Су үшін қақтығыстар туындауы мүмкін 5 аймақ аталды
Су үшін қақтығыстар туындауы мүмкін 5 аймақ аталды
1 жыл бұрын 1272 inform.kz Смағұлова Еркежан

Дүниежүзінде су қоры азайған сайын, миллиондаған тұрғыны бар бірнеше аймақта жаңа қақтығыстардың туындауы ықтимал, деп хабарлайды ҚазАқпарат Euronews-ке сілтеме жасап.

Жер шарындағы су ресурстары азайып келеді, бірқатар аймақ тұщы судың қатты тапшылығына тап болуы мүмкін. Демек, қарулы қақтығыстардың зор қаупі бар. Water Peace and Security partnership (WPS) институтының сарапшылары қақтығыстың нақты қай жерде болуы мүмкіндігін болжауға тырысады.

1. Кения, Эфиопия және Сомали

Бұл елдер төртінші жыл қатарынан құрғақшылықты өткеріп жатыр. Сонымен қатар, Украинадағы жағдай аймаққа астық импортының азаюына әкеліп соқтырды, кем дегенде 18,6 миллион тұрғын дұрыс тамақтанбады. «Аймақта жалғасып жатқан немесе жаңа қақтығыстардың пайда болу ықтималдығы жоғары», - деп ескертеді WPS.

2. Оңтүстік Африка Республикасы

Көптеген ғалым аптап ыстық пен жауын-шашынның болмауы «нөлдік күннің» басталуын жақындатады деп алаңдайды. Олар Оңтүстік Африкада су қоймалары босап, қалалардың тұрғындары мүлдем сусыз қалатын күнді белгілей бастады. WPS ескертуінше, бұл аймақта да жалғасып жатқан немесе жаңа қақтығыстардың пайда болу ықтималдығы жоғары.

3. Ирак

Миллиондаған ирактықтар үшін өмірлік маңызы бар Тигр мен Евфрат өзендеріндегі су қауіпті төмен деңгейде. Мамыр айының соңында өткен жылмен салыстырғанда 60%-ға азайды. Бұл елдің ауыл шаруашылығы министрлігін суармалы жерлердегі егінді екі есе азайтуға мәжбүр етті. Ирак Түркия мен Ираннан өзеннің жоғарғы ағысынан көбірек су жіберуді сұрағанымен, оң жауап болмады.

Федералды деңгейде су ресурстарын басқару жөнінде өкімдер қабылданған, алайды жергілікті билік оларды елемей, жағдайды өз беттерінше шешуге тырысып отыр. Бұл қақтығыс қаупін арттырады. Аль-Мутанна провинциясында шілде айында жерасты шахталарының бірнеше жұмысшысына шабуыл жасалды. WPS бұған «алаңдау керек» деп есептейді.

4. Иран және Ауғанстан

Иран мен Ауғанстанды Гельмут өзені бөліп тұр. Аймақтағы шиеленіс екі елде де су қорының шектеулілігіне байланысты артып келеді. Зерттеушілердің пікірінше, ауған халқының 90%-дан астамы азық-түлік тапшылығынан зардап шегетіні де әсер етеді.

5. Пәкістан және Үндістан

Жақында Пәкістанда және Үндістанның кейбір аудандарында ірі су тасқыны болғанымен, осы жылдың басында екі ел де рекордтық ыстықты бастан өткерді. Өнімділіктің төмендеуіне байланысты Үндістан бидай экспортына тыйым салды, бұл көршілес аймақтардағы тапшылықты күшейтті. Үндістан мен Пәкістан арасындағы шекаралас аймақтарға қатысты мәселе даулы болғандықтан, аймақтағы жағдай онсыз да тұрақсыз. WPS есебіне сәйкес, аймақта жанжалдың жалғасуы мен пайда болу ықтималдығы жоғары.

0 пікір
Мұрағат