Ресей Федерациясының премьер-министрі Дмитрий Медведев Сахалин облысындағы Куриль аралдарына ат беру туралы үкіметтің қаулысына қол қойды. Алайда бұл әрекет жапон билігіне ұнап отырған жоқ. Осыған байланысты Жапонияның Министрлер кабинетінің Бас хатшысы Ёсихидэ Суга наразылық нотасын жолдады.
Куриль аралдары жапондарға қайтарыла ма?
|
«Бұл екі ел арасындағы қарым-қатынасқа сызат түсіреді. Біз бұл әрекетті әділ әрі тура жасалған шешім деп айта алмаймыз. Сондықтан Ресейдің Сыртқы істер министрлігіне наразылығымызды білдіріп, арнайы ресми хат жолдадық», – деді Жапонияның Министрлер кабинетінің Бас хатшысы Ёсихидэ Суга.
Бірақ оған қарап отырған Ресей тарапы жоқ. Үкімет басшысы Медведевтің арнайы қаулысымен Сахалин облысының Куриль аралдарындағы түбектер генерал-лейтенант Кузьма Деревянко және Алексей Гнечко, дипломат Андрей Громыко, губернатор Игорь Фархутдинов және теңіз капитаны Анна Щетининаның есімімен аталатын болады.
Әрине, Жапонияның да наразылығын түсінуге болады. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған тұста КСРО билігі Жапонияны жеңгеннен кейін Сахалин облысындағы бес аралды жапондықтарға қайтармай қойғаны белгілі. Содан бері 70 жылдан астам уақыт өтсе де аталған аралдар күншығыс елінің құзырына өтпей, оған Ресей тарапы қожайындық жасап келеді. Екі ел арасында әлі күнге дейін даулы мәселеге нүкте қойылған жоқ.
Қайта басталған дауға қатысты Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков та өз көзқарасын білдірді.
«Біз екі ел арасындағы қарым-қатынасты жақсартуға бар күшімізді саламыз. Куриль аралдарына ат беру жағдайды нашарлатады деп айта алмаймыз. Екінші дүниежүзілік соғыстың нәтижесі бойынша Сахалин облысындағы бес арал Ресейге тиесілі, демек бұл жер біздің меншігімізде қала береді. Сондықтан, Ресей үкіметі өз территориясындағы кез келген елдімекенге немесе арал мен түбекке атау беруге егемендік тұрғыдан құқы бар», – деп мәлімдеді Ресей президентінң баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.
Жапонияның премьер-министрі Синдзо Абэ Ресеймен арадағы көп жылға созылған Куриль аралдарына қатысты дауды реттегісі келетінін айтып, бірнеше рет мәлімдеме жасағаны да белгілі. Куриль архипелагы Жапонияның Хоккайдо аралынан солтүстікке қарай орналасқан.
Премьр-министр Абэның пікірінше, бұл территориялық дауды шешу Оңтүстік-Шығыс Азиядағы тұрақтылыққа оң әсер етеді. Осы уақытқа дейін Куриль аралдарын екі елдің бірлесіп пайдалануы туралы да мәселе көтерілген. Бірақ, осы күнге дейін Ресей тарапы бұл мәселеге көнбей отыр. Сахалин облысындағы аталған аралды ресми Мәскеу өз меншігі ретінде таниды. Жапон жағынан бұл даулы территория жиі көтерілгенімен, оны күншығыс еліне қайтару мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ.
Алдағы уақытта жағдай қалай болмақ? Дәл осы мәселеге қатысты таяу күндерде болатын G20 саммитінің аясында осы Оңтүстік Куриль аралдарына қатысты мәселе кеңінен сөз болмақ. Кейбір сарапшылар Бонндағы келіссөзде ынтымақтастықтың заңдық базасының алғышарты жасалынады деп отыр. Бұл орайда Жапония мен Ресейдің Сыртқы істер министрлері Фумио Кисида мен Сергей Лавров келіссөз жүргізбек. Бірақ, оған дейінгі алғашқы кездесу 14 наурызда өткізіледі деген болжам бар.
Алайда, ресейлік сарапшылар «Жапонияның аралдардың атауына қатысты наразылық нотасынан қорқудың еш қажеті жоқ. 2010 жылы Дмитрий Медведев президент болған тұста ол Куриль аралдарына барғаны белгілі. Сол кезде жапондық тарап қатты наразылығын білдіріп, Ресейдегі жапон елшісін кері шақырып алған. Одан қарым-қатынасқа сызат түскен жоқ. Бұл дипломатияда болатын қалыпты процесс. Қазір екі ел арасында жағдай тұрақтанды» деп отыр.
УИКИПЕДИЯ АНЫҚТАМАСЫ: Куриль аралдары — Охот теңізі мен Тынық мұхит аралығындағы аралдар тізбегі. Ресей Федерациясының Сахалин облысы аумағында, Камчатка түбегіндегі Лопатка мүйісінен Хоккайдо аралына дейін 1200 шақырымға озылған. Біршама ірі 36 және 20-дан астам ұсақ аралдан, көптеген жартастардан тұрады. Жалпы ауданы 15,6 мың шаршы шақырым. Курил аралдары – Үлкен және Кіші Курил қырқаларының су бетіне шығып жатқан бөлігі. Кіші Куриль қырқасы Тынық мұхиттағы Витязь су асты жотасына ұласады. Үлкен Курил қырқасының аралдары, негізінен, жанартау әрекетінен пайда болған. Әр арал жеке жанартаудан немесе табандары бір-бірімен тұтасып кететін жанартаулар тізбегінен тұрады. Орташа биіктігі 500-1000 м. Ең биік жері – Атласов аралындағы Алаид жанартауы (2339 м). Кіші Куриль қырқасының аралдары аласа. Куриль аралдарында 160-қа тарта жанартау бар, оның 38-і әрекетті. Жиі қайталанатын зілзалалар аса биік жойқын толқындарды – цунамиді туғызады. Климаты муссондық, қоңыржай салқын. Ең суық ақпан айының орташа температурасы –7°С. Тамыздың орташа температурасы солтүстікте 10°С-тан оңтүстікте 17°С-қа дейін, жылдық жауын-шашын 600–1000 мм аралығында. Өзендерінің суы мол, көлдері көп. Солтүстікте тау тундрасы және жатаған самырсын мен қандыағаш бұталары таралған. Оңтүстік аралдарда бамбук тоғайлары, аралас және жалпақ жапырақты ормандар өседі. Балық аулау кәсіпшілігі, балық өндеу өнеркәсібі бар. Кунашир аралында қорық орналасқан. Басты елді мекендері: Курильск, Солтүстік Курильск. Жапония мемлекеті оңтүстіктегі 4 аралға (Итуруп, Кунашир, Шикотан және Хабомаи) иелікке таласуда. Өйткені, бұл аралдарды КСРО мемлекеті 1945 жылы соғыс аяқталған тұста өзіне күштеп қосып алғаны белгілі.