Бактериялар біз ойлағаннан да әлдеқайда төзімділігін шапшаң қалыптастыруда
Бактериялар біз ойлағаннан да әлдеқайда төзімділігін шапшаң қалыптастыруда
4 жыл бұрын 3652 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

Антибиотиктердің арқасында бірнеше ондаған жылдар ішінде есепсіз адам инфекциялық аурудан аман қалды. Алайда, патогендер жылдан жылға күшейіп, бой бермей келеді. Мұның сыры неде? Бұл жайында islam.kz порталы бұл бағыттағы зерттеу материалы жарияланған onlinelibrary.wiley.com ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Бактериялар антибиотикке төзімділікті қалыптастырудың стратегиясын бір-бірімен микробиологтар ойлағаннан да жылдам алмасатыны белгілі болып отыр бүгінде. Бұл - жақсылықтың нышаны емес. Швециядағы Шалмерс технологиялық университетінің Ян Зримек есімді ғалымы плазмид деп аталатын ДНҚ элементтерінің жылжу мүмкіндігін іздеп көрген еді. Осы орайда оқырманға түсінікті болу үшін плазмидтің не екеніне аз-кем тоқтала кетпекпіз: плазмид – хромосомнан физикалық тұрғыдан алшақ болатын әрі дербес репликацияға (ДНҚ-ның қайталану процесі, яғни, ДНҚ-ның көшірілуі деп түсініңіздер) қабілетті ДНҚ-ның шағын молекулалары. Негізінен бактерияларда кездеседі. Әдетте плазмидтер екі тізбекті сақиналы молекула түрінде болады. Негізгі қозғап отырған тақырыбызға оралайық: бейнелеп айтқанда, генді түрлі ас мәзірін дайындауға арналған аспаздық кітап десек, плазмидті өзге біреуден ұрлап алынған, аса құнды рецепті жазылған жеке парақша ретінде елестетуге болады. Онда бактерияларға стрестік жағдайда аман қалудың нұсқаулығы қамтылған. Антибиотик – бактерия үшін ең қиын стресс. Бұл бас-аяғы көрінбейтін майдан секілді: ғалымдар бактерияның төзімділігін еңсеретін дәрі ойлап тапқан сайын патоген тудыратын микроорганизмдер де оларды айналып өтуге мүмкіндік беретін айла-шарғысын жетілдірумен келеді. Бұл майданда итжығыспен аяқталатын күрес ешуақытта толастаған емес. Бактериялық жасушалар антибиотикке конъюгация (конъюгация – екі бактериялық жасушаның тікелей жанасуы кезінде генетикалық материалдың бір бағытта берілуі. Бұл жаңалықты 1946 жылы Джошуа Ледерберг және Эдвард Татум есімді ғалымдар ашқан)  деп аталатын процесс арқылы қарсы тұра алады. Негізінде бактериялар бір-бірімен тәжірибе алмасып отырады. Бұл олардың қандай да бір стрестік жағдайға төтеп беруіне көмектеседі. Соның ішінде антибиотикке. Плазмидтер бактериялар арасында кеңінен тарауы үшін олар oriT деп аталатын генетикалық кодтау саласына ие болуы тиіс. Бұл тізбекті оңай көшіру үшін плазмиданы қиып, қайтадан пломбылайтын ферментпен өзара әрекеттеседі. oriT-сыз плазмиданың «құпия рецептісін» беру мүмкін емес. Өкінішке қарай, бұл тізбекті іздеу мен олардың санын анықтау күрделі әрі машақаты көп жұмыс. Сол себепті де Ян Зримек кодтаудың физикалық қасиетіне тән өзгеше сипатына негізделген oriT –ты іздеудің тиімді құралын жасады. Тарқатып айтқанда, ол oriT негізінде мобилді плазмидтердің қаншалықты тарағанын анықтау үшін 4600-ден аса мәліметтер базасын пайдаланды. Нәтижесінде осынау аса маңызды тізбектің бұрынғы зерттеулерге қарағанда сегіз есе жоғары жиілікпен тарағаны белгілі болды. Бұл нәтиже адам, жануар, өсімдік организіміндегі, сондай-ақ, су және топырақ құрамындағы бактериялардың плазмидті берудің сенімді желісі барын көрсетіп берді.

0 пікір
Мұрағат