Таяу Шығыстағы екі ірі ойыншының «арасалмағы» жайында
Таяу Шығыстағы екі ірі ойыншының «арасалмағы» жайында
4 жыл бұрын 4313 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

Таяу Шығыстағы геосаяси аспектіде ірі ойыншылар саналатын Түркия мен Иран бір-бірімен шектесіп жатқан көрші елдер болғандықтан екі ел де бір-бірімен ынтымақтастық орнатуға мүдделі, сонымен бірге, бәсекелес елдер болып саналады, әсіресе, өздерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ықпал ету аймағын кеңейту бағытында қатаң бәсекелестікке баратын елдер. Сол себепті, екі ел де «күштер арасалмағы» бойынша барынша тепе-теңдік сақтауға ұмтылады; сонымен қатар, аталған аймақтағы аса қуатты әскери әлеуетке ие, экономикасы да біршама дамыған елдер болғандықтан, ықпал ету аймағы бойынша саяси және экономикалық мүдделері ұштасатын да, қайшы келетін тұстары да аз емес. Аталған екі елдің қатынасы Таяу Шығыстың саяси өміріне сөзсіз әсерін тигізеді. Бұл жайында islam.kz порталының The Strategist ақпарат көзінде жарияланған Мұхаммед Айуб есімді сарапшының мақаласында келтірілген деректер негізіндегі шолу материалынан біле аласыздар. Ең алдымен экономикалық аспектіден бастайық: Түркия мен Иранның мүдделері энергетика мен сауда-саттық салаларында ұштасады – түріктер парсылардың мұнайы мен газына тәуелді, сондай-ақ, түрік тауарларының эспорты шиғалар елінде жақсы жолға қойылған. Алайда, 2018 жылдан бері Иран мен Түркия арасындағы экономикалық байланыс едәуір төмендеп кетті. Сол кездегі АҚШ президенті Дональд Трамптың пәрменімен енгізілген санкциядан кейін. 2019 жылы Иран мұнайының негізгі импорттаушы 7 елге (арасында Түркия да бар) қатысты санкция талаптарын орындау міндетінен босату көзделген жеңілдік алынып тасталғаннан кейін Түркияға экспортталатын ирандық мұнай шикізаты мен мұнай өнімдерінің үлесі 63%-ға бір-ақ құлдырады. Түркия үшін Ираннан мұнай жеткізген қолайлы – жақын болғандықтан, яғни, іргесіндегі елден мұнай тасымалдау арзанға түседі. Алайда, екі елдің экономикалық мүддесі ұштасқанымен стратегиялық салада екіайрық жолға түсіретін тұстар барын айта кету керек. Бұл тарапта алдымен екі елдің аймақтағы саяси мүддесінің қай тұста қабысатынын айта кеткен жөн: екі ел де Саудияға қырын қарайды (соңғы ширек ғасырда әлемде болып жатқан түрлі өзгерістерге дер кезінде жауап қату (мәселен, исламофобияға қарсы күрес, Палестина-Израил дағдарысы, т.б.) уақыт талабы мен заман ағымына қарай бастамалар көтеру арқылы Түркия сүнниттік елдер арасында тізгінді өз қолына алып келеді, әлбетте, Саудияның сүниттік елдерге жетекшілік етуге тарихи құқын жоққа шығармаса да көптеген мәселелер бойынша Түркия салыстырмалы түрде алғанда батыл қимылдап, тегеурінділік танытып келеді. Бұдан бөлек, Саудия бастаған бірқатар араб елі Катарға байкот жариялағанда Түркияның Катарға саяси әрі әскери қолдау көрсетуі арқылы Саудия тарапынан төнген тікелей қауіптің бетін қайтарды. Оның үстіне, Катар Иранмен ынтымақтастық орнатқан жалғыз араб елі екенін ескерсеңіз, Түркия мен Иранның бұл тараптағы бағыты да бірдей). Екіншіден, Иран да, Түркия да күрд сепаратизміне қарсы – екі елдің де аумақтық тұтастығына сызат түсіріп, сына қағатындықтан күрдтер мәселесінде бірдей ұстанымда. Десе де Түркия да, Саудия да, Иран да аймақтағы ықпал етуші күштер болғандықтан өзара бәсекелес екенін естен шығармау керек. Енді басқа қырынан қарастырып көрейік: Түркия солтүстік саяси-әскери альянстың белді мүшесі, дәлірегі, Иранның қас жауы - АҚШ-тың одақтасы. Соңғы жылдары Түркия мен АҚШ арасында белгілі мәселелер (мәселен, Түркияның дербес саясат жүргізуі, АҚШ қолдау көрсеткен күрд сепаратистеріне қарсы әскери жорығы, ресейлік С-400 зениттік зымыран кешенін сатып алу, т.б.) бойынша алауыздық танытқанымен Иранмен тікелей қарулы қақтығыс орын ала қалған жағдайда Түркияның АҚШ жағына шығары сөзсіз. Үшіншіден, Сирия мәселесінде де Түркия мен Иранның ұстанымдары бір-біріне қайшы келеді: Иран Башар Асад режиміне қолдау көрсетсе, Түркия қарсы. Оның үстіне, соңғы кезде Түркия билігі Иранның аймақтағы бітіспес жаулары саналатын Саудиямен де, Израилмен де қатынасын жақсартып келе жатыр.

