«Замануи құлдар» статистикасы жарияланды
«Замануи құлдар» статистикасы жарияланды
2 жыл бұрын 1095 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

Соңғы бес жылда «замануи құлдар» қарасы төрттен бірге артқан. Біріккен Ұлттар Ұйымының келтірген дерегіне қарағанда, бүгігі таңда 28 млн адам өз еркінен тыс жұмысқа жегілуге мәжбүр болса, тағы 22 млн адам еркінен тыс отбасын құрған. Бұл жайында islam.kz порталы news.un.org ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Бұл тараптағы бірлескен баяндаманы Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ), Халықаралық көші-қон ұйымы (ХКҰ) және Walk Free «Be Free» адам құқықтарын қорғау ұйымы жариялады. 2016 жылы жасалған мәліметтермен салыстырғанда 2021 жылы құлдықта жүргендер қарасы 10 миллион адамға көп болған, соның ішінде әйелдер мен балалар қарасы көп. Мәжбүрлеп жұмысқа жегу құлдығының 86 пайызы жекеменшік секторларға тиесілі болып отыр, ал коммерциялық, яғни, пайда табу мақсатында адамдарды мәжбүрлеп төсек қатынасына пайдаланылатындар қарасы 23 пайызға жеткен. Мемлекет тарапынан мәжбүрлеп жұмысқа жегілгендер саны 14 пайызды құраған, олардың әрбір сегізіншісі – балалар еңбегін қанау оқиғалары. Құлдық әлемнің барлық түкпірінде, дәлірегі, барлық елінде кездесетін әлеуметтік дерт. Десе де барлық құлдықтың жартысынан көбі және барлық мәжбүрлі некеге тұрудың төрттен бір бөлігі табысы орташа деңгейден жоғары елдерде орын алған. Мигранттардың басқа ересек жұмысшыларға қарағанда «құлдыққа» ұшырау ықтималдығы үш есе жоғары. Адамдар қандай жағдайда мұндай келеңсіздікке тап болады? Сарапшылардың айтуынша, заңсыз миграция, көші-қон заңының бұзылуы, жұмысқа қабылдау ережесінің сақталмауы, т.б. факторлар адам еңбегінің қаналуына жол ашады. Бұған қоса, әр елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы әр түрлі болып келеді, миграциялық заң талаптары да әр қалай. Бұл факторлар да құлдыққа бастайтын себепке айналуда. Халықаралық еңбекті қорғау ұйымының жетекшісі Гай Райдер ежелгі заман мен орта ғасырдан әлі күнге ескіліктің көлеңкесіндей болып қалмай келе жатқан бұл келеңсіздіктің алдын алуда кәсіподақ ұйымдарының құзыретін ұлғайтып, азаматтық қоғам институтын дамыту керек деп есептейді. Ал еркінен тыс отбасын құрғандар өткен жылы 22 млн адамға жеткен, бұл көрсеткіш осыдан бес жылғы мәліметпен салыстырғанда 6,6 млн адамға көп. Соның ішінде кәмелет жасына (16 жас) жетпей отбасын құрғандар саны да көп артып кеткен. Кәмелет жасына жетпей және еркінен тыс отбасын құру фактілері патриархалдық тәртіп үстем әрі салт-дәстүрі тозған елдерде жиі ұшырасады. Еркінен тыс отбасын құрғандардың 86 пайызы осындай патриархалдық тәртіп пен көне әдет-ғқрыптың жетегінде, дәлірегі, туған-туысқандарының мәжбүрлеуімен тұрмысқа шыққан немесе үйленген. Бұл көрсеткіштің 65 пайызы оңтүстік-шығыс Азия аймағына тиесілі. Бұдан бөлек, араб әлемінде де жоғары – осы өңірдегі мың адамға шаққанда әрбір бесінше адам өз еркімен отбасын құрмаған.

0 пікір
Мұрағат