Феминистер өз мешітін ашты
Феминистер өз мешітін ашты
8 жыл бұрын 3043

Дания астанасы – Копенгаген қаласында Мариям атындағы әйелдер мешіті өз жамағатына есігін айқара ашты. Бұл жайында «info-islam.ru» агенттігі «politeka.net» порталына, ал аталмыш сайт «The Local» ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып хабар таратты. Бұл мешітке  Шерин Ханхан есімді әйел имам болды. Оның айтуынша, әйелдер осынау жоба арқылы өздерін ер-азаматтардан кем еместігін көрсете алады. Яғни, феминистік жобаның осы мақсатта қолға алынғанын жасырмады. Сондай-ақ, ол мешіттерде ер-азаматтарға артықшылық берілгенін және патриархалдық қарым-қатынас салтанат үстемдік ететінін жеткізді. Осылай дей келе ол ажырасу процесін жеңілдету үшін күш-жігер жұмсайтынын да жайып салды. Копенгаген университетінің профессоры Меһмет Үміт Нежеф имам әйелдің бұл бастамасын қолдайтынын білдіріп, оның бұл қадамын «исламды модернизациялауға бағытталған» деп бағалады. Ал Даниядағы тағы бір имам Уасим Һұсейн  Шерин Ханханның діни білімінің таяз екенін тілге тиек етті. Ол әйелдердің ер-азаматтардан бөлініп, бүйректен сирақ шығарғанына қарсы. Сонымен қатар, Дания мұсылмандар жамағатының аталған мешітті мойындамайтынын мәлімдеді.

0 пікір
Мұрағат