Жаһандық жылынудың тағы бір салдары анықталды
|
Қытай ғалымдары мен Ұлыбританияның Мет-офис (Метеобюро) мамандары жаһандық жылынудың жаңа салдарын анықтады. Бұл жайында islam.kz порталы Science мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Аталған дерек көзінде жарияланған зерттеу нәтижесіне сәйкес адам тудыратын (адамзаттың әсерімен, соның ішінде, өнеркәсіп, көлік, мал шаруашылығы, қазбалы отын өндірісі, т.б.) атмосфераға бөлінетін парникті газдар жер шарының 75 пайызында жауын-шашынның өзгермелілігін, яғни, құбылмалығын арттырған. Жауын-шашынның өзгермелілігі жаңбырдың уақыты мен мөлшері бойынша біркелкі бөлінбеуімен, дәлірегі, жаумауымен сипатталады: салдары құрғақшылыққа, жауын-шашынның төтенше оқиғаларына және су тасқынына әкеледі. Жауын-шашынның құбылмалылығы климат дағдарысын одан ары тереңдетеді. Бір тәулікте жауын-шашынның өзгеру жиілігі бүкіл әлемде соңғы он жылда 1,2 пайызға өскен; бұл тенденция 1950 жылдан кейін айқынырақ сипат алған екен. Бұл құбылыс кейбір жерлерде жылдық жауын-шашынның қысқа мерзімде жауатынын және құрғақшылық ұзаққа созылған аймақтарда керісінше қалың нөсердің жаууынан көрініс табады. 1900 жылдардан бастап жауын-шашынның өзгермелілігі Еуропада, Австралияда және Солтүстік Американың шығысында анық байқалыпп отыр. Жауын-шашынның өзгермелілігінің артуы негізінен ауа температурасы мен ылғалдылықтың жоғарылауына, сондай-ақ, жауын-шашынның қарқынды болуына әкелген парникті газдардың атмосфераға бөліну мөлшеріне байланысты. Өнеркәсіптік төңкерістен бері жер Целсия бойынша 1,5 градус жылынды; ал бұл жайт атмосфераның төменгі қабатындағы су буының мөлшерінің 10 пайызға артуына ықпал еткен.