Иранның не "бүк", не "шік" түсетін кезі жақындап қалған сияқты...
|
АҚШ ядролық бағдарламасына байланысты Солтүстік Кореяны райынан қайтарғаны секілді Иранды да біржақты қылуды мықтап қолға алғаны өз нәтижесін көрсететін күн алыс емес секілді. АҚШ-тың Иранның ядролық бағдарламасына қатысты мәміледен шығуы әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарында әлі күнге шаңы басылмаған тақырыпқа айналған. Бұдан бөлек, сарапшылардың да әлі күнге талқылап келе жатқа тақырыптардың бірі осы Иранның ядролық бағдарламасынан АҚШ-тың шығуына байланысты әлемдегі геосаси ахуалдың қай бағытқа бет алатыны турасында болып отыр. Бұл тақырып Иран не жеңіліс тапқанда, не өз дегеніне жеткенде ғана барып бір-ақ басылады. Иран-Израил қатынасы, Иран мен Саудия арасындағы аймақтық мүдде қақтығысы, Иранның Шам жеріндегі саяси жүрістері және әскери қимылдары, Иранға салынған санкцияға байланысты орын алған әлеуметтік жағдайдың қиындауына төзбеген халықтың толқуы, т.б. осылай жалғасып кете береді. Дональд Трамптың Иранды экономикалық тұрғыдан әлемнен оқшаулап, тұмшалап, тұншықтыру тәсілі өз жемісін бере бастады. Иранның ұлттық валютасы құнсызданып, бір долларға шаққандағы бағамы 90 мың риалға жеткен. Ұлттық валютаның құнсыздануына байланысты халық наразылық шеруіне тағы шықты. Халықтың талабы белгілі: орасан зор шығынды қажет ететін Шам жеріндегі әскери жорықтан билікті бас тартқызу. Әзірге Иран билігі сыртқы қысымға да, ішкі жағдайға да мойымай отыр. Десе де бұл - уақыт еншісіндегі мәселе. Бұдан бөлек, АҚШ-тың Иран ядролық бағдарламасына байланысты мәміледен шығуына орай еуропалық инвесторлар бұл елден жаппай кетіп жатыр. Естеріңізде болса, осыдан бірер күн бұрын бұл тақырыпқа кеңінен тоқталған болатынбыз. Десе де Иран билігі Қытайға үміт артып отырғанын айта кету керек. Қытайдың АҚШ-пен сауда соғысы және энергетикаға қажеттілік екі елдің арасын жақындастырып отырғаны да жасырын емес. Яғни, еуропалық инвестицияның орнын осы Қытай толтыратынына сенімді. Әлбетте, Иранға салынған санкцияны Қытай едәуір жұмсартуы мүмкін. Алайда, саяси амбициясына байланысты күннен күнге кері кеткен Иран экономикасын Қытай құтқарып қала алмасы анық. Неге дейсіз ғой, Қытай ешуақытта батыстық инвесторлардың орнын баса алмайды. Өйткені, Иран батыстың осы заманғы, алдыңғы қатарлы, жоғары технологиясынсыз өзінің мұнай шикізаты инфрақұрылымын қалпына келтіре алмайды және мұнай өндірісі шығынын төмендете алмайды. Бұдан бөлек, жығылғанға жұдырық болып, ОПЕК-тің мұнай өндірісін арттыру жөніндегі бір шешімге келгені де Иранның иығына ауыр салмақ салып отыр. Сарапшылардың сөзіне қарағанда, мәмілелерін доллармен немесе еуромен бекіткен аса ірі қытай компаниялар да АҚШ пен еуропалық елдердің қас-қабағына қарайды - ең алдымен өз бизнесін ақсатып алмау жағын ойлайды. Өйткені, АҚШ-тың Иранға салынған санкциясы қытайлық компанияларды да айналып өтпейді. Қазіргі уақытта Иран тәулігіне шамамен 2,62 млн баррел мұнай экспорттап отыр. Иранның Financial Tribune деп аталатын экономикалық басылымы таратқан хабарға қарағанда, Иран мұнайының 38%-ы еуропалық елдерге экспортталады. Иран мұнайының экспортының кемуі аталған елдің валюталық резервін кемітеді. Бұл өз кезегінде Иранның міндеттемелер бойынша төлем қабілетін төмендетеді. Иран үшін тағы бір жағымсыз жаңалық Үндістанның энергетикалық тәуелділікті азайту бағытында жасап жатқан қадамында жатыр. Энегретика секторындағы өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қолдан келген шараны қабылдайтыны турасындағы Үндістанның сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Рабиш Құмардың мәлімдемесінен Ираннан экспортталатын мұнайды азайтатынын аңғаруға болады.