Қытайда адам орнын темірге алмастыру науқаны жүзеге асырылуда (видео)
Қытайда адам орнын темірге алмастыру науқаны жүзеге асырылуда (видео)
8 жыл бұрын 4043 24.kz

Қытай өндірістік жұмыстарды барынша автоматтандыруда. Болжам бойынша, 2017 жылға қарай бұл салада құлтемірлер саны 400 мыңға жетіп, АҚШ пен Еуроодақ елдерін басып озуы мүмкін. Адам орнын темірге алмастыру науқаны «Қытайда жасалған 2025» бағдарламасының аясында жүзеге асырылуда. Мәселен, тек биыл Дунгуань қаласындағы зауыттардың роботтарын жаңарту бойынша, мыңға жуық бағдарлама іске қосылмақ. Өндірісі өркендеген Гуандун провинциясы Дунгуань қаласындағы кәсіпорынның тасы өрге домалап тұр. Зауыт экономикалық дағдарыс кезінде жұмысын автоматтандырмаса бәсекеге төтеп бере алмас еді. Смартфондар экранын өңдейтін бөлім басшысы Ян Вэйдің айтуынша, осыдан үш жыл бұрын жұмыскерлер тапсырыстарды әрең орындап үлгеретін. Ян Вэй, смартфон экранын өңдеу бөлімінің басшысы: - Бұрын біз 3 машинаға ғана жауапты болсақ, қазір 15 автоматта бірдей жұмыс істей береміз. Жоба сызбасымен танысып, өнімді де тексеріп үлгереміз. Жұмыс барысы автоматтандырылмай тұрғанда тәулігіне 600 экран өңдесек, бүгінде бұл көрсеткіш 1000-ға жуықтады. Ян Вэй жұмыс істейтін компания өндірісін роботтандыруды осыдан екі жыл бұрын бастаған. Осы уақыт аралығында станоктардың 80 пайызы жаңартылды. Ал Бейжіңдегі кәсіпкер Бо Уен бәсекелестерінен ерекшелену үшін робот кофеханасын ашты. Таңдай жібітуге бір келгендер құлтемірдің қызметі үшін қызығып қайта айналып келеді екен. Келешекте мейрамханалардағы күтушілердің орнын жаппай роботтар басатын сияқты. Роботтың аты – «Болашақ періштесі». Ол бірнеше сұрақтарға жауап беріп, бұйрықтарды орындай алады. Мәселен, күнделікті жұмыстан шаршап осында келіп су, кофе сұрасаңыз әкеліп береді. Көңіліңізді көтеруге әрекет жасайды. Суретке түсіреді, тіпті билеп те бере алады. Дегенмен, Бо Уеннің барлығын автоматтандырсам деген арманы толық орындалмады. Роботтар айлық сұрамайды, шаршамайды, бірақ бәрібір адамсыз күні қараң. Оны басқаратын, бұзылса жөндейтін маман қажет. Ал бұл қызмет қымбат. Бо Уен, кафе қожайыны: - Дәмханаға келіп, роботтарды қызықтаушылар көп болды. Бірақ олар шынайы қызмет көрсетушінің міндетін толықтай атқара алмады. Бастапқыда кофеханама бірнешеуін алдырттым. Дегенмен оларды күтіп ұстау қиынға соқты, бұзылған жағдайда жөндету үшін арнайы маман да тапшы болды. Сондықтан біреуін ғана қалдырдым. Гау Уенляң, Бейжің қаласының тұрғыны: - Мені бұл жерге бірнеше күн бұрын досым ертіп келді. Бүгін арнайы бас сұқтым. Әр жолы өзім сияқты роботтарды қызықтап келушілерді кездестірем. Келешекте еліміз робот жасау саласында және оны қолданысқа енгізуде көптеген жетістікке жетеді деп сенемін. Қызмет көрсетуші құлтемірлер бағасы олардың әрекет ету мүмкіндіктеріне байланысты 3 мың және 30 мың юаньның айналасында. Жалпы Қытай соңғы жылдары жоғарғы технологияларды дамыту, өндірістерді роботтандыру бағытына үлкен көңіл бөліп жатыр. Олардың басты мақсаты – «Made in China» белгісін әлемге жағымды жағынан қалыптасыру.

0 пікір
Мұрағат