Тағы бір араб елі ғарыш технологиясын дамытуға ден қояды
Тағы бір араб елі ғарыш технологиясын дамытуға ден қояды
3 жыл бұрын 2097 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

Мысыр ғарыш технологиясын кеңінен игеріп, дамудың даңғыл жолына түсірмек. Бұл жайында islam.kz порталы Egyptian Streets ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Араб әлемінде ғарыш саласы бойынша Біріккен Араб Әмірлігі тыңнан түрен салып, алғашқы ғарышкерін ұшырып үлгерді. Іле-шала Саудия да ғарышты игеруге кірісті. Міне, тағы бір араб елі ғарышты игермей даму болмайтынын түсінді – Пирамидалар елі соңғы жылдары ғарыш технологиясын елдің экономикалық дамуы мен ұлттық қауіпсіздігі үшін дамытуды көздеп отыр. Осы мақсатта ғарыш қаласы салынады. 50 гектар аумаққа жоспарланған ғарыш кешені ел астанасы – Каир қаласындағы орталығында орын теппек. Артық-кемі жоқ 23 ғимарат тұрғызылады – зерттеу, білім беру, ғарыш технологисяна қажетті базаны қалыптастыратын орталық, жасанды жер серіктерін жобалау және өндіру нысандарынан тұрады. Мысыр ғарыш агенттігінен басқа Ғарыш кешені Африка ғарыш агенттігін, спутниктерді құрастыру зауытын, спутниктік мониторинг және бақылау стансаларын, жалпы жұртшылыққа ашық ғарыш мұражайын, Мысыр ғарыш академиясын, интеграция және сынақ орталығын қамтиды. Ғарыш аппараттарын жобалау және дамыту орталығы және толық жабдықталған заманауи ғарыштық зерттеулер кітапханасы да болады. Мысырдың жоғары білім беру және ғылыми зерттеу министрі Халед Әбдіғаппар мәлімдегендей, құрылысы 2026 жылы аяқталуы тиіс аталмыш кешен ұлттық табыстың 10%-ын құрайтын болады. Осы орайда 2017 жылы Мысыр парламентінің елде алғашқы ғарыш агенттігін құру туралы заң жобасын қабылдап мақұлдағанын айта кетпекпіз. Аталған агенттік ғылыми зерттеуге арналған алғашқы спутниктерді шығаруды алдына мақсат еткен болатын. 2019 жылы аталған араб елі жерді қашықтықтан зондтауға арналған Egyptsat-2A спутнигін ұшырды. Құрылғы панхроматикалық және мултиспектралды режимдерде көрінетін және инфрақызыл спектрлерде түсіруге қабілетті. Оның сипаттамалары стратегиялық мақсатта оптикалық барлау жүргізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, екі текше спутнигі және ғарыштық байланысқа арналған геостационарлық жер серігі TIBA-1 ұшырылды, бұл Мысырдың өзіндік алғашқы аппараты болды. Қазіргі уақытта Мысыр қашықтықтан зондтау және ғылыми зерттеулер үшін MisrSat-2 және NexSat-1 спутниктерін ұшырумен айналысуда.

Egypt is Building a New Space City on Cairo-Suez Road

Egypt's TIBA-1 satellite is readied for launch

0 пікір
Мұрағат