Қытайда еті мен терісіне сұраныс күрт өсуіне байланысты әлемде есектердің саны азайып бара жатыр деп жазады BBC News. Басылым хабарына қарағанда, аталған елде есектің еті мен терісінен денсаулыққа пайдалы тағамдар жасалады және дәстүрлі медицинада қолданылады. Сұраныстың жоғарылығы себепті Қытайда есектер саны азаюына байланысты оның еті мен терісін сататындар тауарды басқа елдерден әкелуге мәжбүр болып отыр. Осыған ұқсас құбылыс Қазақстанда да шығып, аймақтарда есек ұрлығы көбейген болатын.
Есектер бұрын-соңды болмаған бәлеге кезікті – BBC News
|
Африкада есек қашаннан негізгі көлік түрі және жұмыс күші болып келгендіктен әсіресе осы аймақта есектер «тарихта бұрын-соңды болмаған қиындыққа» тап келді деп жазады басылым. Соңғы жылдары мұнда есектің бағасы екі есе көтеріліп кеткен. Нәтижеде ұрылар табысқа кенеліп жатыр, ал есегінен айырылған көптеген адамдардың басқа есек алатын жағдайы жоқ. Энтони Уаняма есімді кениялық жігіт су сатады екен, суды ол есек арбамен тасиды. Бір күні таңертең тұрғанда ол есегін таппай қалған. Маңайды іздеп жүріп ол «Карлосты» (есегінің аты) өліп жатқан жерінен тауып алады. «Терісін сыпырып алыпты» дейді Энтони көзінен жасы моншақтап. Қазір ол біреудің есегімен су тасып жүр, күнделікті тапқан 3-4 долларының жартысын есектің иесіне береді.
Есекке сұраныс өсуіне байланысты Кенияда соңғы уақытта үш арнайы қасапхана ашылған. Онда күніне шамамен 150 есек сойылады, экспорттау үшін еті мұздатылып қапталады, терісі тұздалады. Соңғы кездері есектер таразыда тірідей өлшеніп қабылдана бастаған.
Кениядағы есек соятын қасапхана. Фото ВВС
Есекті басынан болтты тапаншамен атып өлтіреді, сосын терісін сыпырады. Ал қытайлар бәрі талапқа сай болуын мұқият қадағалап тұрады. Қайнатылған теріден алынатын «ижайо» атты қоңыр түсті желатин (сіңірді қайнатудан шығатын «холодецке» ұқсас өнім – ред.) Қытайда денсаулыққа пайдалы азық, әрі халықтық медицинада қолданатын дәрі ретінде қымбат тұрады.
Ejiao желатині Қытайда сұйық және қатты түрде сатылады. Фото ВВС
Кәсіпкер Джон Каруики өзінің Африкада бірінші болып есек соятын қасапхана ашқанын айтады.
«Бұрын есек базары болмаған. Адамдар балаларын мектепке дайындау үшін сиырын, ешкісін сататын. Қазір сиырдан гөрі есек сатушылар көп. Қытай бізге жақсы болды. Бұрын есектің ештеңесі жарамайтын. Қазір есектен пайда тауып жатқан адам көп» дейді ол.
Есектерді бұлай саудалауға қарсы шығып жатқандар да бар. Белсенділер мен журналистер сойылатын есектердің қандай азапты жағдайда қамаулы тұрғаны, терісін сыпыруға оңай болу үшін оларды аш қалдыратыны туралы деректерді жария еткен. The Donkey Sanctuary ұйымы есек саудасын реттейтін ережелер жасалмай бұл кәсіпті тоқтатуды талап етіп отыр. Қазір бірнеше елде есек саудасына тосқауыл қоятын шаралар қабылданды.
Ботсванадағы үйіліп жатқан есек сүйектері. Фото ВВС
Есекке сұраныс Қазақстанда да өскенін дәлелдейтін фактілер бар. Бұдан бірнеше бұрын ел аймақтарында жаппай есек ұрлау оқиғасы туралы ақпараттар көбейді. Мәселен, КТК телеарнасына сілтеме жасаған «Қазақпарат» хабарлауы бойынша, Түркістан маңындағы ауылдардан былтыр көктемде бірнеше күн ішінде елуден аса есек жоғалған. Терісі сыпырылып, құлақтары кесілген есек өлекселері ауыл маңынан табылып отырған. Материалдағы мәліметтерге қарағанда, бір есектің терісі қара базарда 40 пен 150 мың теңге арасында сатылады.
«Мына жерде байланып тұратын. Қазығын суыра алмай, жібінен кесіп әкетіпті» деген есегінен айырылған Қанатбек Жарылқасынов хайуанның орнын көрсетіп. Есекпен бірге қорада тұрған сиыр мен қойға ұрылар тиіспеген.
Есек терісінен жасалған Қытайда жоғары бағаланатын желатин. Фото TaoBao/BBC
Түркістанға қарасты Ескі Сауран ауылында бір түн ішінде 22 есек жоғалған. Полицейлер есек ұрлауға маманданған бірнеше адамды ұстаған. ОҚО ІІД баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова ұрылар есектердің терісін қалаға әкеліп сатқан. Полицейлер әр есектің терісі кемінде 50 мыңнан қабылданғанын, ал тері қабылдайтын орындар тексеріліп жатқанын хабарлаған.
Деректер
- Ұлыбританиялық The Donkey Sanctuary ұйымы мәліметі бойынша жыл сайын әлемде 1,8 млн есек терісі сатылады. Алайда, есек терісіне жалпы сұраныс 10 млн шамасында.
- Қытайда есектердің саны 1990 жылы 11 млн болса, ресми дерек бойынша, қазір үш-ақ миллион есек қалған.
- Есектің терісін қайнатып алатын «ижайо» деген желатиннің келісі Қытайда 388 долларға дейін тұрады.
- Қазан айы Зимбабведе құны 150 000 долларлық есек соятын қасапхана ашылмақ.
- Уганда, Танзания, Ботсвана, Нигер, Буркиан Фасо, Мали және Сенегалда есекті Қытайға экспорттауға тыйым салынды.