Бұдан да ең маңыздысы – Түркия Қап тауы мен Орталық Азия аймағындағы түркі тілдес халықтардың бірлігін қамтамасыз ету бағытында жүргізіп отырған саясаты - осы уақытқа дейін Ресейдің ықпал ету аймағы саналатын, Иранның да парсы-түрік тандемі негізіндегі мәдени эспанциясы жүзеге асырылып келген аймақтағы Түркияның белсенділігі мен беделі жылдан жылға артып келеді. Бұған қоса, түркітлдес халықтар үшін де Түркияны арқа тұтады. Тарихқа сәл шегініс: кезінде түріктер Османлы империясы тұсында империя аумағын оңтүстікке және Еуропа қарай кеңейткені белгілі. Әсіресе, Түркияның Ресейдің де, Иранның да мүддесі үстем Қап тауындағы Әзірбайжан-Армения арасындағы Таулы Қарабақ үшін соғыста (2020 жылдың қыркүйек айы) Қап тауына өз ықпалын орната бастағаны да жоғарыда аталған екі елдің мазасын қашыруда. Әзірбайжанға саяси, әскер қолдау білдіріп, осы заманғы озық қару-арақ түрлерімен жабдықтап, Қарабақты армяндардан азат ету арқылы жалғыз Әзірбайжанның ғана жеңіске етуіне ықпал етіп қоймай, сонымен қатар, екі алып державаның (Ресей және Қытай) қас-қабағын баққан Орта Азиядағы түркілердің де мерейін өсірді. Ең бастысы – Ресей мен Иран маңызды рөл ойнайтын солтүстіктен оңтүстікке шығатын дәлізді айналып өтіп, Еуропа елдеріне энергия тасымалдау мен өзге де тауарлар жеткізуге мүмкіндік беретін шығыстан батысқа жол ашатын баламалы дәлізге ие болды. Түркияның батыл қимылы мен бұл қадамы түркітілдес елдер арасындағы Ресей мен Иранның беделін едәуір түсірді. Әсіресе, Иран билігі Түркияның түркілердің «этникалық ұқсастығын» пайдаланып, Орта Азия мен Қап тауында ықпалын арттырғаны алаңдатып отыр. Оның үстіне, батыс пен шығыстың арасын жақындататын стратегиялық маңызы зор дәліздің ашылмауына мүдделі Иран Әзірбайжан мен армения қарулы қақтығысы кезінде Арменияны қолдауға ниет білдіргенімен өз еліндегі қарасы 15 млн тегі әзірбайжандықтардан сескенді (Ирандағы әзірбайжан диаспорасы – әлемдегі ең ірі диаспоралардың біріне айналып келеді, парсылар еліндегі азшылықты құрайды деген аты болмаса, ықпалды топқа айналған). Оның үстіне, Иран аятолласы Әлі Хаменейдің түбін қазсаң, оның да қаны әзірбайжан.

0 пікір
Мұрағат