«Исламды мойындағысы келмесе де шариғатты қолдануға мәжбүр"...
«Исламды мойындағысы келмесе де шариғатты қолдануға мәжбүр"...
3 жыл бұрын 1744 Материалды көшіріп басқан кезде islam.kz порталына гиперсілтеме берілуі міндетті

Үндістанда қызметкерлері мен жұмысшылары тек бірыңғай әйелдерден тұратын жаңа зауыт ашылайын деп жатыр. Осы заманғы технология жетістіктерін адамзатты толғандырып отырған климат өзгерісіне қарсы қолдануды алдына мақсат етіп қойған Ola Electric Mobility компаниясының аталмыш зауыты 2022 жылы жыл сайын 10 млн электрмен жүретін самокат шығаруды көздеп отыр. Бұл көрсеткіш электросамокаттың әлемдік өндірісінің 15 пайызын құрайды.  Алайда, бұл зауытта бірде-бір еркек кіндікті болмайды. Бұл жайында islam.kz порталы Bloomberg іскерлік ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Кришнагиридегі Futurefactory зауытының құрылысы 330 млн долларға бағаланып отыр. Тиісті әрі құзыретті орындардан өндіріске рұқсат алған соң әр екі секунд сайын самокат шығаратын болады. Осы мақсатта аталған кәсіпорында 10 мыңнан аса әйел мен үш мың робот жұмыс істейтін болады. Ola Electric Mobility түпкі есебінде самокаттан бастап жеңіл автокөлікке дейін электрмен жүретін барлық көлік түрлерін шығаруды жоспарлап отыр. Аталған компания жетекшісі Бхауиш Аггаруалдың айтуынша, Futurefactory — тек әйелдер жұмыс істейтін әлемдегі бірден-бір автокөлік өндірісі. Осылай деген ол әйелдерге жұмыс тауып беру арқылы қоғамның негізгі іргетасы саналатын отбасының әл-ауқатын жақсартып, күллі қоғамның дамуына септігін тигізуге болады деп есептейді. Десе де бұл арада айтылмай кеткен бір фактор бар, Үндістан әйелдерді зорлау статистикасы бойынша көш бастап тұрған ел. Әлем бойынша әйелдерге ең қауіпті ел рейтингісінде алғашқы орында тұрған елде 2012 жылы мұндай қылмысқа барғандарға қолданылатын жазаны заң жүзінде қатаңдатқанымен, өкінішке қарай, әйел зорлау оқиғасы әлі өршіп тұр. Бір ғана 2017 жылы Үндістанда 36 600-ден аса әйел зорланған. Яғни, күн сайын 90-нан аса әйел зорланады. Ал әйелдерді зорлауға қатысты қылмыстық жауапкершілік қатаңдатылған заң қабылданған жылдың келесі жылында (2013) 95 мыңдай әйел зорланған. 2019 жылы бұл көрсеткіш 145 мыңнан асып кеткен. Байқасаңыздар, жылдан жылға аталмыш қылмыстың деңгейі артып бара жатыр. Осыған байланысты әйелдердің қауіпсіздігі бұл елде өте өзекті мәселеге айналған. Тек бірыңғай әйелдер жұмыс істейтін зауыттың ашылуының астарында, міне, осындай айтыла бермейтін қат-қабат проблема жатыр. Ерлердің сұқ көзінен сақтану үшін мұндай жоба бірыңғайда бөгде ерлер мен әйелдерге қатысты шариғи талаптарды еске түсіреді. Ең басты сауалға келейікші, Үндістанда әйел зорлау неге кеңінен етек алған? Біздің пайымдауымызша, ұл балаға артықшылық беретін азиялық ментиалитетте жатыр - Қытай мен Үндістандағы және оңтүстік-шығыс Азия елдеріндегі ер-азаматтарға осыдан он жыл бұрынғы мәлімет бойынша 100 млн әйел жетіспейді. 2019 жылы Үндістанның Уттарақан штатының бір ауданына қарасты 132 ауылдық елді-мекенде 2160 перзент дүниеге есігін ашқан екен, алайда, олардың арасында бірде-бір қыз тіркелмеген. Көбінесе қыз бала босанса, оны бірден өлтіріп тастайды немесе құрсағында тұгшықтырады (УЗИ арқылы білсе). Я болмаса тіркетпейді. 

 

0 пікір
Мұрағат