Саудияның аймақта жүргізіп отырған үш негізгі геосаяси ойыны
Саудияның аймақта жүргізіп отырған үш негізгі геосаяси ойыны
5 жыл бұрын 4301 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Саудия билігін мұнайдың мол қоры аймақта ірі ойыншыға айналдырып отыр. Яғни, Саудияның халықаралық саяси аренда ірі қадам жасауына мұнай ресурсы көп мүмкіндік беріп отырған ел. Ескерте кетейік, біз бұл материалымызда Саудияның әлемдегі ықпалы туралы емес, тынышы қашқан Таяу Шығыстағы әрекеттеріне шолу жасамақпыз. Аталмыш араб елі тек сырттай қысым көрсету арқылы ықпал етуге талпыныс жасап қоймай, сондай-ақ, өзге елдердің ішкі ісіне қол сұғу, яғни, ішінен шалу тактикасына да жиі жүгінеді. Алысқа бармай-ақ, көршілес елдерге ықпал ету тетіктеріне қысқаша тоқтала кетсек: 

Сирия 

Сириядағы соғыста Башар Асад режиміне қарсы күрес жүргізіп жатқан топтарды қару-жарақпен жабдықтап, саяси әрі қаржылай қолдау көрсетіп келеді. Нақтырақ айтқанда, Сирияның шығыс аумағының бір бөлігін бақылауда ұстаған Дейір Еззор тобының жетекшісімен өткен жылдың маусым айында Саудияның аймақ істері жөніндегі министрі Тамыр әл-Сабһан кездесті. Дейір Еззор саудиялық министрден бақылаудағы аумақты уысынан шығарып алмау үшін қауіпсіздікті күшейтуге қолұшын беруді сұраған еді. Саудия билігі Башар Асад режиміне неге қарсы? Башар Асад, бір сөзбен айтқанда, Саудияның аймақтағы бәсекелесі Иранның сөзін сөлейтін тұлға. Иранның аймақтағы ықпалын арттыруға септесетін тұлға ретінде оның биліктен кетіруді көздейді. 

Йемен 

Саудия іргесіндегі Йеменмен соғысты 2015 жылы бастады. Заңды жолмен сайланған, сүнниттік бағыттағы Хадидің хусит тайпасы тартып алған билігін қалпына келтіру үшін коалиция құрды. Аталмыш әскери одақтың құрамында Мысыр, Баһрейн, Кувейт, Судан, Иордания, Марокко және Біріккен Араб Әмірлігі бар. Саудияның іргесіндегі елге қатысты әскери жорығының түпкі мақсаты өздері мемлекеттік төңікеріс жасады деп айыптаған шиғалық хусит тайпасының билік басына келуіне жол бермеуге саяды. Иранның сойылын соғатын, өзінің ұлттық қауіпсіздігіне дәл іргесінде қауіп төндіретін күштің пайда болғанын қаламайды. 

Катар 

2017 жылы Саудия бастаған бірқатар араб елдері, атап айтқанда, Баһрейн, Біріккен Араб Әмірлігі, Мысыр, Либия, т.б. Катар билігін террористерге демеу көрсетті деп айыптап, байкот жариялады. Дипломатиялық қатынастан бастап, әуе қатынасына дейін үзіп, оқшаулап тастаған еді. Саудиядағы катарлық студенттер оқуын орта жолдан үзіп, еліне депортацияланған болатын.  Тіпті, естеріңізде болса, осыдан екі жыл бұрын сайтымыздың жаңалықтар таспасында жарияланған«Саудия билігі шектен шығып барады: Катарды аралға айналдырмақ, терроризмді желеу етіп» (сілтемесі: http://islam.kz/kk/news/alem/saudiya-biligi-shekten-shygyp-barady-katardy-aralga-ainaldyrmaq-terrorizmdi-jeleu-etip-10000/#gsc.tab=0)  тақырыбындағы жазбамызда екі ел арасында канал қаздыруға Саудия билігі тендер жариялағанын да айтып өткен едік. Саудия билігі Катарға өзінің талап-шарттарын қойғанымен Катар тарапы терроризмге демеу бергенін растайтын дәлел келтіруді сұраған болатын. Саудия билігі Катарды ықтырып алуды көздеген жоспары сәтсіз аяқталатын түрі бар. Блокадада қалып қойса да Катар мұнайы мен газын өзге елдерге жеткізудің баламалы жолдарын тапты. Естеріңізде болса, осыдан табаны күректей тоғыз ай бұрын сайтымыздың жаңалықтар таспасында жарияланған «Кеменің жанындағы қайықтай елдің қайғысы сейіліп келеді» (қараңыз: http://islam.kz/kk/news/alem/kemenin-janyndagy-qaiyqtai-eldin-qaigysy-seiilip-keledi-11961#gsc.tab=0) деген материалымызда блокада қалып қойғанына қарамастан Катар стратегиялық табиғи ресурстың мол қорына ие болуына байланысты тығырықтан жол тауып шыға алған болатын. Саудия билігі Ираннан арасын үзуді талап еткенмен (Катарға қойған талап-шарттарының бірі) Катар мұндай қадамға бара қоймайды. Иранмен арадағы ортақ табиғи газ кен орны бар. Катар Саудияның қырына неге ілікті? Өткен ғасырдың 90-шы жылдары Катар сұйытылған табиғи газ кен орнын игеруді қолға алды. Осының арқасында Катар Саудияның транзиті мен мұнай құбырына аса кіріптар болудан қалды. Яғни, біршама энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізген Катардың араб әлемінде өз клиенті пайда болды. Әл-ауқат қоры 300 млрд доллардан асатын дәулеті шалқыған ел атанған Катардағы әлемге әйгілі «әл-Жазира» телеарнасын Саудия тарапы күллі араб әлемін шарпыған «түрлі-түсті революцияға» себеп болды деп айыптады. Саудия билігінің Катарға қойған талап-шарттарының бірі аталмыш телеарнаны жабуға қатысты болды.

P&S: Саудияның аймақтағы ықпалын жүргізу бағытындағы саяси қадамдары, әлбетте, аталған елдермен шектеліп қалмайды. Кезінде талай рет жазғанымыздай, тақ мұрагерінің исі мұсылманның наразылығын тудырған палестиналықтарға қарсы мәлімдемелері, оппозициялық тілшінің Стамбұлдағы Саудия елшілігінде қастандықпен өлтірілуі, тақ мұрагерінің тақтан дәмесі бар бәсекелестерінің көзін жою үшін жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлықты желеу етіп, саяси науқан жүргізуі, т.б. Саудияның ішкі және сыртқы саяси бағыт-бағдарынан азды-көпті хабар береді.

0 пікір
Мұрағат