Антибиотикке балама бола алатын бағалы металл
|
Бактериялар антибиотикке төзімді бола түскен сайын ғалымдар жатпай-тұрмай антибиотикті алмастыратын баламасын іздестіріп жатыр. Бактериялардың дәрі-дәрмекке бой бермеуінен жыл сайын әлем бойынша 25 мыңнан аса адам ажал құшады екен. Бұл бағытта арнайы зерттеу жүргізген ғалымдар бактериялармен алтын нанобөлшектерімен күресуге бел байлап отыр. Бұл жайында islam.kz порталы hightech.fm ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Сонау ежелгі Мысырда алтынның түрлі емдік мақсатта қолданылғаны папирустардағы жазбалар мен таңбалардан белгілі. Бүгінде алтын қатерлі ісік секілді қауіпті ауруларды анықтауда (диагнозын қоюда) және емдеуде қолданыла бастады. Өйткені, алтын химиялық тұрғыдан инертті материал болыпе табылады: ол организммен контактіге түскен кезде өзгермейді. Таяуда жүргізілген зерттеу нәтижесі көрсеткендей, алтынның химиялық инертті нанобөлшектері жасуша қабырғасын деформациялай алатын, яғни, өзгертетін нақты тетігі арқылы бактерияны жоя алатын болып шықты. Ғалымдар бұған зертханадағы тәжірибе барысында көз жеткізді. Universitat Rovira i Virgili (URV) жоғарғы оқу орнының химиялық инженерия бөлімінің ғылыми қызметкері Владимир Баулиннің айтуынша, алтын нанобөлшектерінен бактерия үрленген шар тәрізді ісініп, сынады, яғни, зақымдалып жойылады.
(ықшамдалып алынды)
Алтын нанобөлшектерінің әсеріне ұшыраған бактерияның жасуша қабырғасының жарылу сәті.
Дерек көзі: Universitat Rovira i Virgili