Әлемді шарпыған өзгеріске байланысты ұрпақ өрбітуден бас тартып жатқандар қарасы көбейіп келеді
Әлемді шарпыған өзгеріске байланысты ұрпақ өрбітуден бас тартып жатқандар қарасы көбейіп келеді
3 жыл бұрын 2114 Материалды көшіріп басқан кезде islam.kz порталына гиперсілтеме берілуі міндетті

Күллі әлемді шарпыған әрі жылдан жылға күшейіп келе жатқан жаһандық жылынуға байланысты, дәлірегі, климат өзгерісінің салдарынан қауіптенген жас жұбайлар арасында ұрпақ өрбітуден бас тартып жатқандар қарасы көбейіп келеді. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде Morgan Stanley талдау жазбасына жөн сілтеген CNBC ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Бүгіннің өзінде жаһандық жылынудан әлем бойынша азық-түлік дағдарысы тереңдеп, ашқұрсақ өмір сүретіндер қарасы артып келеді. Басқа да ресурстар таусылуға тақау қалғанын ескерсек, ақпарат заманында осының барлығынан хабардар жас жұбайлардың бұл әрекетін қолдап-құптайтындар қарасы да көп. Швед ғалымдарының 2017 жылғы зерттеу нәтижесі бойынша бір баланың өмірге келуі дамыған елдерде жылына атмосфераға 60 тонна көміртектің бөлінуіне ықпал етеді. Бір баланың басқа тұтынатын нәрселерін былай қойғанда жаялығының өзі мол ресурсты қажет етеді. Еуропалық тұрғындар немесе бала көтеруге немесе перзент сүюге қабілетті жастағылар ұрпақ өрбіту мәселесінде шығыс менталитетіне қайшы келуі мүмкін, алайда, рационалдылығымен ұтатын ұстанымда. Ол ол ма, 2019 жылы британдық ханзада Гарри мен оның зайыбы Меган Маркл Vogue мерзімді басылымына берген сұхбатында үшінші баланы өмірге әкелуге қатысты сауалға экологиялық факторларға байланысты бас тартатындарын айтып жауап қатқан еді. Осы жауабы үшін ерлі-зайыптылар аталған елдің «Популяция мәселесі» деп аталатын қайырымдылық ұйымы тарапынан арнайы марапатталған болатын. Бұл бағытта арнайы жүргізілген сауалнама нәтижесінде ұрпақ көтеруге қабілетті жастағылар тек жаһандық жылыну себебінен ғана бас тартып отырмағандығы анықталған еді, денсаулық сақтау саласының сапасыздығы да, өмір сүру қымбаттығы да (яғни, көрсетілетін қызметтер мен тұтынылатын тауарлар бағасының жоғары болуы), т.б. факторларда әсер етіп отырғаны белгілі болды. Жаһандық жылынудың жанама себептері мен салдары бойынша ғана емес, сонымен қатар, тікелей әсері бойынша да бала көтеруден бас тартып отыр. Соңғы тың зерттеулерімен көзге түсіп жүрген Калифорния университетінің келтірген дерегіне қарағанда, ауа температурасы бірнеше күн қатарынан 26,6 градустан төмен түспеп еді, келесі 9 айда айда туу көрсеткіші төмендеп кеткен. Дәлірегі, туу көрсеткіші жаз мезгілінің соңына таман артады. Ал климат өзгерісінен аптап ыстықтың беті апталап, кейде айлап қайтпайды. Бұл тараптағы зерттеу барысында 1931-2010 жылдар аралығындағы демографиялық мәліметтер сарапталған екен. Бұдан бөлек, осы сала бойынша Қытайда 18 мың жұп қамтылған өзге зерттеу нәтижесінен белгілі болғандай, ауаның қатты тозаңмен ластануы белсіздік пен бедеулікті 20 пайызға арттырған. 

Ұқсас материалдар: 

"Аптап ыстық құрсақтағы ұрықтың дамуына теріс әсерін тигізеді" (https://islam.kz/kk/news/alem/aptap-ystyq-qursaqtagy-uryqtyn-damuyna-teris-aserin-tigizedi-15541/#gsc.tab=0);

"Ширек ғасырдан кейін ерлер ұрпақ өрбіту қабілетінен айырылуы мүмкін..." (https://islam.kz/kk/news/arturli/shirek-gasyrdan-keiin-erler-urpaq-orbitu-qabiletinen-aiyryluy-mumkin-15188/#gsc.tab=0)

 

0 пікір
Мұрағат