АҚШ әскері шегінген Ауғанстанға Қытай әскері кіруі мүмкін бе?
АҚШ әскері шегінген Ауғанстанға Қытай әскері кіруі мүмкін бе?
4 жыл бұрын 3589 Естай Божан

АҚШ пен НАТО Ауғанстаннан әскерлерін шығарып кету туралы ортақ ұстанымға келді. НАТО жақын бірнеше айда, Құрама Штаттар 11 қыркүйекке дейін ауған жерінен әскерлерін алып кетпек. Бұл жайында qazaqtimes.com ақпарат көзі мәлім етеді. Осылайша, 20 жыл «тұрақтылыққа жауап берген» АҚШ әскері «Азия Жүрегі» аталған аймақтан кетеді. Бұл өңірге жаңа өзгерістермен әсер етуі бек мүмкін. Тіпті, осымен бір уақытта, қытайлық ақпарат кеңістігінде Қытай Ауғанстанға тұрақтылықты сақтау күштерін кіргізуі керек деген әңгімелер де айтыла бастады. Расында, АҚШ шегінгеннен кейін осы бір стратегиялық маңызды аймаққа Қытай әскері кіруі мүмкін бе?

Қытайдың Ауғанстанға қауіпсіздік күштерін кіргізу мүмкіндігі туралы сұрақ АҚШ қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысына қойылғанда ол: «Егер тиісті елдер Ауғанстаннан келетін террористік қауіп-қатерден алаңдаса, онда халықаралық заңдарға сәйкес қауіп-қатерлерге жауап беріп, Ауғанстан үкіметімен жұмыс істеуі керек. Бірақ, біз Ауғанстанның егемендігін құрметтеуі тиіс деп санаймыз», – деген Жон Кирби.

АҚШ Ауғанстаннан әскерін шығарғанымен ондағы ресми билікті қолдауын жалғастыра беретінін Жо Байден өзі де атап өткен болатын. Гуманитарлық және дипломатиялық бағыттағы қолдау Ауғанстан үкіметімен әлі де ұзақ жалғасын табады дегенді Кабул сапары кезінде Байденнің бас дипломаты Антони Блинкен де айтып кеткен. Кейбір қытайлық ақпарат құралдарында АҚШ әскері Ауғанстаннан шыққаннан кейін ондағы Қытай компаниялар мен азаматтары қауіпте қалады, бұған қоса шекаралас жатқан Шыңжаңға терроризм мен экстремизмнің жаңа қаупі төнуі мүмкін деген болжамдар жасаған. Соған сай, Қытай Ауғанстанға тұрақтылықты сақтау күштерін жіберуі керек деген ұсыныстар айтылған. Сондай-ақ, Ауғанстаннан АҚШ әскерінің шегінуі Қытай үшін үлкен мүмкіндік, осы орайда Қытай ондағы қауіпсіздікті сақтай отырып, Ауғанстанды өзінің экономикалық шеңберіне қосып ала алады деген пікірлер де бар. Бірақ, сарапшылардың пікрінше Қытай Ауғанстанға әскер кіргізуді ойламайды.

«Егер Ауғанстанға әскер кіргізсе Қытай соғыс батпағына батады», – дейді отандық тәуелсіз сарапшы Қуан Алтай.

Оның айтуынша Қытай қазір Ауғанстанға әскер шығаратындай жағдайда емес.

«Қазіргі Қытайдың қарулы күштерінде шетелде соғыс жүргізу тәжірибесі де, ондай қауіпсіздік стратегиясы да жоқ. Бұған қоса, Қытайдың шешіп болмаған Тайвань, Шыңжаң секілді мәселелері, Үндістанмен шекаралық қақтығысы бар. Сондай-ақ, Ауғанстанға әскер кіргізсе сипаты өзгереді, айталық Қытайдың әрекеті терроризмге қарсы күрес емес, көрші елге әскер кіргізіп ішкі ісіне араласу болып табылады. АҚШ 20 жыл бұрын «адамдық құқық, демократия» «терроризмге қарсы күресуді» алға ұстап кірді. Ал, Қытайда мұндай тәуелді ұран жоқ», – дейді сарапшы.

Әрине, АҚШ-тың ауған жерінен шегінуі ондағы террорлық топтардың іс-қимылдарына жаңа мүмкіндіктер беруі, нәтижесінде Қытайдың батыс өңіріне терроризм мен экстремизмнің жаңа сын-қатерлері төнуі мүмкін. Бұндай әсерге Орталық Азияда бірінші кезекте ұшырауы бек мүмкін. Бірақ, Қытай-Ауғанстан арасындағы 150 шақырым шамасындағы шекара қытайлық қауіпсіздік күштері үшін үлкен мәселе бола қоймайды. Оның үстіне, Ауғанстанға жақын Қашқар маңында Қытай қарулы күштері ең көп шоғырланған. Осы және өзге де Қытай тап болып отырған мәселелерді алға тартар болсақ, Ауғанстанға қауіпсіздік күштерін кіргізу мүмкіндігінің тым төмен екенін көруге болады. 

0 пікір
Мұрағат