Бизнес және ислам: БАӘ-де күніне 4 жаңа миллионер пайда болады екен
Бизнес және ислам: БАӘ-де күніне 4 жаңа миллионер пайда болады екен
10 жыл бұрын 3286

Статистикалық мәліметке қарағанда әлемді экономикалық және қаржы дағдарысы қысқан сайын Біріккен Араб Әмірліктерінің тұрғындары жылдан жылға байыған үстіне байып барады. Сарапшылардың айтуынша, 2020 жылы осы елде өтетін Expo көрмесі қарсаңында БАӘ тұрғындарының қалтасы қалыңдай түседі. Яғни, аталған мерзімге дейін бұл елде 7700-ден аса миллионер пайда болатынын алға тартып отыр. WealthInsight есебі бойынша өткен жылдың соңында бұл елден миллионерлер клубына 50 595 адам мүше болып үлгерген. Бес жылдың ішінде бұл елдегі миллионерлердің қарасын 58 335 адамға жеткізу көзделуде. Бұл көрсеткіш өткен жылғы дерекке қарағанда 15%-ға жоғары. Сонда жылына 1 548 жаңа миллионер пайда болады немесе бес жылдың ішінде жылына күн сайын 4,2 миллионерден қосылып отырады. 

 

Германияда алғашқы ислам банкі ашылады

Неміс мұсылмандарының инвестиция салуын ынталандыру әрі осы бағытта оларға барынша жағдай жасау мақсатында Германия билігі шариғат талаптарына сай жұмыс істейтін Еуропа елдеріндегі алғашқы толыққанды ислами банкке лицензия беретін болды. Handelsblatt басылымының хабарлауынша, Kuveyt Turk Bank AG қаржы мекемесінің  директоры Кемал Өзан Германияда өмір сүріп жатқан 4 000 000 мұсылман жамағатының (олардың дені – түріктер) бұл бастамаға қолдау білдіретініне сенімді.

 

Малайзия – мұсылман туристері үшін ең тартымды ел

Мұсылман туристері демалуға қолайлы елдерді анықтайтын GMTI компаниясының рейтингісі бойынша Малайзия тізімнің басында тұр. Ал екінші орынға Түркия жайғасқан. Одан кейінгі орынға Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Катар  табан тіреген. Ал Ислам ынтымақтастық ұйымына мүше емес елдер арасында мұсылман туристері үшін қолайлы мемлекеттеріне келсек, бірінші орыннан Сингапур көрінген. Екінші орында –  Таиланд. Одан ары – Ұлыбритания, Франция және Оңтүстік Африка елдері тұр. GMTI рейтингісінде мұсылман туристеріне қажетті түрлі салаларды қамтитын 100-ден аса өлшемдер басшылыққа алынған.

 

Халал өнімдерді тексеретін зертханалар жұмысына бақылау күшейеді

Дубай әкімдігі халал азық-түлік пен сусындардың шариғат талаптарына қаншалықты сай келетінін тексеретін зертханалардың жұмысына бақылауды күшейтеді. Осы мақсатта аталмыш зертханалар жұмысының тиімділігін тексеруге бағытталған бағдарлама қабылданды. Қалалық әкімдіктің аккредитация департаментінің директоры Омниа Ахмет Мұхаммедтің айтуынша, зертхана тиімділігін анықтау үшін эталондық үлгі пайдаланылады. Бақылау бағдарламасында халықаралық аккредитациядан өтуге қажетті зертханалар мен өнімдерге қойылатын негізгі талаптардың әзірленуі қарастырылған. Ол, сондай-ақ, осы шара аясында шамамен 60 зертхананың жұмысы тексерілетінін жеткізіп қана қоймай, тағам өндірісінің өзінше ерекшелігін ескере отырып, қажетті инфрақұрылымды қалыптастырғандарын және техникалық мамандарды даярлағандарын тілге тиек етті. Айта кетейік, бұл бағдарлама зертханаларды аккредитациялау жөніндегі халықаралық ынтымақтастық ұйымынан (ILAC) жоғары бағаға ие болды.

0 пікір
Мұрағат