Психолог адамның өтірік айтып тұрғанын қалай анықтауға болатынын айтты
Психолог адамның өтірік айтып тұрғанын қалай анықтауға болатынын айтты
3 жыл бұрын 1578 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

Қуыстану, күйгелектену, көзін алып қашу, қобалжу, даусына діріл араласу секілді адамның жай-күйі адамның өтірік айтып тұрғанынан хабар бере бермейді. Мұндай сәттер адамның өзге комплекстерімен, темпераментімен, сол сәттегі көңіл күйімен, өзге де адами факторлармен байланысты болуы мүмкін екенін ескертеді. Суайтқа тән өзге белгілер болатынын Елизавета Че есімді психолог әрі гипнолог moslenta ақпарат көзіне берген сұхбатында айтып берді. Бұл жайында islam.kz порталы аталмыш ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Білікті маманның сөзіне қарағанда, кәнігі, тіс қаққан, ысылған суайт жалған сөйлеген кезде керісінше тым сабырлы ұстайды өзін, адамның көзіне тік қарайды. Алайда, оның өтірік айтып тұрғанын бейвербалдылығынан (ақпаратты ым-ишара, мимика және интонация арқылы беру – ред.) байқауға болады. Өйткені, адам бейвербалды дене сигналдарына саналы түрде бақылау орната алмайды, яғни, денесіндегі өзгерістер еркіне бағынбайды. Психолог ең алдымен адамның айтып тұрғанының оның эмоциялық жағдайымен қаншалықты сәйкес келетініне назар аудару қажеттілігіне тоқталды. Мәселен, жұмысқа кешігіп келген адам айыбын жуып-жаю үшін еріксіз күлімсіреуі мүмкін. Бұл эмоциялық жағдайдың өзі сырттай қарағанда адам өз ісіне өкініп тұрмағандай көрінеді. Осылай деген маман, сондай-ақ, оның кідіретін сәттеріне назар аударуға кеңес береді. Егер ондай паузалық мезеттер жиі қайталанса, ол өзінің сөзіне серігінің қаншалықты иланғанын түсінуге тырысқаны деп ұғыңыз. Содан соң оның көзіне назар аударыңыз – егер көз қарашығы үлкейіп, көзін жиі жыпылықтатса, бұдан бөлек, солына және төмен қараса, ондай адам өтірік айтып тұр. Бұл дәлелденген белгі. Бұған қоса, өтірік айтып тұрған адам ым-ишара әрекеттерге көп барады, осылайша сөз төркінінен қашып, серігінің назарын басқа жаққа бұрғысы келеді. Дәрігердің айтуыша, адамның эмоциясына денесінің сол жағы жауапты, егер оның сол жақ қолы мен аяғы жиі қимылдаса, онда ол өтірік айтып тұр деуге негіз бар. Осы айтылғандардан бөлек, өтірік айтып тұрған адам көп лепіреді, шектен тыс күйгелек келеді. Бар кінәны өзіңізге жабуға тырысса, онда ол жалған сөйлеп тұр.

Ұқсас материал:

«Суайттың өтірік айтып тұрғанын әшкере ететін тәсіл табылды» (https://islam.kz/kk/news/gylym/suaittyn-otirik-aityp-turganyn-ashkere-etetin-tasil-tabyldy-14682/#gsc.tab=0)

0 пікір
Мұрағат