Әскери борышты әскери сапта емес, ақшамен де өтеуге болатын заң қабылданды
Әскери борышты әскери сапта емес, ақшамен де өтеуге болатын заң қабылданды
4 жыл бұрын 4040 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

Тәжікстан тұрғындары бұдан былай ресми түрде әскери борышын ақшамен де өтеп, әскерге бармауына болады. Бұл жайында islam.kz порталы «Радио Озоди» ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Нақтырақ әрі тарқатып айтсақ, аталған елдің парламенті қорғаныс министрі Шерәлі Мырза енгізген «Әскери қызмет және әскери міндеттемелер» заң жобасын бірауыздан мақұлдады. Тәжікстанда жыл сайын елдегі ер-азаматтардың шамамен 10 пайызы әскерге шақырылады. Ендігі жерде қабылданған заң талабына байланысты әскерге барғысы келмегендер резервте тұратын сарбаз ретінде бір ай ақылы курстен өтіп, әскери билет ала алады. Алайда, әскерге бармау үшін төленетін қаржы мқлшері мен тәртібі әлі белгіленген жоқ. Әскери борышын ақшалай өтегендер қарулы күштердің резервтегі сарбазы ретінде есепке алынады, яғни, ел басына күн туғанда қолына қару алып, елді қорғайтын болады. Сондай-ақ, аталмыш заңда қарастырылған талаптарға сай әскери кафедрасы бар жоғарғы оқу орнын тәмамдағандар әскери қызметті бір жыл өтеген соң запастағы офицер шеніне ие болады. Алайда, сот жүйесіне, прокуратураға, жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресетін органға, жаза орындаушы қызметке тек әскери борышын өтеп келгендер ғана тұра алады. Десе де ел билігінің мұндай қадамымен келіспейтіндер де бар. Дилрабо Самадова есімді құқық қорғаушының айтуынша, аталмыш заң елдің қорғаныс қабілетіне нұқсан келтіреді. Қалталы азаматтар, яғни, байдың балалары әскерге бармай, тек кедей тұрғындар ғана әскери борышын өтейді. Бұл азаматтық қоғам құруға талпынған елдегі әлеуметтік теңсіздіктің, кемсітушіліктің бір көрінісі ретінде бағалануы тиіс. Десе де тәжік билігі осылайша ел бюджетін толтырудың бір жолы ретінде осындай қадамға баруға мәжбүр. Оның үстіне, қарулы күштер шығыны да ел қазынасына едәуір салмақ түсіріп отыр.

0 пікір
Мұрағат