Генетиктер етті тұқы тұқымын өсірудің жолын тапты
|

Бүкіл ресейлік балық шаруашылығы және океанография ғылыми-зерттеу институты тұқы балығының тез ет алып, жедел өсуіне арналған әдісті ойлап тапты. Бұл жайында islam.kz порталы «Известия» мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Ғалымдар балық ДНК-сын өзгерту және ет құрамын 20% -ға арттыру үшін гендік редакциялау технологиясын пайдаланды. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету секілді стратегиялық тұрғыдан маңызды әрі бірегей жобаны Ресей Федерациясының білім және ғылым министрлігі қаржыландырады. Бүкіл ресейлік балық шаруашылығы және океанография ғылыми-зерттеу институтының молекулалы генетика бөлімінің жетекшісі Николай Мюге бұл тарапта тұқы балығының ет массасының өсуін тежейтін генді өшіру, яғни, алып тастау арқылы осындай жетістікке қол жеткізгендерін мәлімдеді. Келесі міндет - осы өзгерістерді толық мұра етіп алған жаңа ұрпағын шығару. Гені өзгертілген ересек балықтан өрбіген ұрпағы тез ет алып, тез жетілетін болады. Алайда, мұндай ген толық берілуі үшін екі ұрпақ ауысуы керек. Мұндай тәсілдің (генді өңдеу технологиясы) келешегі зор, яғни, адамзатқа тигізер пайдасы ұшан-теңіз болғанына қарамастан РФ аумағында гені түрлендірілген өсімдікті, жануарды немесе балықты коммерциялық тұрғыдан пайдалануға тыйым салынған. Ал Америка құрама штаттары мен Қытай халық республикасында мұндай технологияның жетістіктері ауыл шаруашылығына жаппай енгізіліп жатыр.




