Азия мен Таяу Шығыстағы ықтимал соғысқа себеп болатын фактор
Азия мен Таяу Шығыстағы ықтимал соғысқа себеп болатын фактор
4 жыл бұрын 1956 Материалды көшіріп басқан кезде islam.kz порталына гиперсілтеме берілуі міндетті

Геосаясатта мемлекеттер, корпорациялар, трансұлттық компаниялар, қорлар секілді негізгі ойыншылар қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді пайданың көздерін (қаржылық, қазба байлық, жер, т.б. ресурстарды) бөліске салып жатады. Бұл тарапта әрқайсысы барынша қарпып қалу үшін ықпал ету аймағын кеңейтуге және өткізу нарығын ұлғайтуға мүдделі, ол үшін түрлі одақтарға бірігіп, жаңа келісімдерге келіп жатады. Осы уақытқа дейін қаржы, жер, қазба байлық үшін жанталасып келген болса, осы ашық немесе астыртын жүріп жатқан геосаяси талас-тартыстың тасасында ғаламдық деңгейде жаңа қауіп бас көтеріп келе жатқанын енді аңғара бастады. Қандай қауіп екенін islam.kz порталының материалынан біле аласыздар. Адамзат қарасының көбеюіне әрі климат дағдарысының тереңдеуіне байланысты азық-түлік пен су ресурсының тапшылығын тарта бастады, әсіресе, бұл тапшылық табысы төмен елдерде жылдан жылға артып келеді. Су ресурсының тапшылығы басқа құрлықтар мен аймақтарға қарағанда адамзаттың үштен екі бөлігі орналасқан, яғни, халқы ең тығыз Азияда қатты білінуде. Осы заманғы ғылыми жетістіктер мен технологияның көмегімен түрлі жасанды және генетикалық тұрғыдан түрлендірілген тағамдар мен қоспалар өндірісі қарқын алып келеді, баламалы әрі дәстүрлі емес тағам түрлері нарыққа шығарыла бастады. Ал таусылуға айналған көміртек шикізатының орнын жаңғыртпалы энергия көздері алмастырып жатыр. Алайда, адамзат судың орнын ештеңемен алмастыра алмасы анық. Болашақта ықтимал соғыс осы су ресурсы үшін болатынын сарапшылар айтып та, жазып та жүр. Интернет дерек көзінен алынған мәлімет бойынша адам күніне орташа есеппен 1800 ккал тағам мен 1,2 литр суды қажет тұтынады. Ал тарихи мәліметтерге үңілсек, адам бірталай уақытқа дейін күніне 300 ккал тағаммен өмір сүре алады. Ал суды бұлай шектей алмайсыз. Жер бетінің 70%-ын су басып жатыр, алайда, оның ішуге жарамдысы 2,5%-дан аспайды, оның 90%-ы мұздан тұрады. Бүгінде адамзат тұшшы судың тек 0.3 %-на ғана қол жеткізе алып отыр. Тұшшы судың едәуір бөлігі жер астында әрі полярлы мұздақта. Әлем ресурстары институтының келтірген мағлұматына қарағанда, 17 елдің 1,7 млрд-қа тарта тұрғыны су тапшылығының зардабын тартып отыр. Бұдан бөлек, 2,5 млрд. адам ауыз су тапшылығы орын алған елдерде тұрып жатыр. 2050 жылға дейін халық тығыз орналасқан бұл аймақтағы елдерде халық саны 4,8-5,7 млрд адамға жетпек. Яғни, су тапшылығы тереңдеп, түрлі әлеуметтік-экономикалық, соның ішінде денсаулық сақтау саласы салдары ауыр ахуалға беттеп келеді. Дүниеүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен UNICEF мамандары бірігіп жүргізген зерттеу нәтижесінен белгілі болғандай, әлем бойынша 1,8 млрд адам нәжіспен былғанған суды ішуге мәжбүр болып отыр. Бұл жайт Үндістанда, Индонезияда, Нигерияда, Эфиопияда және Пәкістанда орын алып отыр. Соңғы 50 жыл ішінде әлемдік ауқымда суды алу 2,5 есеге артқан, нәтижесінде 507 жанжал орын алған. Оның кем дегенде 21-і қарулы қақтығысқа ұласқан. Дәлірегі, жергілікті халықтың жұдырықтасуынан кәсіби әскерилердің араласуына дейін өрбіген. Олай болатыны, әлемдік ірі су бассейндерінің 260-тан астамы екі немесе бірнеше елдің аумағынан ағып өтеді, яғни, трансшекаралық өзендер болып табылады. Қақтығысқа себеп болып отырған немесе себеп болуы мүмкін мұндай өзендер қатарында Чад өзені,Брахмапутра, Ганг, Замбези, Лимпопо, Меконг, Сенегал, Аракс, Ертіс, Кура, Обь, Іле, Иордан, Ніл, Тигр, Фырат, т.