Сперматозоидтің таңғажайып «биі»: белсіздікпен күрестің тың тәсілі пайда болуы мүмкін (видео)
Сперматозоидтің таңғажайып «биі»: белсіздікпен күрестің тың тәсілі пайда болуы мүмкін (видео)
4 жыл бұрын 7081 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

Ғалымдар қол жеткізген тың мәліметтер ғасырлар бойы қалыптасқан қасаң түсініктің тар шеңберін бұзып-жарып, сперматозоидтердің қозғалысы туралы осы уақытқа дейінгі ұғымымызды тас-талқан ететін ақпаратты алға тартып отыр. Бұл мақсатта ғалымдар секундына 55 мың кадр өткізе алатын жылдамдығы жоғары құрылғы көмегімен сперматозоидтердің шыр көбелек айналған биіне куә болды. Бұл жаңалық өз кезегінде ұрпақ өрбіте алмай жүрген ер-азаматтардың белсіздігін емдеудің тың тәсілін табуға көмектесуі мүмкін. Ғалымдар осылай деп отыр. Бұл бағытта арнайы жүргізілген зерттеу нәтижесі мен барысы туралы ғылыми мақала Science Advances мерзімді басылымында жарияланды. Авторлары: Мексиканың ұлттық автономды университетінің зерттеушісі Габриэл Коркиди (Gabriel Corkidi) бастаған ғалымдар тобы. Сонау XVI ғасырда көрнекті ғалым Антони ван Левенгук адам организімін микроскоппен зерттеуді алғаш рет қолға алған болатын. Ол бірінші болып адам ұрығын микроскоппен зерделеген ғалым. Сперматозоидті ғылымда ашқан ғалым. Осынау ойнақшып, бір орнында байыз таппайтын жасушаның жалаушасын жыланға ұқсатып еді. Арада ғасырлар өтті. Микроскоп талай мәрте жетілдіріліп, осының арқасында адамзат үшін маңызы зор ғылымда талай жаңалық ашылды. Алғашында сперматозоидтің құрылымына қарап, оны тек бір жағына қарай қозғалады деп топшылаған еді. Оның үстіне, сарапшылар оның тек бір жағына қарай қозғалса, бір орнында шыр айналып, жатырға (аналық жасушаға) ешуақытта жете алмайтынын қаперге алған болатын. Ғалымдардың басын қатырып келген бұл жұмбақтың таяуды шешімі табылды: жоғарыда айтып өткеніміздей, секундына 55 мың кадрды өткізе алатын жылдамдығы жоғары камера арқылы сперматозоид қозғалысының үш өлшемді картинасын жасай алды. Ер адамға тән жыныстық жасушаның жалаушасы расымен де тек бір жағына қарай қозғалады екен. Есесіне сперматозоид өз осінде шыр көбелек айналады. Бұл айналыс бірыңғайда бір жақты қозғалысты екі жақты қозғалысқа айналдырады. Бұл сперматозоидке алға жылжуына мүмкіндік береді. Сөз соңында әлемде бедеу әйелдерге қарағанда белсіз ерлердің қарасы көп екенін айта кеткіміз келеді.

0 пікір
Мұрағат