Араб әлемі: саяси ықпал және трансформация
|
KAZINFORM – Кейінгі 5 жылда араб елдерінің саяси ықпалы олардың өзгермелі халықаралық реалияға бейімделу қабілетінің арқасында айтарлықтай арта түсті. Араб мемлекеттері лигасы өңір бірлігінің нышаны болып қалуда. Бірақ, оның іс жүзіндегі мәні төмендеп келеді. Алғашқы орынға Қатар, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері сынды елдер шығып, олар өздерінің ықпалын күшейту үшін экономикалық қуатын, дипломатиялық күшін-жігері мен технологияларға инвестицияларын табысты қиыстырып отыр.
Дипломатиядағы жаңа беталыс
Ең басты өзгерістердің бірі Парсы шығанағының Қатар, БАӘ және Сауд Арабиясы сынды мемлекеттер рөлігінің артуы болды. Бұл елдер табысты экономикалық жобаларыдң арқасында өз ықпалдарын айтарлықтай кеңейте түсті. Мәселен, қатар соңғы жылдары Израиль мен Палестина арасындағы күрделі келіссөздерді, Ауғанстандағы ішкісаяси жанжалды, сонымен қатар Газа секторы мен Ливандағы дауды реттеуді қоса алғандағы халықарлық теке-тірестерде өзін жетекші медиаторлардың бірі ретінде көрсете алды.
Қатар өзінің орта держава мәртебесін нығайтк үшін ресурстары мен байланыстарын сәтті пайдаланып отыр. Оның дипломатиялық жетістігі, әсіресе, 2017-2021 жылдары көрші елдермен ұзаққа созылған дипломатиялық дағдарыс аясында айырықша байқалды. Оның нәтижесінде Сауд Арабиясымен, БАӘ-мен және Бахреймен татулық орнап, қарым-қатынас қайта жанданған еді.
Араб мемлекеттері лигасы: сын-қатерлер мен келешек
1945 жылы құрылған Араб мемлекеттері лигасына 22 мемлекет кіреді: Алжир, Бахрейн, Джибути, Мысыр, Иордания, Ирак, Йемен, Қатар, Коморы, Кувейт, Ливан, Ливия, Мавритания, Марокко, БАӘ, Оман, Палестина мемлекеті, Сауд Арабиясы, Сирия, Сомали, Судан, Тунис. Лига өңір елдерінің іс-қимылын үйлестіру үшін қызмет атқарады. Алайда, соңғы жылдары оның тиімділігіне күмән бар. Ұйым Сирия, Йемен, Ливия және Судандағы созылып кенткен жанжалдың алдын алу немесе шешу жолында қабілетсіздігі үшін сынға ұшырап келеді.
Мәселен, 2011 жылы Ливиядағы азаматтық соғыс уақытында Араб мемлекеттері лигасы Ливияның мүшелігін тоқтатты. Бірақ, жанжалды реттеудің біртұтас стратегиясын әзірлей алған жоқ. Бұл ұйымның өңір ішіндегі дағдарысқа тиімді әрекет ету қабілетінің жоқтығын паш етті. Дәл сол жылы лига шерушілерге қарсы қатаң қуғын-сүргін шараларын қолға алған Сирияның да мүшелігін тоқтатқан болатын. Алайда, жанжалды реттеудің ұтымды жоспарын ұсына алмады. Соның салдарынан ұзаққа созылған азаматтық соғыс пен гуманитарлық апат болды.
Дегемен, лига араб бірлігінің маңызды нышаны болып қала бермек. Палестина мәселесін қолдау – оның саясатының негізгі тармағы. Дәл осы жайт араб тұрғындарының арасында қолдауға ие болып отыр және халықаралық қоғамдастықтың назарын да аудартып отыр. Бұған қоса, Араб мемлекеттері лигасы өңірлік іске шетелдіктердің араласуына үнемі қарсы болып келеді. Бұл оның араб мемлекеттерінің егемендігін қорғаушы ретіндегі абыройын нығайтады.
