|
Адамдар сөйлеуден қалып барады – зерттеу
|
Адамзат бірте-бірте сауалға бірнеше сөзбен жауап берген адамды “мылжың” атайтын кезеңге таяп келеді. Бұл жайында islam.kz порталы knife.media ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Аризона университеті мен Миссури-Канзас-Сити жоғарғы оқу орнының (Америка құрама штаттары) зерттеушілері соңғы жылдары адамдардың тұйық тартып бара жатқанын анықтады. Америкалық ғалымдар бұл тарапта АҚШ-та, Еуропа елдерінде және Австралияда табаны күректей 14 жыл бойы жүргізілген 22 зерттеудің нәтижелерін талдаудан өткізді. Осы ғылыми жұмыстар аясында сарапшылар 10-94 жастағы 2 мыңнан астам адамның күнделікті сөйлеген сөздері таспаланған аудиожазбаларды жинады. Талдау нәтижесі көрсеткендей, 2005 жылдан бастап адамдар сөйлеуді азайта бастаған. Зерттеушілердің айтуынша, 2019 жылға қарай орташа статистикалық адам айтқан сөздер саны 28% -ға қысқарды. Нақтырақ айтсақ, олардың саны 120 мың бірлікке азайған. Осынау зерттеуге атсалысқан Миссури университетінің Валерия Пфайфер есімді ғалымы адамзаттың сөзден біртіндеп тыйылуы секілді құбылысты байқай бермейтінін, алайда, кейін бір-бірімен байланысудың (тілдесудің) қалыбын өзгертетінін тілге тиек етті. Негізінде мұндай құбылысқа уақыт тапшылығы мен технологияның жаппай қолданысқа енуі (смартфон, адамның сөйлеу қажеттілігін жоятын қызмет көрсету саласындағы автоматтандырылған сервистер, т.б.) әсер етіп отырғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Дегенмен, мұндай құбылыстың салдары қауіпті екенін ескертеді. Ең алдымен адамдардың жатбауыр тартып кетуіне, жалғыздық індетінің одан ары таралуына ықпал етуі мүмкін.