Қытай қарызының қауіптілігі неде
Қытай қарызының қауіптілігі неде
6 жыл бұрын 6453 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Қытай қарызы туралы нақты ақпарат болмаса да дамыған елдердің қарыз шамасынан кем түспейтін қарызы барын айтып жүр сарапшылар. Десе де жылдан жылға өсіп келе жатқан қытай қарызын күндердің күнінде жолындағысын жайпап кететін цунамиге немесе айсберге барып соғылатын алып кемеге, дәлірегі, «Титаникке» теңеп жүр сарапшылар. Алайда, аталған елдің қаржылық жағдайы әлдеқайда тұрақты басқа елдермен салыстырғанда, бірақ, 2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысынан кейін Қытай билігі несиелеу мөлшерін ұдайы арттырып отырудың нәтижесінде қарыз мөлшері артқан. Осы жылдың басы кезінде Халықаралық валюта қоры жариялаған есепте келтірілген дерекке қарағанда, Қытайдағы несиелеу тәжірибесі қауіпті траектория бойынша өсіп келеді. Бұл арада экономика өсімі баяулайтын болса, ел билігі қатаң шараларға баруы мүмкін. Динни Макмахонның «Ұлы Қытайдың қарыз дуалы» деп аталатын еңбегінде айтылған мәлімет бойынша 2007-2015 жылдар аралығында әлемде жаңа басылып шыққан ақшаның 63 пайызы Қытайдың еншісінде. Бұл Қытай экономикасының барлық аспектісін – үй шаруашылығынан бастап, технологиялық стартапқа дейін - қамтыған несие безгегінің нәтижесінде болған ахуал. Нәтижесінде корпоративтік қарыз бен жергілікті басқару органдарының қарызы бас айналдырар деңгейге жеткен. Нақты санға шаққанда – 18 трлн доллар немесе жалпы ішкі өнімге шаққанда 169 пайыз. Бұдан бөлек, қытай экономикасының өсу қарқыны соңғы жылдары баяулап, қор нарығы кемуде. Оның үстіне, АҚШ-пен арадағы сауда соғысы жекеменшік секторды «тақырға отырғызып» жатыр. Қытай билігі де жағдайдың жақсармайтынын, тіпті, бұдан да нашар сценариге дайын болуды ескертіп жатыр. Жуырда ҚХР мемлекеттік кеңесінің жанындағы даму проблемаларын зерделеу орталығы жетекшісінің орынбасары, үкіметтік талдау орталығының сарапшысы Ван Иминт те жағдайдың қиындайтынын жасырмады. Бұл жайында Caixin веб-сайтының парақшасында айтылған. Қытайдың аты аталған лауазымды мемлекеттік қызметкерінің айтуынша, егер АҚШ тарапы салған баж салығының мөлшері 505 млрд долларға жетсе, онда Қытайдың жалпы ішкі өнімінің өсімі 1,5 пайызға кемиді. Бұл қытайдың алға қойған мақсаты мен міндетіне кедергі келтірмек: Қытай билігі 2020 жылға дейін ел экономикасының өсімін жылына 6,5 пайыздан түсірмеу туралы алдына мақсат етіп қойған еді. Соған қарамастан Си Цзиньпин әкімшілігі жергілікті билікті баланстан тыс қаржы көздерін пайдаланудан бас тартпауға шақырып отыр. Яғни, қатерлі қадамнан тыймай отыр. S&P Global Ratings халықаралық рейтинг агенттігі Қытайдағы жергілікті биліктің қарызы 5,78 трлн долларға жеткенін айтып отыр. Бұдан бөлек, Қытай билігі жергілікті билікке дефольттан да бас тартпауға үндеп отыр. Кез келген каскадты дефольт бүкіл ел аумағында бақылаудан шығып кетуі әбден ықтимал. Бұл өз кезегінде салдары ауыр ахуалға апарып соқтырмақ. Ең бастысы, ел экономикасына қажетті сенімді үзуі мүмкін. Яғни, инвесторлар да, кәсіпкерлер де сенім жоғалған жерде ісін жүргізуден қалады. Яғни, көзсіз әрекетке бара алмайды. Қытайдағы жергілікті биліктің шектен тыс шығынға батуы әрі одан тыйылмауы әлбетте алаңдатпай қоймайды. Динни Макмахон жазғандай, «2013 жылы 3,4 млрд адамды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жаңа қалалар мен аудандар салу жоспары да жеткілікті еді, бұл Қытай тұрғындарының жалпы санынан екі есе асып түседі». Аталған елдің экономикалық проблемалары тізімінде Қытай халқының саны туралы ақпарат жұтаң. Десе де үй шаруашылығы қарызы бүгінгі таңда 15 трлн юанға немесе 2,16 трлн долларға жеткенін айта кету керек. Салыстыру үшін алсақ, бұл көрсеткіш 2011 жылғы көрсеткіштен екі есесінен де көп. 2018 жылдың тамыз айындағы мәлімет бойынша 35,6 трлн юанға жеткен ипотекалық несие мөлшерін қаперге алсақ та жетіп жатыр. Қытай билігі  автокөлік пен баспананы несиелеу арқылы ішкі тұтыну иен инвестиция мөлшерін арттыруға күш салған еді. Десе де қарыз бен тұтыну мөлшерінің арасындағы жер мен көктей айырмашылық ел экономикасына қауіп төндіре бастады. Ресми дерек көздері келтірген мәлімет бойынша елдегі тұтыну несиесі осы жылы 21 пайызға артқан, ал бөлшек сауда өсімі рекордтық деңгейге төмендеген – 9,4 пайызға дейін. «Экспанциялық агрессивті тұтыну несиелеу тәжрибесі үй шаруашылығының тұтыну деңгейін көтере алмады. Тұтыну несиесі өз шыңына жетсе де тұтыну мөлшері артпады. Бұл тұтыну несиесінің тұтынуға жұмсалмайтынын көрсетіп берді»,-деп жазыпты Industrial Bank экономисі Лю Ченвэй таяуда. Соған қарамастан банк қызметін әрі сақтандыру қызметін реттеу жөніндегі комиссия банктер мен қаржы мекемелерін тұтыну несиесі саласындағы бизнесін тоқтатпауға үндеп отыр. Туризм, білім беру, денсаулық сақтау, қарттарды күтіп-бағу, т.б. секілді тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге халық төлем жасай алуы үшін.

0 пікір
Мұрағат