Еліміздегі ер адамдар неліктен декреттік демалысқа шыққысы келмейді?
Еліміздегі ер адамдар неліктен декреттік демалысқа шыққысы келмейді?
9 жыл бұрын 4487

Қазақстан бала күтіміне әлеуметтік кепілдіктер беретін елдер қатарына енеді. Елімізде декреттік демалысқа әйелдер ғана емес, ерлер де шығуға құқылы. Алайда олардың демалысқа шығуы сирек көріністердің бірі.

Ер азаматтардың бала күтімі үшін демалысқа шығуға не себепті құлшынысы жоқтығын vlast.kz-ке сілтеме жасай отырып назарларыңызға ұсынамыз.

Әлем бойынша екі ел – АҚШ пен Папуа Жаңа Гвинеяда ғана декреттік демалыс қарастырылмаған. Ал Скандинавия мен Балқан түбегі елдері және Канада болса, жаңа босанған әйелдерге 1 жыл бойы төленетін декреттік демалыс береді. Тіпті,  әйел босанған кезінде жұмыссыз болса да мемлекеттен қаржылай көмек алады.

Ал Қазақстанның Еңбек кодексі әйелдерге 4 айға жуық төленетін демалыс пен 3 жылға дейін төленбейтін демалысқа шығуға құқық береді.

Мамандар елде әйелдердің ғана декреттік демалысқа шығуы дискриминацияға себеп болады деп санайды. Себебі көптеген жұмыс беруші тараптар ұзақ демалысқа шығуы мүмкін әйелден гөрі ер кісіні жұмысқа алуды жөн санайтын болған.

Декреттік демалыстар елдің экономикасына да қиындық әкеледі екен. Ұзақ уақыт декретке шыққан әйелдер еңбек күшінің санын азайтады. Бұл мәселеге шешім ретінде әлемдік тәжірибеде бала күтімін ер азаматтарға да жасауға құқық беру пайда болды.

Яғни, әйелдің декретке шығу мерзімінің жартысын күйеуі бөліп ала алады. 1995 жылы шыққан швед заңында декреттік демалысқа шығатын тұлғаның жынысы аталмаған.

Ал көптеген зерттеулер әкесінің тәрбиесін алған балалар тезірек дамитынын дәлелдеді.

Қазақстанның Еңбек кодексінде ер азаматтарға тек төленбейтін декреттік демалыс қарастырылған. 2 жасар баланың анасы, PR маман Александра елімізде ер азаматтарды декретке шығуға менталитет жібермейді деген пікірде.

«Біздің түсінік бойынша ер кісі – үйдің асыраушысы. Оған жұмыссыз отырған ұят нәрсе. Көпшіліктің, туыстар мен жақындардың пікіріне де жалтақтап отырамыз», – дейді Александра.

Ал жас әке әрі өз әйелінен төрт есе жоғары табыс табатын маман Владислав болса, ер азаматтардың бала күтімі үшін демалысқа шықпауына ақша себеп екенін алға тартты.

“Егер мемлекет еуропалық елдер сияқты декреттік демалысқа шығушыға жалақының 80-100 пайызын төлеп отырса, ер кісі ондай демалысқа қуана шығар еді”, – дейді ол.

Австрия, Польша мен Чехияда декретке шығатын ер кісілердің үлесі тек 3 пайызды ғана құрайды. Ал Швеция, Норвегия, Франция мен Германия декреттік демалысты тең бөліп алатын ерлі-зайыптыларға қосымша төлем қарастырған.

Бүгінде шведтік ерлердің 20 пайызы, әр үшінші неміс пен жетінші норвегиялық еш қымсынбастан декреттік демалысқа шығуда.

Чили, Италия мен Португалия болса, ер азаматтарына декреттік демалыс алуды міндет еткен.

Екі баланың анасы, күйеуінен табысы әлдеқайда жоғары Жеңіс декреттік демалысының жартысын жұбайына қуана бөліп беруге дайын болған. Алайда күйеуі бас тартқан.

«Әйел міндеті деп санайтын үй шаруалары мен көпшіліктің түсінбестік танытуынан қорқып, келіспей қойды», – дейді Жеңіс.

Ал Александра болса, керісінше күйеуін «қазан-ошақтың қасында, баланы бағып, кір жуып жүрген» күйде елестете алмайтынын айтуда. Ол бала тәрбиелеп, күтім жасау әйелдің міндеті деген көпшілік пікірін қолдайтынын алға тартты.

1 пікір
Мұрағат