Бірақ, Араб мемлекеттері лигасы мәлімдемелермен және декларациялармен ғана шектеліп отыр. Саммиттер барысында қабылданған шешімдер нақты жүзеге аса бермейді. Ал оның мүшелері арасындағы алауыздық бірлескен бастамалардың жүзеге асырылуын қиындатады. Соның аясында жетекші араб елдері өздерінің альянстарын, екіжақты байланысты қалыптастарып, жиі дербес әрекет етеді.
Әлемдік энергетикадағы маңызды ойыншылар
Араб елдері жаһандық энергетикада маңызды ойыншы болып қала береді. Бұл олардың саяси ықпалына тікелей әсер етеді. ОПЕК пен оның кеңейтілген нұсқасы ОПЕК+ рөлі, әсіресе, соңғы жылдары жаһандық нарық COVID-19 пандемиясынан және геосаяси дағдарыстардан туындаған тұрақсыздық кезінде күшейді. Сауд Арабиясы мен БАӘ әлемдік мұнай экспортының айтарлықтай бөлігін бақылай отырып, бұл одақта маңызды рөл атқарады.
Ал Қатар сұйытылған табиғи газ нарығындағы позициясын нығайтуын жалғастырып отыр. Оның газ өндіруді кеңейтуге жұмсаған стратегиялық инвестициясы, Азия және Еуропа елдерімен ұзақ мерзімді келісімшарттары ел экономикасын нығайтып, саяси ықпалын арттыра түсті.
Нақтырақ айтқанда, Қатар Германия, Италия және Франциямен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасу арқылы ресейлік газ жеткізілімінің қысқаруы саладрынан Еуропада туындаған энергетикалық дағдарысты жұмсартуда шешуші рөл атқарды. Бұл оның жаһандық энергетикалық қауіпсіздікте сенімді серіктес ретіндегі ұстанымын нығайтты.
Штаб-пәтері Дохада орналасқан Газ экспорттаушы елдер форумының мәліметінше, қазанда сұйытылған табиғи газдың әлемдік экспорты жылдық есептеуде 1,8 пайызға (0,63 млн тонна) артып, 34,62 млн тоннаға жетті. Бұл ретте аталған форум жарияланған есепке сәйкес, Қатар әлемдегі сұйтылған табиғи газдың ірі үш экспортаушыларының қатарында қалып отыр.
Авраам келісімі
Кейінгі жылдардағы ең маңызды оқиғалардың бірі – бірнеше араб елдерінің Израильмен қатынасының қалпына келуі. АҚШ арағайындығымен қол қойылған «Авраам келісімі» Израильдің БАӘ, Бахрейн, Марокко және Суданмен қатынасының жаңа парағын ашты. Олар үшін Израильмен қатынасты қалыпқа келтіру маңызды қадам саналады. Дегенмен, бұл процесс әртүрлі реакцияны тудырды. Бір жағынан, келісімдер Израильмен экономикалық және саяси байланысты нығайтуға мүмкіндік ашты. Бұл инвестициялық және технологиялық жобаларға серпін берді. Екінші жағынан, мұндай қадам араб елдеріндегі ішкі пікірталасты ушықтырып, Палестина мәселесі шешімін әлі таппады деп санайтын қоғамдастық тарапынан сынға ұшырады.
Сауд Арабиясы бұл мәселеде әзірше бейтараптық танытып отыр. Бірақ, Газа секторындағы соғыс басталмай тұрып, Израильмен астыртын белсенді келіссөз жүргізді. Саясаттанушылар бұл дәстүрлі саяси бағыттардан гөрі экономикалық даму мен қауіпсіздік мәселелері маңыздырақ болып келе жатқан аймақтағы басымдықтардың ауысқанын көрсетеді деп санайды.
Көшбасшылар амбициясы
Кейінгі уақытта Сауд Арабиясы «Vision 2030» бағдарламасы аясындағы ауқымды реформалар мен G20 сияқты жаһандық бастамаларға белсенді қатысу арқылы араб әлеміндегі көшбасшы ретіндегі позициясын нығайтуға ұмтылып келеді. Сонымен қатар, Израильмен қатынасты қалыпқа келтіруге бағытталған ілгерілеушілік корольдіктің жаңа геосаяси стратегиясындағы маңызды қадам болды.
