Ердоған Skype арқылы халыққа үндеу жасады, адамдар көшеге шықты (фото+видео)
Ердоған Skype арқылы халыққа үндеу жасады, адамдар көшеге шықты (фото+видео)
8 жыл бұрын 2513

15 шілдеде кешкі уақытта әскери төңкеріс әрекеті болған Түркиядан бір-біріне қарама-қайшы хабар жетіп жатыр. Түркияның Бас штабы ел билігінің ұсталғанын, алайда, қазіргі барлық халықаралық қарым-қатынастардың жалғасатынын мәлімдеп отыр. Алайда, кейін ел президенті Тайып Ердоған "Skype" арқылы үндеу жасап, адамдарды көшеге шығуға, тәртіпсіздікті тоқтатуға шақырды. Түрік Президенті әскери төңкерісті ұйымдастырғандарды қатаң жазалауға уәде берді, - деп хабарлайды "tengrinews.kz" ақпарат көзі.

"Үкіметтің жауы көп. Бұл әрекетті жасап жатқандар өкінетін болады. Біз бұл басып алу әрекетін таяуда жоямыз", - деді ол.

Эфирінде Ердоғанның сөйлегені жайлы видеожазба көрсетілген "CNN Turk" телеарнасы Түркия президентінің қауіпсіздікте екенін хабарлады, себебі, төңкеріс әрекеті кезінде ол Бодрумдағы курортта болыпты. Ал тағы бір дереккөз Ердоғанды күзеттің Мармарис портына жеткізгенін хабарлап отыр.

"NTV" телеарнасының эфирінде Ердоған мемлекеттік төңкеріс жасамақшы болды деп оппозициялық ислам уағызшысы Фетхуллах Гүленді айыптады. Ол қудалаудан кейін АҚШ-та тұрады. "Төңкеріс жасау әрекеті жайлы белгілі болды. Мен бар халқымды көшелер мен алаңда күтемін. Біз лайықты жауап қатамыз. Бұл әрекеттің "Параллель мемлекеттің" жасағанын білеміз. Олар қатал жазаланады", - деді мемлекет басшысы.  

Ердоғанның бұл үндеуінен кейін Анкара, Ыстамбұл және Измир тұрғындары көшеге шығып, елде мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетіне наразылық білдіре бастады. Адамдар әскери техниканың қозғалысына кедергі болып жатыр, деп хабарлайды түрік телеарнасы. Ердоғанның жақтаушылары "Иық тіресіп, төңкеріліске қарсы тұрайық!" деп ұрандатып жатыр. 

Ал Түркия көшелерінде танктер жүріп жатыр. Ыстамбұл әуежайының маңында атыстардың естіліп жатқаны да хабарланып отыр. Әлемдік әуе компаниялары Түркияға ұшатын рейстерінің барлығын тоқтатып, ұшақтарды аспаннан кері қайтарып алып жатыр. Көптеген елдің билігі азаматтарын көшеге шықпауын ескерту үстінде. 

Анкарада түнде бірнеше алапат жарылыс болыпты. Танктердің Түркия парламентінің ғимаратын қоршап алғаны айтылады. "Anadolu" агенттігінің мәліметінше, Анкарадағы Гелбаши ауданында әскери төңкеріліс әрекеті барысында полицияның 17 қызметкері қаза тапқан.

Интернетте төңкеріліс әрекетінің барысында болған жарылыстың видеосы жарияланды. Кейбір мәліметтер бойынша, жарылыс парламентте болған, ал басқа дереккөздер бұл видеода телеорталықтың болғаны айтып отыр. 

Түркия премьер-министрі Бинали Йылдырлым "Focus" басылымына төңкерілісшілердің бірнеше лидерінің ұсталғанын мәлімдеді: "Төңкеріс әрекетінің бірнеше лидері ұсталды. Демократия жеңеді", - деді ол. Сонымен қатар, Түркия әскери әуе күштерінің F-16 жойғышының мемлекеттік төңкеріліске қатысушылардың "Sikorsky "әскери ұшағын атып құлатқаны хабарланды.

Түркияда әскери төңкеріліс жасау әрекетінің жүзеге аспағаны және оны ұйымдастырушыларының қамауға алынып жатқанын Ыстамбұл губернаторы Васип Шахин хабарлады. "Әскери төңкеріліс әрекеті жүзеге аспады. Бүлікті ұйымдастырушыларды ұстап, қамау шаралары жүріп жатыр", - деді ол сенбі күні "NTV" телеарнасына берген сұхбатында.

Телеарна тілшілері Бурса провинциясының жандермериясының басшысы ұсталғанын хабарлады. Ұлттық барлау ұйымының мәліметінше, Түркияда әскери төңкеріліс әрекетін ӘӘК пен жандармерия қолбасшылықтары ұйымдастырған.

0 пікір
Мұрағат