Еуропа елдері мен Жапонияда еңбекке қабілетті халық саны азайып барады
Еуропа елдері мен Жапонияда еңбекке қабілетті халық саны азайып барады
4 ай бұрын 527 24.kz

Демографиялық дағдарыс еңбек нарығындағы ахуалды ушықтырып тұр. Еуропадағы жағдай соған мысал, деп хабарлайды 24kz.

Мұнда халық тез қартайып барады. Жастар жағы балалы болуға асықпайды. Сөйтіп, жұмыс істейтін адамдар азайған. Жапонияда да дәл солай. Демографиядағы түйткілдер жапон экономикасына кесірін тигізуде. Салдарынан күншығыс елі,,,әлемнің үшінші экономикасы атағынан айырылды. Оны Германия басып озған. Германия басып озғанымен, мұнда да кадр тапшылығы өзекті мәселенің бірі емес пе? Салдарынан 2027 жылға таман неміс елінің экономикасына 74 миллиард еуро шығын келуі мүмкін деген болжамдар жасалынып отыр.  

Жапонияда маман тапшылығына демографиялық дағдарыс себеп

Жапонияда кадр тапшылығы – өзекті мәселенің бірі. Әсіресе, технологиялық сектордағы ахуал күрделі. Бағдарламашылардың жетіспеуі ел экономикасын цифрландыру процесін тежеп отыр. Мемлекет жартылай өткізгіштер өндірісі бойынша алдыңғы қатарға шығуға ниетті. Бірақ, мұнда да білікті маман аз. Сектордағы кадр тапшылығы кейінгі 5 жылда 5 есе өскен. Еңбек нарығындағы мұндай күрделі жағдайға демографиялық дағдарыс себеп. Жапонияда бала туу көрсеткіші ең төмен деңгейде. Ал қарт кісі көп. Демек, еңбекке қабілетті халық саны азайып барады. Технологиялық компаниялардың басшылары жалақыны көтеру арқылы мәселені шешуге тырысып жатыр. Бірақ, Күншығыс елі еңбекақы деңгейі бойынша әлемнің өзге дамыған мемлекеттерінен артта қалып отыр. Кейінгі 30 жылда көрсеткіш аса қатты өзгермеген. Салыстыру үшін айтсақ, Германияда ол екі есе өскен. Бұдан бөлек, кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін зейнеткерлердің қайта жұмысқа шығуына көп көңіл бөлінуде. Мысалы, былтырдан бері жасы 65-тен асқан азаматтарды жұмысқа қабылдаған компанияларға субсидиялар беріледі. Ал қорғаныс саласында маман тапшылығы мәселесін жасанды интеллект көмегімен шешуге ниетті. Ведомство адамдарды роботтандырылған жүйеге алмастырып, түрлі дрондар сатып алу жөніндегі жоспарын іске асырып жатыр.  

Еуроодақта еңбекке қабілетті халық саны азайып барады

Халықтың тез қартаюы – Еуроодақ үшін де өзекті мәселе. Бала туу көрсеткіші төмен межеде. Содан мұнда да еңбек нарығындағы ахуал қиындап барады. 2012 жылдан бері еңбекке қабілетті адамдар саны 269 миллионнан 264 миллионға дейін азайған. 2050 жылға дейін олардың қатарына тағы 35 миллион адам қосылады деп болжанған. Былтыр шағын және орта кәсіпорындардың 54%-і осындай проблемаға тап болған. Мұнда, әсіресе, техникалық мамандар жетіспейді. Ал Еуроодаққа кіретін Германияда дәрігер аз. Неміс елінің билігі оны сырттан келген мамандар есебінен шешіп жатыр. Мұнда жұмыс істейтін медицина қызметкерлерінің 23%-і Сирия, Румыния және Ресейден келген азаматтар. Осы және өзге де салада кадр жетіспеуі салдарынан Германия экономикасына биыл 49 миллиард еуро шығын келуі мүмкін. Бір қызығы – одаққа мүше кейбір елдер қызметкерлер таппай әлек боп жатқанда, кейбірінде жұмыссыздық деңгейі артып барады. Испаниядағы жағдай соған мысал. Мұнда көрсеткіш 12%-тен асып кетті. Сөйтіп, қазір 3 миллион адам екі қолға бір күрек таппай сенделіп жүр.

