша аз көлемде газдың мол мөлшерін қамтып, газды сақтауға, тасымалдауға болады. Табиғатта газогидрат теңіздің тұңғиық тереңінде қатты қысымнан қалыптасады, алайда, бұған миллиондаған жылдар кетеді. Ал Сингапурдың аталған жоғарғы оқу орнының зертханасында бұған бар-жоғы 15 минут уақыт кетеді. Негізінде бұл технология жаңадан пайда болып отырған жоқ – химиктер газдың суды сіңіру реакциясын үшін жаңа тиімді катализаторды таба алған болатын. Хабарға қарағанда, L-триптофан аминдық қышқылы «құпия» аталып кеткен өзге компонентпен бір комбинацияда әрекеттеседі. Жасанды газогидрат технологиясында газ 90 есе сығымдалады. Соған қарамастан оның жарылу қаупі болмайды. Бұл технологияның тағы бір артықшылығы – мұндай газогидратты -5 °C темперутарада сақтауға болады. Яғни, оны кәдімгі тоңазытқышқа салып тасымалдауға болады. Ал сұйытылған газды -162 °C температурада тасымалдауға тура келеді. Бұл температура көрсеткішінен асса, жарылу қаупі артады. Бұдан бөлек, сұйытылған күйінде бұлай тасымалдаудың, яғни, осынша температураны қалыптастырудың энергиялық шығыны көп. Қазіргі уақытта химиктер бір операция барысында бірден 100 келі газогидратты алу үшін ізденіп жатыр.