Жаһандық жылыну азық-түлік тапшылығын тудырып, бағасының көтерілуіне себеп болмақ
Жаһандық жылыну азық-түлік тапшылығын тудырып, бағасының көтерілуіне себеп болмақ
4 жыл бұрын 3601 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

Жаһандық жылыну мен оның салдары, дәлірегі, климат өзгерісі қуаңшылық пен құрғақшылық жайлайтын аудандардың аумағын ұлғайтып қоймай, кей аймақтарда сел мен тасқынға түрткі болуда. Осыған байланысты ауыл шаруашылығына жарамды құнарлы жерлердің бір бөлігі шөл мен шөлейтке айналып жатыр, енді бір бөлігі су астында қалуда. Бүгінде әлемнің көптеген елі жаһандық жылынуға себеп болып отырған атмосфераның ластануымен, дәлірегі, атмосфераға зияндық қалдықтардың бөлінуімен күресіп жатыр. Бұдан бөлек, осы заманғы технологияның көмегімен атмосфераны көмірқышқыл газынан тазарту жолдарын іздестіріп жатыр. Мұндай технологиялар да өндіріс пен энергетика және сумен қамтамасыз ету жүйелеріне салмақ салатындықтан әлемдік азық-түлік бағасының көтерілуіне түрткі болмақ. Париж қаласында қабылданған климат өзгерісіне қатысты жаһандық жылынуды тежеу шаралары, соның ішінде атмосфераға бөлінетін зиянды қалдықтарды нөлдік деңгейге түсірудің өзі аздық етеді. Ғалымдар бұған қоса атмосфераны көмірқышқыл газынан тазартуға назар аударуға шақырып отыр. Жоғарыда айтып өткеніміздей, атмосфераны зиянды қалдықтардан тазарту технологиясы аталған жүйелерге салмақ салатындықтан азық-түлік бағасы 5-6 есе артады. Бүгінде атмосфераны көмірқышқыл газынан тазартатын бірнеше технологиялық тәсіл бар. Олардың бірі – BECCS деп аталатын көміртегін аулайтын әрі сақтайтын биоэнергетикалық тәсіл. Аталмыш тәсіл көмірқышқыл газын сіңіретін өсімдіктерді өсіріп, артынан оны электрге айналдыруды ұйғарады. Яғни, көмірқышқыл газын сіңірген өсімдіктерді өртеу арқылы электр қуаты алынады. Көміртек жанған кезде атмосфераға бөлінбесі үшін ауланады әрі арнайы резервуарда сақталады. Алайда, бұл тәсілдің кемшілігі сонда – мұндай өсімдіктерді өсіру үшін ұлан-ғайыр алқап керек, бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығына пайдаланатын жердің аумағын тарылтады. Екінші тәсіл DAC технологиясын қолданумен байланысты: ол көмірқышқыл газын атмосферадан тікелей жолмен сорып алуға негізделген. Аталмыш технология белгілі бір деңгейде оңды нәтижесін беріп үлгерді. Десе де ғалымдар қуануға әлі ерте екенін айтып отыр – аталмыш технологияның ауыл шаруашылығы мен сумен қамтамасыз ету жүйесінің кей аспектілеріне теріс әсерін тигізуі мүмкін екенін алға тартып отыр. Мұндай технологиялар жаппай енгізілетін болса, ол өз кезегінде энергия және су ресурстарын орасан зор мөлшерде қажет ететін болады. Мәселен, біз сөз еткен DAC қондырғысы жылуды көп қажет етеді – яғни, ағымдағы пайдаланылатын әлемдік табиғи газдың 115%-на тең. Бұдан бөлек, бүгінгі таңда әлемдік электр энергиясын өндіруге кететін судың 35%-ын қажет ететін болады. Егер бұл технология қолданылса, бұл жайт өз кезегінде жүгері, арпа, күріштің бағасының көп көтерілуіне түрткі болмақ. Осы мәселе төңірегінде азылған баяндамада келтірілген мәліметке қарағанда, бұл технология қолданылса, оның зардабы әлемнің әр аймағында түрлі деңгейде көрініс табады: Африка құрлығындағы елдерде азық-түлік бағасы 2050 жылы бес есе - 600%-ға, ал Пәкістан мен Үндістанда және Азияның көптеген өзге елдеріне үш есе артса, бұл көрсеткіш Еуропа мен Оңтүстік Америкада екі есені құрайды

0 пікір
Мұрағат