Таяу Шығыс және Қытай (жалғасы)
Таяу Шығыс және Қытай (жалғасы)
4 жыл бұрын 5415 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

Басы мына сілтемеде: https://islam.kz/kk/news/alem/tayau-shygys-jane-qytai-13652/#gsc.tab=0

Қытай Таяу Шығыстағы жалғыз держава – бір-бірімен жұлдызы қарсы, бақталас, бәсекелес елдер арасында балансты сақтай алған. Яғни, бір-бірімен текетірескен Иранмен де, Саудиямен де, Израилмен де, Палестинамен де тіл табысқан держава. Салыстырмалы түрде. Мәселен, АҚШ Иранның ықпалын тежеу үшін Израил мен Араб елдерінің арасындағы баланыстың сақталуына ықпал етіп келеді. Ал Ресей Таяу Шығыста өзінің ықпалын арттыру үшін сириядағы соғысқа араласу арқылы стратегиялық қателік жіберіп алды – әлі күнге Сирия соғысында батпақтап жатыр – аймақтағы өзге елдерге Сирия дағдарысы мойын бұруға мұрша бермей келеді. Сирияның өзінде Иранмен әне Түркиямен санасуына тура келіп отыр. Ал Қытай қайтты дейсіз ғой? Кезінде жазғанымыздай, Қытай дамуының негізгі себептерінің бірі – Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесі әрі ядролық қаруға ие бола тұра сыртқы саясатта өзіне қатысы шамалы геосаяси жанжалдарға араласқан емес. Мәселен, Израил-Палестина дағдарысын реттеуге атсалысқан жоқ. Бұл тарапта бейтарап позиция ұстанды. Экономикалық өрлеуге қол жеткізгеннен кейін ғой, амалдың жоғынан, өзінің нарығын кеңейту мақсатында, яғни, экономикалық мүддесін қорғау үшін сыртқы саясатта да белсенділік танытуға тура келгені. Былайша айтқанда, Ресей мен АҚШ-қа қарағанда Қытай Таяу Шығыстың энергетикалық ресурсына көп тәуелді. Француз сарапшыларының есебіне қарағанда, Қытайдың Таяу Шығысқа энергетикалық кіріптарлығы 50%-дан асып жығылады. Қытай Ирнаннан да, Саудиядан да мұнай тасымалдап отыр. Таяу Шығыспен Қытайды тек қаржылық активтер ғана емес, сонымен қатар, саяси активтері де «ортақ»: Қытай өзі автократиялық режимге негізделген держава болғандықтан адам құқығына көп бас ауырта бермейді. Бұл жағынан Қытай автократияның ең жоғарғы көрінісі болып табылатын монархиялық билік үстемдік еткен Таяу шығыс елдерімен «жүз шайыспайды». Қытайда бар өлім жазасы Иранда да, Саудияда да бар. Ол ол ма, Қытай өзінің адамды бақылау жүйесінің алдыңғы қатарлы технологиясын Таяу Шығысқа сатып жатыр. Бірде-бір араб елі Қытайдағы азшылықты құрайтын, қытайландыру саясатынан қысым көріп отырған мұсылмандар, соның ішіндегі Ұйғыр мәселесіне байланысты Қытай билігін айыптаған емес. Ядролық бағдарламасына байланысты АҚШ санкция салған Иранның қорғаныс және басқа салаларға осы жазда Қытай 400 млрд доллар инвестиция құйды. Есесіне Иран жағы 25 жылға мұнайын жеңілдетілген тарифпен сатады. Қытай тек Иранның ғана емес, сонымен қатар, парсылар елінің басты бақталасы Израилдің де көңілін тауып отыр: бүгінде қытай компаниялары израилдік жоғары технологияның төрттен бірін бақылауда ұстап отыр. Мұны Таяу Шығыс жөніндегі америкалық сарапшы Илан Берман айтып отыр. Бұдан бөлек, Израилдің Жерорта теңізіндегі аса ірі Хайф айлағын жетілдіруге атсалысып жатыр. Бұл айлақ америкалық әскери теңіз күштерінің кемесі аялдайтын айлақтардың бірі екенін ескерсек, Қытай бұл бағытта үлкен жеңіске жетті деуге болады.

(ықтимал жалғасы бар)

0 пікір
Мұрағат