Жалдамалылар жендетке айналуы мүмкін...
Жалдамалылар жендетке айналуы мүмкін...
7 жыл бұрын 3177 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Ресей Федерациясының билігі жекеменшік әскери компаниялардың қызметіне қатысты заң жобасын мақұлдамады. Бұл жайында «Интерфакс» ақпарат көзі министрлер кабинетіне сілтеме жасай отырып, хабар таратты. Ресей билігі мұндай заң жобасына неге қолдау көрсетпеді? Біріншіден, аталмыш заң жобасы әскери ұйым құруға бағытталған кез келген қоғамдық бастамаларға, бірлестіктерге, т.б. тыйым салатын ел конституциясының 13-ші бабына қайшы. Екіншіден, негізгі заңның (конституцияның) 71 бабында қорғанысты, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сыртқы саясатты және халықаралық қатынастарды реттеу тек мемлекеттің меншігіндегі жауапты іс екені айтылған. Айта кету керек, бұл заң жобасын тек министрлер кабинеті ғана емес, сонымен қатар, бұрын қорғаныс, қаржы, ішкі істер, әділет министрліктері, сондай-ақ, Росгвардия, Федералды тергеу бюросы, өзге де күштік құрылымдар мен бас прокуратура қолдамаған еді. Бұл заң жобасын тықпалаудың қажеті қанша еді? Биыл, яғни, 2018 жылдың қаңтар айында «Әділетте Ресей» деп аталатын партия жетекшісі Сергей Миронов және тағы басқа шенділер мемлекеттік думаға жекеменшік әскери және әскери-күзет ұйымдарын құруға, қайта құрылымдауға, таратуға қатысты заң жобасын енгізген болатын. Жекеменшік әскери ұйымдардың мақсаты ретінде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге атсалысуын, Ресей мүддесіне әскери және күзет қызметін пайдалануын, Ресейден тысқары жерде әскери жәрдем көрсету, т.б. көрсеткен екен. Сондай-ақ, заң жобасының авторлары мұндай ұйымдардың шетелде қызметін сәтті жүзеге асырып отырғанын да келтіріпті. Нақтырақ айтқанда, әлемнің 110 мемлекетінде мұндай ұйым бар және олардың нарықтағы үлесі жүздеген миллиардқа жетіп жығылады. Жалдамалылар жендетке айналуы мүмкін дейтінімз, Ресейде онсыз да казачествосы бар, басқасы бар, мұндай ұйымдарға қажеттілік жоқ. Мұндай ұйымдар заңдастырылса, ертең олар мемлекет атын жамылған баскесерлерге айналмасына ешкім кепілдік бере алмайды. Сол себепті, ресейлік күштік құрылымдар өздерімен бәсекелес мұндай ұйымдарға рұқсат беріп, көз жұмып қарап отыра алмайды. Ксенофобия өршіп тұрған Ресейдің имиджі онсыз оңып тұрған жоқ. Әсіресе, Украинадағы жағдайдан кейін.

0 пікір
Мұрағат