Германия кадр тапшылығынан €46 млрд шығын көруі мүмкін

Ресей экономикасының түрлі саласында 5 миллион маман жетіспейді. Орталық банк бұл елдегі ең өзекті мәселеге айналғанын хабарлады. Жапонияда кадр тапшылығы цифрландыру процесін тежеп отыр. Германияда да осыған ұқсас жағдай. 2035 жылға қарай бір ғана Бавария өңірінде 400 мың маман тапшы болуы мүмкін. Бұл елдердегі кадр тапшылығының себебі неде? Жапония мен Германияда бұл – халықтың қартаюы. Ресейде маман тапшылығынан басқа да себептер бар.

Кәсіпорындардың 70%-да маман тапшы

Ресейлік кәсіпорындардың 70% білікті маман тапшы. Бұл Орталық Банктің баяндамасынан белгілі болды. Әсіресе, ауыл шаруашылығындағы жағдай күрделі. Бір жыл ішінде саладан 200 мың маман кетіп қалған. Өйткені, жалақы төмен. Ал жоғары оқу орындарында осы сектормен байланысты мамандықтарды таңдайтындар азайған. Себебі, жастар ауылдық жерде емес, қалада жұмыс істегісі келеді. Көрші елде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында да маман тапшылығы 50%-ке жеткен. Қазір Мәскеуде көше сыпырушы 60 мың рубльдей алады. Бұл біздің ақшамен 300 мың теңгедей. Ал мұндай ақыға көбі келіспейді. Өйткені, қара жұмыстан гөрі тауар жеткізуші сияқты табысы жоғарырақ іспен айналысқанды жөн санайды.

Максим Чирков, экономист: - Расымен, Мәскеуде тауар жеткізушілердің жалақысы жақсы. Мысалы, жаңа жыл сияқты мерекелер кезінде олардың айлығы 150-200 мың рубльге дейін жетеді.

Сергей Зайнуллин, Ресей халықтар достығы университетінің ұлттық экономика кафедрасының доценті: - Коронавирус пандемиясы басталғаннан кейін электронды сауда қыза түсті. Бұл жүргізушілер, жеткізушілер, қойма жұмысшылары сияқты мамандарға сұранысты арттырды. Осылайша, логистика басқа салалардың кадрларын өзіне көптеп тарта бастады.  

Кадр тапшылығы шығыны – 46 млрд еуро

Кадр тапшылығы – Германия үшін де өзекті мәселе. Былтыр елде 570 мың жұмыс орны бос болған. Енді дәрігер, инженер, сәулетші, IT және білім беру саласының мамандары жетпей жатыр. Оған демографиялық ахуал себеп. Германия халқы тез қартайып барады. Жұмысқа қабілетті жастағы тұрғындарға қарағанда зейнеткерлер көбейген. Мұның бәрі елдің экономикасына салмақ салып отыр. Алдын ала есептеулер бойынша биыл кадр тапшылығынан неміс елі 46 миллиард еуро шығын көруі мүмкін. Ал 2027 жылға таман оның көлемі 74 миллиард еуроға дейін жетуі ықтимал. Сондықтан сарапшылар: «бар үміт мигранттарда», – дейді. Билік те түйткілді шешу үшін шетелдік мамандардың елге келу ережелерін жеңілдетуді қолға ала бастады.

Андреас Либерт, IT саласындағы компанияның өкілі: - Біздің компания интернеттегі контентті бақылап, композиторлар мен авторлардың құқығын қорғайтын бағдарламалар жасаумен айналысады. Қызметкерлерімізге ыңғайлы жұмыс кестесін, тегін тамақ, кеңсеге қатынау үшін велосипед ұсынамыз. Бізге жақсы мамандар керек.  

Кадр тапшылығы цифрландыруды тежеп отыр

Жапонияда да демографиялық мәселе ушығып тұр. Мұнда да қарт кісі көп. Содан жұмыс күші тапшы. Әсіресе, IT мамандары жетпей жатыр. Бұл цифрландыру процесін тежеп отыр. Сондықтан мұнда шетелдік мамандар көбейіп келеді. Сырттан келген қызметкерлердің саны алғаш рет 2 миллионнан асты. Жалпы күншығыс елінде 2040 жылға таман еңбекке жарамды тұрғындар саны тағы 20%-ке қысқарып, жұмыс күші тапшылығы 11 миллион адамнан асады деген болжам бар. Әсіресе құрылыс, көлік және денсаулық сақтау саласында білікті маман жетіспейді деген күдік басым.

0 пікір
Мұрағат