Сүзбе денсаулыққа пайдалы (видео)
Сүзбе денсаулыққа пайдалы (видео)
8 жыл бұрын 8929 khabar.kz

Теміртау қаласында тұратын Әйгерім Құсайынова сүзбенің денсаулыққа пайдалы екенін тағы да дәлелдеп отыр. Ол қызылша қосылған қызыл құрт, сәбіз суы қосылған сары құрт, қауын құрт және жаңғақ құрт түрлерін ұсынып, емдік қасиеттері туралы да сипаттама беруде.  Өзіндік жоба жасап, екі жылдан бері кәдімгі құрттың қасиетін дәріптеумен келеді. Мәселен, қызылшаның суы өт пен ішекті тазартып, асқазанды емдесе, жаңғақ қосылған түрі адамның ойлау қабілетін арттырмақ. Ал құрттың сары суы бүйректегі тасты үгітіп, артық салмақтан арылтады, әрі ағзаға күш-қуат береді.  Енді Әйгерім құрттан косметикалық бұйымдар жасауды да ойлап отыр. «Себебі, құрттың құрамында калций көп, ал ол адам терісін жақсартып, ерте қартаюдан қорғайды», – дейді жоба авторы. Осылайша қаршадай қыздың қазақтың малта құртын ұлттық брендке айналдырсам деген ниеті бар. Ол үшін ең әуелі ЕХРО-2017 көрмесіне қатысуды жоспарлап отыр. Кейін жобаға қаржылай қолдау болып жатса, шағын кәсіпорын ашуды көздейді. Әйгерім Құсайынова, оқушы: - Болашақта Қазақстанның атынан түрлі-түсті қоспасыз жасалған құрт өнімдерін жасап, әлем нарығына шығарғым келеді. Өзім белгілі бір мамандық алғаннан кейін үлкен зауыт немесе бір компания ашып, осы құрт түрлерін жасасам деймін. Яғни, оған тағы да көптеген зерттеулер өткізіп, түрлі-түсті қағаздармен сыртын буып, қауын құрт, қызылша құртты кәмпит ретінде жасап, сатқым келеді. 

 

0 пікір
Мұрағат