Кеменің жанындағы қайықтай елдің қайғысы сейіліп келеді
Кеменің жанындағы қайықтай елдің қайғысы сейіліп келеді
6 жыл бұрын 4086 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Шағын болғанымен шамшырағы жарық елдің бірі - басынан бағы таймаған Катар елі десек, қателесе қоймаспыз. Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салманның алысты көздей алмайтын  саяси көрсоқырлығы Катарды жаңа белеске шығарды. Басынан бастасақ, 2017 жылдың маусым айының 5-і күні бар-жоғы 2,3 млн-ға жетер-жетпес халқы бар Катар блокадада қалып қойды. Саудия бастаған, Біріккен Араб Әмірлігі қоштаған, Бахрейн, Мысыр секілі аймақтағы ең ықпалды елдер Катармен арадағы сауда-саттық және көлік байланысын үзіп, Катар азаматтарын өз аумағынан түре қуған болатын. Катарды халықаралық терроризмге дем берді деген айыппен. Кайр, Дубай қалаларында және Саудия астанасында білім алып жатқан катарлық студенттер оқуын орта жолдан үзіп, елге оралуға мәжбүр болды.  Катардың күні батуға таяу, көп ұзамай ел болудан қалады деген сарапшылар мен сәуегейлердің айтқаны, алайда, болмай қалды. Ең жақын одақтастары теріс айналып, блокадада қалып қойған катарлықтар мемлекеттік төңкеріс жасап, Катар әміршісі Тамим бин Хамад әл Таниді тағынан тайдыратыны туралы желдей ескен қауесет ауаға сіңіп жоқ болды. Катардағы түріктердің әскери базасы жабылған жоқ. Ол ол ма, катарлық «әл-Жазира» спутниктік хабар тарататын телеарна да жұмысын тоқтатқан емес. Блокадада қалып қойғандарын желеу етіп.  Керісінше блокада Катарды шыңдап, араб әлеміндегі ең ашық, ғаламдық процеске белсене араласатын елге айналдырды. Бұдан бөлек, блокадада қалғанына екі жыл ішінде аталған ел аумағында 32 мыңнан аса компания пайда болған. Ел экономикасының барлық саласында. Естеріңізде болса, кезінде жазғанымыздай, Катарға блокада жарияланған сәтте Саудия билігі Катарды әлемнен оқшаулап, арал мемлекет – Кубаның кебін кигізбек болып, канал қазу үшін тендер жариялаған болатын. Осы орайда мынаны айта кетпеске болмайды: саудиялықтар мен катарлықтар қазақ пен қырғыз секілді этникалық жағынан бір-біріне ең жақын халықтар санатынан, оның үстіне, діни ұстанымы да бір екі елдің. Соған қарамастан екі елдің арасындағы саяси келіспеушіліктер екі елдің арасын ашатын факторға айналған. Аталған екі ел де Иранда орын алған революциядан кейін Иранның қатеріне қарсы құрылған Парсы шығанағындағы араб елдерінің ынтымақтастық кеңесіне мүше. Десе де Саудия билігі аймақтағы бәсекелесі Иранмен арадағы байланысын үзуді талап еткен болатын. Катардан. Алайда, Саудияның бұл талабы буынсыз жерге пышақ ұрғандай болды. Өйткені, Катар мен Иранның арасында ортақ табиғи газ кен орны бар. Ол ол ма, Иран блокадада қалып қойған Катарға азық-түлік жеткізіп, қолұшын созды. Блокада өз кезегінде Иранмен Катарды тіпті жақындастыра түсті. Осылайша Саудия "түйе бойына сеніп жылдан құр қалыпты" деген мақалдың кебін кигендей болды. Блокададан Катардың қылшығы да қисайған жоқ. Катар – әлемдегі дәулеті шалқыған ең бай мемлекеттердің бірі. Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімі 124 мың долларға жете-қабыл.  Яғни, осы көрсеткіші Саудия мен АҚШ-тағы көрсеткішті екі есе орап алады. Бұған қоса, Катар әл-ауқатының  тәуелсіз қоры 300 млрд доллардан асады.

0 пікір
Мұрағат