Боливияда бір көл жоқ болып кетті
Боливияда бір көл жоқ болып кетті
8 жыл бұрын 3903 Baq.kz egemen.kz

Оңтүстік Америка құр­­лығында орналас­қан Боливия мемлекеті же­­ріндегі Поопо атты үл­­кен көл өзі­нің су қой­­масы ретінде тір­ші­лік етуін тоқтатты. Еу­ропа аэ­ро­ғарыш агент­тігін­дегілер оны төбеден спут­­ник арқылы зерттеп шы­ғудың қоры­тын­дысында орасан зор көлемдегі шүңеттің суы жылдар бойы бу болып аспанға ұшып кетуі салдарынан жоқ болғанын айтып отыр. 

Эколог ғалымдар сон­дай-ақ, бұл Поопо­ның бірінші рет табаны құрғап қалуы емес екенін де алға тартады. Тереңдігі ешқашан 3 метр­ден асып көрмеген және жиі алмасатын климаттық жағдайға байланысты су қоймасының ауқымы да талай сапар өзгеріске түскен екен. Поопо суының мұның алдында түгел бу болып ұшып кетуі 1994 жылы тіркеліпті. Бірақ осыдан кейінгі бірнеше жылдың ішінде көл айдыны қай­тадан қалпына келсе керек. Климатологтар су қоймасының бұл жолғы тып-типыл болуының «ғұмыры» бұрынғы қай­сыбір кезеңге қарағанда да ұзаққа созылады деген болжам жасап отыр. «Бәлки, осымен Поо­поны мәңгіге жоғал­тып алған болуымыз да мүм­кін», дейді олар.
Тұзды, тұйық Поо­по көлінің аумағы 1100-2500 шаршы шақы­рымды құрайды. Оған 1962 жылға дейін Ти­ти­каке көлінен шығатын Десагуадеро деген жал­ғыз өзен құйып тұрған. Бірақ өткен ғасырдың ортасы ауа оның дельтасын әртүрлі шөп-ша­лам басып қалды. Нәтижесінде өзен арнасын өзгертіп, Оруро қаласының ма­ңынан Уру-Уру деген көл жасап шығарды. Кейін Уру-Уру мен Поо­по­ның арасы ағын сумен қо­­сылып жатты. Әйт­кенмен, онда ағып баратын судың ауқымы мар­дымсыз болды.
Қазіргі таңда ЕКА Proba-V спут­нигі кли­маттық өзгерістерді зерт­­теу шеңберінде жер кө­лемі өзгерісі жөнінде мониторинг жүргізуде. Космос аппаратынан түсірілген суреттер Бо­ли­виядағы ауқымы жа­ғынан екінші үлкен көлдің табаны құрғап біткенін растап берді. Ал кенезесі кеуіп қалғанға дейін Поопо көлемі жа­ғынан тек Титикакені ғана алдына жіберіп тұрды. 

 

 

0 пікір
Мұрағат