Арабтардың айсберг жобасы (видео)
|
Біріккен Араб Әмірлігі аптап ыстық орнайтын аймақта – Таяу Шығыста орналасқан. Жылына ары кетсе 100 мм жауын-шашын ғана түседі. Жергілікті байлар қолдарынан келгенше ел аумағын көгалдандыруға атсалысып жатыр. Алайда, су тапшы. Ел аумағын жасыл желекке көмкеру қыруар қаржыны қажет етеді. Яғни, ел экономикасына айтарлықтай салмақ салып отыр. Бұдан бөлек, ауыз су жоқтың қасы. Су тұшшыландыратын зауыттар энергия мен қаражаттың «жұтына» айналған. Аталған елдің Абдулла әл Шеһи есімді кәсіпкері ел тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін ешкімнің ойына келмеген бастама көтерген болатын. Миллионер инженер Антарктикадан айсберг әкелуді ұсынған болатын. Оның жобасынша, Оңтүстік шығанақта орын тепкен Херт аралының аумағындай айсбергті тартып әкелуге өзгелер күмәнмен қараса, ол бұл жобаның жоспарын сызуға кірісіп кетті. Осы орайда кәсіпкер бұл ойын осыдан 3 жылдай бұрын бастама етіп көтергенін айта кету керек. Оның есебінше, бұл суды тұшшыландыру зауытын салғаннан әлдеқайда арзанға түседі. Бұған қоса, мұздақ жергілікті климатқа оң әсер етіп, ауыл шаруашылығына да серпін береді. Десе де мұндай бастаманы алғаш көтерген араб кәсіпкері емес, француз ғалымы екенін айта кеткен де жөн. 1975 жылы француз ғалымы айсбергті Таяу Шығысқа мұхит арқылы сүйреп әкеліп, жергілікті халықты ауыз сумен қамтамасыз етуді айтып кеткен еді. Алайда, ол кезде мұндай ауқымды жобаны жүзеге асыруға аталған елдің шамасы келмеген болатын. Техникалық себептерге байланысты. Араб кәсіпкерінің ойынша, айсбергті кемеге тіркеп әкелуге әбден болады. Айсбергті Таяу Шығысқа жеткізу үшін аттай он ай кетеді екен. Бұл арада уақыттан ұту маңызды – айсбергті діттеген жеріне жеткізгенше еріп кетпесі үшін. Ол үшін кеменің жылдамдығы оғары болуы тиіс. Десе де айсбергтің біраз бөлігі еріп кетеді жол-жөнекей. Инженердің есебінше, айсбергтің салмағы 30%-ға дейін кемуі мүмкін. 70%-ның өзі аталған елді ауыз сумен 5 жыл қамтамасыз етуге жетеді. Бұдан бөлек, құм басқан өңірде айсберг көру үшін туристер ағылып келетін болады. Осылайша елдің туризм саласын жандандырып, тың серпін береді. Туристер қарасының көбеюі өз кезегінде ел қазынасына түсетін табысты арттырады.