|
Христиандықтың таралу қарқыны исламнан көп артты қалып қойған
|
Cоңғы жылдары христиандықтың таралу қарқыны исламмен салыстырғанда көп артты қалып қойған. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде Gordon-Conwell Theological Seminary’s Center for the Study of Global Christianity ұйымының баяндамасында келтірілген дерекке жөн сілтеген Christian Today ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Бұл бағыттағы зерттеу нәтижесіне сәйкес күллі әлем бойынша христиандар саны артып келе жатқанын көрсеткен. Дегенмен, исламның таралу қарқынымен салыстырғанда едәуір төмен. Lifeway Research мәліметіне қарағанда, христиандар қарасы жыл сайын шамамен 0,95%-ға артса, мұсылмандар саны жылына 1,57%-ға өсіп отыр. Бүгінде исі мұсылман 2 млрд адамнан асқан. 2075 жылға таман бұл көрсеткіш 3,4 млрд адамға жетуі ықтимал. Осылайша христиандық пен исламның таралу қарқыны арасындағы алшақтық артып барады. Христиандар қарасы ең көп құрлық Еуропада қазіргі уақытта христиандар саны 553 млн адамнан аспай қалған. Яғни, жыл сайын 0,41%-ға кеміп отыр. Солтүстік Америкада 275 млн-ға тарта христиан бар, алайда, жылына 0,16%-ға азайып келеді. Христиандықтың алтын бесігі саналатын, яғни, тарихи тамыр тартқан Таяу Шығыс аймағында 1900 жылы христиандар саны осы өлкедегі халықтың санына шаққанда 12,7% болса, 1970 жылдары христиандар үлесі 6,1%-ға азайып, ал бүгінде 4,2%-дан аспай қалған. Бұл құбылысқа ең алдымен урбанизация процесі кері әсерін тигізген. Соңғы бір ғасырда миллионнан астам халқы бар қалалар саны 20-дан 670-ге дейін өсті. Бұл ретте мұндай мегаполистерге христиандардан бөлек наным-сенімі өзге ұлт өкілдері кптеп шоғырланған. Қазір әлемнің негізгі қалаларының 60% -дан астамы христиандар азшылық орналасқан аумақтар болып саналады, ал 125 жыл бұрын мұндай қалалардың төрттен бірінен аспаған еді. Миссионерлік қызмет пен Інжіл аудармасының дамуына қарамастан, ғаламшар халқының төрттен бірінен астамы әлі де болса христиандыққа қатысты материалдарға қол жеткізе алмайды. Зерттеушілердің бағалауынша, 2,3 миллиардқа жуық адам немесе әлем халқының 27,7% қол жеткізе алмай отыр. Бұл ретте христиандардың 20% -дан азы христиандармен жеке таныс емес.