Қытайда борышкерлерді масқаралаудың жаңа тәсілі пайда болды (видео)
Қытайда борышкерлерді масқаралаудың жаңа тәсілі пайда болды (видео)
8 жыл бұрын 2147 24.kz Е.Қашқынов, Ә.Сахип.

Қытай билігі банктерге батпандап қарыз болған борышкерлердің суреттері мен жеке мәліметтерін қоғамдық орындағы үлкен экранға шығарып, жарияға жар салып жатыр. Осылайша, шенеуніктер төленбеген несиелерді қайтарудың жаңа тәсілін қолға алды. Шанхайдың орталық вокзалындағы пойыздардың келіп-кететін уақытын көрсететін үлкен электронды табло енді жаңа қызмет түрін де атқаратын болды. Ақпараттық алып тақтада банктен алған ақшасын қайтармай жүрген борышкерлердің аты-жөні жазыла бастады. Елдегі экономикалық құлдырау берешегін өтей алмайтын жеке тұлғалар мен компаниялардың қарасын молайтты. Ресми мәлімет бойынша, мамырдың соңында қайтарылмаған қарыз сомасы 300 миллиард долларға жеткен. Бірақ, сарапшылар нақты берешек көлемі бұдан әлдеқайда көп дейді. Кесімді мерзімі өтсе де, несиесін өтеуге асықпаған азаматтардың ар-ұятын ояту үшін Қытай соттары олардың суретін, құжат нөмірін, мекен жайы мен берешек сомасын ел-жұртқа ашық көрсету туралы шешім қабылдаған. Төлемін кешіктірген 20 борышкер мен компания басшылары туралы ақпарат мониторда әр 10 минут сайын көрсетіледі. Су, жолаушы: - Меніңше, бұл дұрыс тәсіл. Борышкерлерді осылай масқаралау керек. Себебі, олардың пиғылы арам екені аңғарылып тұр. Осы әбес әрекеті үшін сазайын тартуы тиіс. Бірақ, биліктің бұл қадамын адамның жеке өміріне қол сұғу деп санайтындар да аз емес. Ли Юн жолаушы: - Толық аты-жөнін, құпия мәліметтерді жайып салу, суретін жариялау жеке өмірге құрметсіздікпен қараудың белгісі. Мәселені шешуде соттардың басқа тәсіл іздегені жөн. Бұл уақышта шара деп есептеймін. Алдағы уақытта ақылға сиярлық амал табылар. Бейжіңдегі адвокаттық кеңсенің басшысы Ник Тан борышкерлер қоғамдық ережені саналы түрде бұзып отыр, сондықтан олардың жеке өміріне араласудың еш сөкеттігі жоқ деген пікірде. Ник Танг, Адвокаттық кеңсе басшысы: - Біріншіден, олар заңды бұзып, өздері басына бәле тілеп алды. Қоғам олардың шынайы бет-бейнесін, адами болмысын танып-білуі керек. Сонда олармен әрі қарай бизнес жүргізуде сақ болуды қаперге салады. Бұл бір жағынан орынды ескерту іспетті. Табло арқылы жаһанға жария етіліп, масқара болғандар дереу телефон нөмірі мен мекен-жайларын өзгертіп, тіпті, кейбірі қарасын батыра бастапты. Билік берешегін бермей, безініп жүргендерді іздеп-табуға елден көмек көрсетуді сұрауда. Алайда, бұл өтініш әзірге нәтиже бере қойған жоқ. Өйткені, ел алдында жүзі қара болса да, қарызын қайтармай қашып жүргендер, қарасын көрсетуге асығар емес

 

0 пікір
Мұрағат