NEOM мегажобасы - Сауд Арабиясының болашақтың ақылды қаласын салуды қамтитын 500 миллиард долларлық өршіл жобасы. NEOM корольдіктің экономикасын әртараптандыруға және мұнайға тәуелділігін азайтуға деген ұмтылысын білдіретін көмірқышқыл газ шығарындыларынсыз технология және экологиялық хабы болады. Сонымен қатар, NEOM халықаралық инвесторларды тартатын инновациялар орталығына айналмақ.
«Vision 2030» реформасы – мұрагер ханзада Мұхаммед бин Салман бастамашылық жасаған бағдарлама. Ол экономиканы жаңғыртуды, туристік сектор нығайтуды және мәдени түрленуді қамтиды. Мәселен, «Қызыл теңіз» туристік жобасын іске қосу, өңірдегі ең ірі Al-Ula мәдени орталығын, 400 метрлік текшені ашу Сауд Арабиясының жаңа стратегиясын паш етеді. Мұның үстіне Эр-Рияд өңірлік байланысты да нығайта түсуде. Айталық, 2023 жылдың наурызында Қытайдың араағайындығымен Эр-Рияд пен Тегеран 2016 жылы үзіліп қалған дипломатиялық қатынасты жаңартуға уағдаласты.
БАӘ болса энергетика мен қауіпсіздік мәселесінде батыс елдерінің маңызды ойыншысына айнала отырып, Африка мен Шығыс Жерорта теңізіндегі ықпалын күшейте түсті. Нақтырақ айтқанда, БАӘ Эфиопия, Кения және Судан сынды елдерде жобаларды қарқынды дамытып келеді. Әмірлік компаниялары порттар, әуежайлар мен логистикалық орталықтар салып, өңірдегі БАӘ ықпалын күшейте түсуде. Мәселен, DP World құрлықтағы ондаған портты басқарып, экономикалақы байланысты нығайтып отыр.
Сонымен қатар, БАӘ 2023 жылы климаттың өзгеруіне арналған COP28 конференциясын өткізді. Бұл оның экологиялық бастамалардағы жаһандық көшбасшы ретіндегі беделін нығайтты. Дубай Сирия, Йемен және Судандағы дағдарысқа орай гуманитарлық көмек көрсетудің негізгі торабына айналды.
Ал Қатар икемді делдал және қаржылық серіктес ретінде әрекет ете отырып, бәсекелес аймақтық және жаһандық күштер арасындағы теңгерімді жалғастыруда. Доха 2023 жылы Ливандағы саяси дағдарысты реттеу бойынша келіссөздерге жемісті делдал бола білді. Сонымен қатар Судандағы қақтығысты бейбіт жолмен шешу бастамаларында маңызды рөл атқарды. Бұл әрекеттер Қатардың күрделі қақтығыстардағы сенімді делдал мәртебесін нығайтты.
Мұнан бөлек, Қатар газ экспансиясын кеңейте бастады. 2022-2023 жылдары ел сұйытылған табиғи газды Еуропаға, Азияға және Латын Америкасына жеткізу бойынша ұзақ мерзімді келісімшарттарға қол қойды. Доха 2027 жылға қарай сұйытылған табиғи газ экспортын екі есеге арттыратын және Қатардың саладағы жаһандық көшбасшы ретіндегі позициясын нығайтатын ең ірі «Солтүстік алаң» газ кен орнын кеңейту жобасын жүзеге асырып жатыр.
Кейінгі жылдары араб елдерінің сыртқы саясатында ғана емес, сонымен бірге ішкі даму стратегияларында да өзгерістерді байқауға болады. Қиындықтар мен ішкі қайшылықтарға қарамастан араб әлемі жаһандық саясатта шешуші рөл атқарып, аймақтан тыс жерлерде де оң көзқарас қалыптастыратын шешімдерді қалыптастырып келеді.
Марлан Жиембай