Өлген жәндік үшін 40 жыл бас бостандығынан айырылуы мүмкін
|
Александр Игнатенко есімді ресейлік азамат отанынан жырақта жәндік үшін тұтылып, қолына кісен салынды. Бұған жат жерде жазықты болған жанның жәндіктерге деген әуесқойлығы себеп болды. Шалғайдағы Шри-Ланкіде ұлттық парктердің бірінде серуендеп жүріп, табиғатта сирек кездесетін жәндіктердің өлексесін жинаған екен. Артынан қонақ үйдегі бөлмесінде оларды таспаға тартып алып, интернетке жүктемек болған. Десе де ол Азияның түкпіріндегі арал мемлекеттің қатал заңынан хабарсыз болып шықты. Яғни, табиғатта сирек кездесетін жануарлар мен жәндіктерді иемденуге әрі саудалауға қатаң тыйым салынған. Жергілікті полиция қызметкерлері ол жатқан мейманханадағы бөлмеге тінту жүргізіп, өлген жәндіктерді және әуесқой зоологтың камерасы мен телефонын заттай айғақ ретінде тәркіледі. Жер-көкті жайлаған жұқпалы індетке байланысты оны кепілдікпен босатты. Алайда, карантин режимі біткен соң қайта абақтыға жабылады, яғни, уақытқа оқшаулау изоляторына қамалады. Десе де әлемнің кей аймағында экзотикалық өсімдіктермен, құстармен және жәндіктермен саудасы қызатын қара базарлардың барын жоққа шығаруға болмайтынын алға тартып отыр сарапшылар. Табиғатта аса сирек кездесетін қоңыздардың өзі бірнеше мың долларға бағаланатын ондай нарықтың айналымы туралы нақты статистикалық дерек жоқтың қасы. 2012 жылы аталған елде экзотикалық гүлдерді жұлып, жинағаны үшін тағы бір ресейлік азамат тұтқындалған еді. Оған жергілікті сот үкімімен 9,5 мың доллар айыппұл салған. Айыппұлдың дені табиғатта сирек кездесетін гүлді жұлғаны үшін салынғанын айта кету керек, Ал билік өкілі болып табылатын тәртіп сақшысына ұстау кезінде қарсыласқаны үшін 150 доллар айыппұл салынған болатын. Осы орайда Шри-Лакнкіден бөлек, оңтүстік-шығыс Азия елдерінде бізге ақылға сыймайтын немесе көңілге қонбайтын деңгейде заңы қатал келеді. Әсіресе, жергілікті заңнамадан хабары шамалы туристер тұтылып жатады. Ал біз сөз етіп отырған Шри-Ланкіде, тіпті, будда монахтарын суретке түсіруге де, оларға саусақ ұшын тигізуге де қатаң тыйым салынған. Ал бірқатар араб елдерінде өсімдік өспейтін қу медиен даласындағы бір уыс топырағына дейін көзінің қарашығындай қорғайды. Яғни, шекарадан өткізбейді. Тегін берсе де саған қажеті жоқ сондай дүниелер үшін, яғни, тәбәрік ретінде ала кететін туристер де сақ болғаны керек. Десе де мынаны тағы бір мәрте естеріңізге сала кетсек: әлем бойынша тұқымы тұздай құрып бара жатқан, яғни, Қызыл кітапқа енгізілген жануарлар мен жәндіктерді аулауға, өлтіруге, саудалауға, иемденуге тыйым салынады. Мұны не үшін жазып отырмыз. Жаз мезгілінде әлемнің әр түкпіріне саяхаттайтын туристер қарасы артады. «Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» деген мәтелді жадыңызда ұстаңыз - қай елге барсаңыз да сол елдің заңы мен салтынан алдын ала хабардар болуыңыз керек. Ол жақта тұтылмас үшін.