б. өзендер бар. Сондай қақтығыстардың біразына аз-кем тоқтала кетуді жөн көріп отырмыз: 1948 жылы Үндістан Пәкістанның Пенжаб провинциясын қамтамасыз етіп отырған суды бөгеп тастады. Бұл мәселе тек 1960-шы жылға қарай шешімін тапты. Тараптар арасындағы келісім-шартта қарастырылған талаптар бойынша Пәкістан батыстан ағып келетін үш өзенді, ал Үндістан шығыстағы үш өзен суын пайдалана алатын болды. Алайда, 2005 жылы бұл су дауы тағы бұрқ ете қалды – Үндістан билігінің Шинаб өзенінде гидроторап құрылысын бастайтынын жария еткенде. Бұл түйткіл Бүкіл әлемдік банктің араласуымен ғана тарқады. Уақытша. Осы орайда Пәкістан аумағынан ағатын өзендердің, соның ішінде негізгі күретамыр саналатын Инда өзені екі жақтың да жер дауы бар Кашмирден бастау алады. Кашмирдегі су көздерінің дені Үндістан бақылауында. 1975 жылы КСРО инженерлері салған Фырат өзеніндені дамба өз кезегінде Ирак әсерінің Сирияға басып кіруіне себеп болды. Тек Біріккен Ұлттар Ұйымының араласуымен, араағайындығымен соғысқа ұласқан жоқ. 1990 жылы Фырат суының кеміп кетуінен Ирак пен Түркия соғысуға шақ қалды. Таяу Шысығтағы екі ірі өзен саналатын Тигр мен Фырат өзендерінің суына Түркия, Сирия, Ирак ортақтасып отыр. Түркия екі өзеннің де бастауында отыр, яғни, аталған елдің бақылауында. Бұл елдер арасындағы су мәселесі әлі толыққанды шешімін тапқан жоқ. Кез келген сәтте жанжал бұрқ ете қалуы мүмкін. 1994 жылы Мысыр сарбаздары Нілге толық бақылау орнату үшін Судан басып кірді. Артынша Мысыр мен Судан Нілден суды молынан алатын Эфиопияға қарсы бірікті. 2002 жылы Израил Ливанға әскери жорық жасайтынын ескертіп, Иордан өзенінің жоғарғы сағасында плотина құрылысына тоқтау салды. 2050 жылға қарай Ливанның жан басына шаққанда тұтынатын су мөлшері жылына 1002 текше метрді құрайтын болады, бұл көрсеткіш Сирияда – 622 текше метр, Оманда – 277, Бахрейнде – 99, Йеменде – 80, Иорданияда – 72, Саудияда – 50, Катарда – 28, Біріккен Араб Әмірлігінде – 14, Кувейтте – 3. Осы тұста жылына бір адамға 1000 текше метр судың өзі ең төменгі деңгей екенін айта кетпекпіз. Орта Азияға келсек, бұл аймақта да су тапшылығы күн тәртібінен түспейтін көкетесті мәселеге айналған. Соның ішінде Қазақстандағы жағдай Қытай мен Ресейге тәуелді – Ертіс пен Іле, Жайық су бассейндері трансшекаралық өзендер болғандықтан бұл тарапта нақты келісім жоқ. Қытай аумағынан бастау алатын екі ірі өзеннің суы жылдан жылға ортайып келеді, бұдан бөлек, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан елдері арасында да су мәселесі бір шешімін тапқан емес. Су ресурсының тапшылығы, әсіресе, осы өңірдегі екі ірі су бассейнімен байланысты – Сырдария мен Әмудария суына талас-тартыс негізінен осы өзендердің төменгі сағасында орналасқан Қазақстанның, Өзбекстанның және Түркіменстанның «бас ауруына» айналған. Тәжікстан мен Қырғызстан табиғи газ бағасының қымбат болуына байланысты гидроэнергетиканы дамыту арқылы шешкісі келеді, бұл Орта Азия елдері арасындағы су мәселесіндегі қайшылықты тереңдетіп отыр. Еліміздің сарапшыларының айтуынша, Ресей Қазақстанға жылына 28 текше метр тұшшы су «берешек». Өйткені, Ертіс, Тобыл, Есіл өзендері арқылы жылына Ресейге 36 текше метр су «жылыстайды», ал Ресейден келетін Жайық өзенінен бар-жоғы жылына 8 текше метр су «жылыстайды».

Ұқсас материал:

"Су ресурсы үшін соғыс Орта Азияда басталуы мүмкін бе"  (https://islam.kz/kk/news/alem/su-resursy-ushin-sogys-orta-aziyada-bastaluy-mumkin-be-15167/#gsc.tab=0);

"Сегіз жылдан соң әлемдегі су тапшылығы 40%-ға жетеді" (https://islam.kz/kk/news/alem/segiz-jyldan-son-alemdegi-su-tapshylygy-40-ga-jetedi-14991/#gsc.tab=0);

 

0 пікір
Мұрағат