Әлемде жасанды жүрекпен өмір сүретін 10 адам бар, олардың үшеуі қазақстандық
Әлемде жасанды жүрекпен өмір сүретін 10 адам бар, олардың үшеуі қазақстандық
6 жыл бұрын 5586 Қымбат Елтайқызы
Жасанды жүрек салғызған адамдар қалай өмір сүреді

Әлемде барлығы 10 адам жасанды жүрекпен өмір сүреді. Солардың үшеуі Қазақстанда тұрады. Baq.kz тілшісі кеудесінде механикалық жүрек соққан отандастырымыз қалай өмір сүретінін анықтаған еді. 

Құнанбай Абыраев. 60 жастан асқан Павлодар тұрғыны. Ол – Қазақстанда алғаш рет (2017 жылғы 19 қазан) жасанды жүрек салғызған науқас. Біз бүгін ғана оның жасанды жүрегінің орнына 2018 жылғы 19 маусымда донор жүрегінің трансплантацияланғанын хабарлаған едік. Қазір ол Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында дәрігерлердің бақылауында жатыр. Ол қос отаға дейін созылмалы жүрек жетіспеушілігімен ауырған.

Атап өтсек, Carmat жүрегі - толығымен жасанды жүрек, ол жүректі ауыстыра алатын 1000 грамм салмағы бар биопротез. Бұл жасанды жүректің құны 1 млн еуроға дейін жетеді. Арнайы сынақ нәтижесі Францияның Carmat компаниясы жасайтын жүректің 7 жылдан астам уақыт бойы қызмет ететінін көрсеткен. Carmat компаниясы кардиохирургия орталығына барлығы 10 жасанды жүрек беруді жоспарлап отыр.

Фото: автор

Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы басшысы Юрий Пяның айтуынша, Қазақстан халықаралық зерттеу бағдарламасына енгендіктен жасанды жүректі жасаған компания сол механикалық органды тегін береді әрі отасы да тегін жасалады.

Екінші жасанды жүрек иесі – 36 жастағы петропавлдық Алексей Чабан. Оның жүрегінің сол жақ қарыншасы мен оң жақ қарыншасы дұрыс істемегендіктен жасанды жүрек салғызуға мәжбүр болған.

Фото: автор

«Мен қазір тұрақты түрде спортпен айналысамын, гантельмен жаттығу жасаймын. Бұған дейін де спортпен айналысқанмын. Менің отбасым және 12 жастағы қызым бар. Ауру ешкімді таңдамайды, кез келген адам осы ауруға шалдығуы мүмкін. Сондықтан, осындай заманауи технологиялар мен маңызды қадамдардың бар екені жақсы деп ойлаймын. Мен үшін осы отаның жасалуы - үлкен сәттілік, бұл әрі қарай өмір сүру мүмкіндігі. Алдағы жоспарым барлық адамдардікі секілді: жұмыс, спорт және отбасы. Жүрек трансплантациясына қол жеткізіп, өмір сүргім келеді. Менің ойымша, менде барлығы жақсы болады. Тек бастапқыда жасанды жүректің дыбысына үйрену қиын болған еді. Дегенмен, адам барлығына үйреніп кетеді екен. Бастысы, өмірді сүю керек», - деді Алексей Чабан.

Алексейдің айтуынша, жасанды жүрекпен өмір сүретіндер өзімен бірге салмағы 3 келіге жететін сөмкені әрдайым тасып жүруі тиіс. Онда жүректі қуаттандыратын батареялар мен адам денсаулығын бақылайтын құрал орналасады.

Үшінші жасанды жүрек салғызған азамат – Ақтөбе облысының 54 жастағы тұрғыны Аманғали Токов. Сұхбат берер алдында науқас қобалжығандықтан жасанды жүрекпен байланысты құралдар сигнал берді. Дәрігерлер көмек көрсеткеннен кейін халі тұрақталды.

Фото: автор

«Операция екі ай бұрын жасалды. Жағдайым жақсы. Бұған дейін жүрегім қатты ауыратын. Балаларым, немерелерім бар. Қан қысымы көтерілгенде, жылдам жүргенде құралдар осындай сигнал береді», - деді Аманғали Токов.

Ал кардиохирургия орталығының басшысы Юрий Пя «Біз адамның өмірін ұзарту үшін қолдан келгеннің барлығын жасауға дайынбыз. Сол үшін кез келген мүмкіндікті пайдаланамыз», - деп ойын түйіндеді.

Қазақстанда жасанды жүрекпен өмір сүрген науқасқа донор жүрегі салынды

Елімізде барлығы үш адам жасанды жүрекпен өмір сүреді. Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында солардың бірінің жасанды жүрегі донор жүрегімен алмастырылды. Осылайша, әлемде алғаш рет пациентке қос күрделі ота қатар жасалып отыр, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі. 

Carmat жүрегі - толығымен жасанды жүрек, ол жүректі ауыстыра алатын 1000 грамм салмағы бар биопротез. Бірінші Carmat имплантациясының операциясы 2017 жылғы 19 қазанда Астанада жүрек жетіспеушілігі бар 60 жастағы науқас Құнанбай Абыраевқа жасалды. 8 айдан кейін 2018 жылғы 19 маусымда пациентке донорлық жүрек трансплантацияланды. Әзірге ол кардиохирургия орталығында жатыр.

Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы басшысы Юрий Пяның айтуынша, Қазақстан халықаралық зерттеу бағдарламасына енгендіктен жасанды жүректі жасаған компания сол механикалық органды тегін береді әрі отасы да тегін жасалады. Негізі, Carmat жүрегінің құны 1 млн еуроға дейін жетеді. Арнайы сынақ нәтижесі Carmat жүрегінің 7 жылдан астам уақыт бойы қызмет ететінін көрсеткен.

«Тоғыз ай бұрын жасанды жүрекпен жүрген Құнанбай Абыраев донорлық жүрекке дайын болмады. Жасанды жүрек салғаннан кейін оның органдары: бауыр, өкпе, бүйрек және тағы басқа органдарының функциясы жақсарды. Біз бұны имплантациядан кейін бірден байқадық. Үш айдан кейін оның өкпе артериясындағы қан қысымы да қалпына келді. Осындайда донорлық жүректі салуға болады. Сөйтіп, үш айдан кейін біз пациентке донорлық жүректі іздеуге кірістік. Себебі, донорлық жүрек жасанды жүрекке қарағанда өмір сүру сапасын біршама жақсартады», - деді Юрий Пя.

Оның айтуынша, жасанды жүректі донорлық жүрекпен алмастыру операциясы 12 сағатқа созылды. Әлем бойынша алғаш рет жасалған отаны көруге шетелден 30 жуық дәрігер келді. Қазіргі кезде пациенттің жағдайы жақсы. Ол өз күшімен жүріп, тұра алады.

«Біз адамның өмірін ұзарту үшін қолдан келгеннің барлығын жасауға дайынбыз. Сол үшін кез келген мүмкіндікті пайдаланамыз», - деп түйіндеді Юрий Пя.

0 пікір
Мұрағат