Тәліптер басқарған ауған экономикасы көтеріле бастады
|
Бүкіл әлемдік банк ауған экономикасы екі жылға созылған терең рецессиядан кейін биыл өсімнің әлсіз белгілерін көрсетіп отырғанын хабарлады. Бұл жайында islam.kz порталы IslamNews ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Аталмыш банктің соңғы есебіне сәйкес, Ауғанстанның жалпы ішкі өнімі жекелеген шығындардың арқасында 2,7%-ға өсуі ықтимал. Санкциядан, түрлі халықаралық шектеулерден шатқаяқтаған экономиканы ішінара қалпына келтіруден азық-түлік бағасы төмендеп, халықтың өмір сүру деңгейінің біршама жақсаруына ықпал етті. Осы орайда ауған экономикасының шетелдік көмекке көп тәуелді болып келгенін айта кетпекпіз. Бұдан бөлек, жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлық пен парақорлық «жығылған үстіне жұдырық» болып тиді. Тәліптер қозғалысының 2021 жылы билік басына келуіне орай әлемнің көптеген елінде Біріккен Ұлттар Ұйымының қарарымен террористік ұйым ретінде танылғандықтан ауғандардың бірнеше млрд доллар активі бұғатталды. Бұған қоса, елден білікті мамандар жаппай кетті. Бұл факторлар ауған экономикасының күйреуіне алып келді. Сонымен қатар, Бүкіл әлемдік банк дерегі бойынша Ауғанстанның экспорты 2023 және 2024 жылдары тұрақтылық танытқан, ал импорт ұлғайған, бұл жайт өз кезегінде сауда дефицитінің, яғни, тауар тапшылығының кеңеюіне алып келді. Бұл тапшылық елдiң отын, азық-түлiк, құрал-жабдық сияқты негiзгi қажеттiлiктерiн қанағаттандыратын импортқа тәуелдi болғандықтан одан ары ушыға түстi. Бүкіл әлемдік банктің Ауғанстандағы департаментінің директоры Фарис Хаддад-Зерфус ұзақ мерзімде экономикалық өсім үшін жергілікті жекеменшік сектордың елеулі әлеуетін пайдаланып, бизнес ортаны жақсарту қажеттігін атап өтті. «Негізгі шаралар – инвестицияларды ұлғайту, шағын бизнестің қаржыға қол жеткізу жолдарын жеңілдету, сондай-ақ, өз бизнесін ашу үшін кәсіпкер әйелдерге қолдау көрсету. Бұл шаралар қабылданбаса, елдің ұзақ уақыт тоқыраған жағдайда қалу қаупін тудырады», - деп атап өтті ол.