Науқастың жанарына қарап, қанша ғұмыры қалғанын анықтауы мүмкін
Науқастың жанарына қарап, қанша ғұмыры қалғанын анықтауы мүмкін
4 жыл бұрын 9257 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

Жүрек ақауы бар науқастың көзіне қарап, оның қанша ғұмыры қалғанын анықтауға саятын зерттеу нәтижесі көрсеткендей, көз қарашығы үлкен пациенттерге қарағанда көз қарашығы кіші пациенттердің жүрек талмасынан өлу қаупі жоғары болып шыққан. Бұл бағытта арнайы жүргізілген тәжірибе барысында жүрек ақауы бойынша емхана төсегіне таңылған 870 науқастың фото-суреттері сарапталған. Олардың орташа жасы 67 жасты құраса, пациенттердің 37%-ын әйелдер құраған еді. Осыдан кейін пациенттерді көз қарашығының көлеміне қарай екіге бөлді. Көз қарашығы кіші пациенттер арасында жүрек ауруынан бақилық болғандар қарасы көз қарашығы үлкендеріне қарағанда екі есе көп болып шықты. Бұдан бөлек, емханадан емделіп шыққанымен көз қарашығы кішілерінің 47%-ы қайта емхана төсегіне таңылған. Ал бұл көрсеткіш көз қарашығы үлкендер арасында 28%-дан аспаған еді. Аталмыш зерттеуге атсалысқан Кохей Нозаки есімді дәрігердің айтуынша, көз қарашығы жүрек ақауы бар пациенттердің жай-күйін анықтауда маңызды рөл ойнайды. Әсіресе, науқастарды аталған аурудан аман алып қалуда. Бүгінде әлемде 26 млн-ға тарта адам жүрек ақауынан зардап шегеді. Организмнің қажеттілігін қанағаттандыру үшін жүрегі тиісті деңгейде қан айдай алмай қалатын аурудан пациенттердің 45%-ы ауру алғаш белгі берген сәттен бастап бір жылдан артық өмір сүре алмайды. Жүрек ақауының пайда болуының негізгі себептерінің біріне жүрек қағысының жиілігін, ас қорыту, тыныс алу және организмнің өзге жүйелерінің қызметін бақылайтын вегетативті жүйесі қызметінің бұзылуы жатады. Вегетативті функция анализі әдетте жүректің қағысына қарап жасалатынын айта кету керек. Алайда, бұл әдіс жүрек ақауы бар адамдарда кездесетін жүрек қағысының ырғағы бұзылған науқастарда тиімсіз келеді. Көз қарашығы да вегетативті функцияны бағалаудың бір тәсілі болып табылады. Бүгінде бұл әдіс Паркинсон және сусамыр кеселіне шалдыққан науқастарға да қолданылатын болып жүр.

0 пікір
Мұрағат