Түркияның миллионер малшылары (ФОТО)
Түркияның миллионер малшылары (ФОТО)
10 жыл бұрын 9873 Суреттерді түсірген Салтан САЙРАНҰЛЫ

Түркия биыл да Құрбан айтқа үлкен дайындықпен келеді. Жыл сайын Құрбан айттан қаншама тонна ет алатын бұл мемлекет алдымызда келе жатқан мерекеде қанша мал сойылатынын да есептеп қойыпты. Азық-түлік, егіншілік және мал шаруашылығы бөлімшелерінен алынған деректерге сүйенсек, бұл Құрбан айтта 1 миллион 207 мың 608 ірі қара сойылса, 3 миллион 645 мың 918 қой құрбандыққа шалынады екен. Бұл былтырғы жылы сойылған мал басынан 1,5 есеге көп. Сойылғандардың басым көпшілігі Африка елдеріне, Сирия, Палестина мұсылмандарына, тағы да басқа жағдайы төмен елдерге жөнелтіледі. Мұндай акциялармен үкімет қана айналыспайды. Әр қалада жүздеген қайырымдылық қорлары бар. Олар да құрбан еттерін жинап, сырт мемлекеттерге үлестірумен айналысады. Бұл шаралардың барлығы бүгінде бір жүйеге түскен. Тіпті, қалаға мал әкелу мен оның саудасы да біз үшін қызық болды. Осыған байланысты Ыстамбұл қаласының бір мал сату базарына барып, егжей-тегжейлі сұрап қайттық.

Жалпы, құрбандық малдарының саудасы құрбан айттан он бес күн бұрын басталады. Яғни, Түркияның әр қаласында он бес күн бұрын мал базары үшін шатырлар тігіліп, қасапхана жерлері белгіленеді. Бір Ыстамбұлдың өзінде 430-дан астам мал базары мен қасапхана жері құрылды. Осы уақыттан бастап мал шаруашылығымен айналысатын әр ауыл мен ауданнан малдар әкелінеді. Малшылар бұл жерлерде 15 шақты күн малдарын бордақылап, саудасын жасайды.

Бұл базардағы малдардың бағасы әртүрлі, малдың ірілігі мен салмағына қарай. Ең арзаны 3000 түрік лирасынан басталса, қымбаты 10 000 лираға дейін барады. Біздің теңгемен есептесек, 10 мың лираң 820 мың теңге болады.

Йылмаз Емре Түркияның Ерзурум қаласынан келген. Базарға 24 бұқа әкеліпті. Әкелген бұқаларының барлығына дерлігі сатылған. Малдары 4000-9000 лира арасында саудаланған.

Жалпы, мемлекет бұл мал саудагерлеріне арнайы орын дайындағаны үшін әр орынды жалға береді. Әр жердің жалға беру бағасы 5000 лира (410 мың теңге). Бұл кісі 5000 лираның өте қымбат екенін айтып отыр. "Себебі, 5000 лираны жерді жалдағанымыз үшін берсек, малдарымызды камаз жалдап әкелгеніміз үшін де 5000 лира береміз. Бұған тағы шатыр мен малдың жем-шөбіне кететін 2000 лираны қосыңыз. Өзіміздің 15 күндік тамағымыз тағы бар, оған да 2000 лира кетеді", – дейді ол. Сонда барлығы 14 мың лира (1 миллион 148 мың теңге) шығын шығады. Яғни, барлық шығын екі орташа бұқа жабады екен.

Десек те, шаруалар үкіметтің шарапатын да көріп жатыр. Себебі, өтпей қалған малдарды шаруалар қайтып үйіне алып кетпес үшін үкімет малдың килосын 11-13 лирадан тірідей өлшеп, сатып алады екен. "Бұл үкіметтің шаруаларға көрсетіп отырған үлкен көмегі", – дейді мына кісі. Мемлекет ол малдарды сойып, жағдайы төмен Африка елдеріне жібереді екен.  

Ерзурум, Тоқат ауданынан келген Ғази есімді мына адам базарға 80 бас ірі қара әкелген екен. "Аллаға шүкір, 3-10 мың лира аралығында 80 бас бұқамның бәрі өтті", – дейді ол. Қанша пайда тапқанын айтқысы келмеген Ғазидің орташа олжасын есептесек, шамамен 260 мың доллар (42 миллион 640 мың теңге) болады екен. Мөңке би бабамыздың болжап кеткеніндей "Ақырзаман боларда сиыр пұл болады" деген осы болар, сірә.

Мал базарынан қойды сирек көресіз. Себебі, тиімсіз. Бағасы 300-400 доллар арасында. 

Ыстамбұл қаласының Есенялы орталық мешітінің бас имамы Атыф Темиз де 7 адаммен бірігіп бір өгіз алыпты. Өгіздің бағасы 7 мың 700 лираға шыққан. "Биыл құрбандық малдары біраз қымбаттаған. Бәлкім шаруалар үшін ауа райынын қолайсыздығынан болар. Жалпы, былтырға дейін бізге құрбандық малдары Украина, Голландия, Мажарстан елдерінен де әкелінетін. Себебі, Құрбан айт кезіндегі малға деген елдің сұранысын өзімізде өсірілген малдар қамтамасыз ете алмайтын. Биыл өзімізде өсірілетін малдарымыз ішкі сұранысты қамтамасыз ете алатын болып отыр, сондықтан сырттан мал кіргізілмеді", – дейді имам.

Мына жігіт те базарға 63 бас ірі қара шығарып отыр. Бұның да малы түгелімен сатылып кеткен екен. "Ыстамбұлдан 1700 шақырым қашықтықтан әкелеміз малдарымызды. Сондықтан да, малдарымның түгелі сатылғанына қуанып отырмын. Әрине, сатылмай қалса, үкімет сатып алады. Бірақ, халыққа сатсаң олардың белгілеген бағасынан қымбатқа сатасың. Сол себепті бізге бәрінің халыққа өткені тиімді", – дейді ол.

Халық малдарын сатып-сатып алып, ендеп кетеді. Бұл малдар Құрбан айт келгенше осы жерлерде бордақыланып тұра береді. Дәл Құрбан айт келгенде осы жерден сойылып, иелеріне үлестіріледі. Сою ақысы, барлығы малды сатып алған бағасына кіреді. 

 

0 пікір
Мұрағат