Әлемдегі ең қауіпті және ең қауіпсіз қалалар анықталды
|
Мексикандық "Қоғамдық қауіпсіздік және қылмыстық сот әділеттігі азаматтық кеңесі" үкіметтік емес ұйымының талдауына сәйкес Гондурастың Сан-Педро-Сула қаласы төртінші жыл қатарынан ең қауіпті қала болып танылды.
Осы ұйымның президенті Хосе Антонио Ортеганың айтуынша, 2014 жылы Сан-Педро-Суладағы кісі өлімі әрбір 100 мың адамға шаққанда 171,2-ден келіп отыр.
Екінші орында Венесуэланың астанасы - Каракас (100 мың адамға шаққанда 116 кісі өлтіру оқиғасы) және мексикандық Акапулько курорты (104-тен астам кісі өлтіру) тұр.
"Бұл рейтинг пайда келтіреді, бұл саяси жұмыс, ол билікке және азаматтық қоғамға жағдайды білуге көмектеседі, өкімет тарапынан кісі өлімі деңгейін төмендету жөнінде уәде де бар", - деп мәлім етті Ортега.
Кеңестің мәліметтеріне қарағанда, әлемдегі 50 қауіпті қаланың 47-сі американдық құрлықта, соның ішінде 43-і - Латын Америкасында орналасқан.
Дегенмен колумбиялық және мексикандық қалаларда зомбылықпен кісі өлтіру деңгейін төмендету жөніндегі көрсеткіштер жақсарған. Мәселен, қылмыстық Терреонда (Мексика) кісі өлтіру саны бір жылдың ішінде ғана 100 мың адамға шаққанда 54,2-ден 27,8-ге төмендеген.
Ал колумбиялық Медельинде 2010 жылмен салыстырғанда осы көрсеткіштің төмендеуі 67 пайызды құраған - 82,6-дан 26,9-ға дейін. Тізімдегі 50 қауіпті қаланың 19-ы Бразилияда, 10-ы - Мексикада, бесеуі - Колумбияда, төртеуі - Венесуэлада және тағы төртеуі - АҚШ-та орналасқан, деп атап өтеді ұйым. Ал, "Экономист" журналы әлемдегі ең қауіпсіз қалалар тізімін жариялады.
Үздік жиырманың біріншісі сатысы 13 миллионнан астам тұрғыны бар Токиоға берілді. Келесі орындарды Сингапур мен Жапонияның тағы бір қаласы Осака иеленді.
Ал Швеция астанасы Стокгольм қаласы үздік төртікке кірді. Бесінші орын Амстердамның еншісінде қалды. Ары қарай Сидней, Цюрих, Торонто, Мельбурн, ал 10-сатыға Нью-Йорк орналасты.
Оның артынан Гонконг, Сан-Франциско, Тайбэй, Монреаль, Барселона, Чикаго, Лос-Анджелес пен Лондон келеді. Соңғы жиырмалыққа Вашингтон ие болды.
Айта кетейік, бұл тізім жасалғанда шаһардағы қылмыстық жағдай ғана емес, оның ақпараттық, денсаулық пен инфрақұрылымы да ескерілген.
Туристерге қауіпті елдер
Жаһандану процесін жылдамдататын экономикалық, экологиялық, әлеуметтік, ғылыми-техникалық , т.б. толып жатқан факторлардың қатарында туризм саласының аты озып тұр. Осы заманғы адамдар жердің қай түкпіріне барам десе де өз еркі өзінде. Оның үстіне, туризм индустриясы – экономиканы алға сүйреп, интеграцияны терңдететін факторлардың бірі. Алыс-беріс пен барыс-келіс көбейген мына заманда туристерге құшақ жая қоймайтын елдердің де барын қаперіңізге ала жүріңіз. Төменде қандай да бір себептермен туристер үшін қауіпті елдерді атамақпыз.
Ангола. Африканың бұл елінде азаматтық соғыс өртінің сөнгеніне талай уақыт өтсе де қылмыс өршіп тұр. Егер алда-жалда осы елге келе қалсаңыз, заттарыңызды барынша көрсетпеуге тырысыңыз. Мәселен, қымбат киімдер киіп дегендей. Жұпыны киініп, еркінсімей немесе арқаңызды кеңге салмай абайлап жүргеніңіз абзал.
Пәкістан. Бұл елге аттанбас бұрын алдымен түрлі жұқпалы ауруларға қарсы екпе жасатып алғаныңыз дұрыс. «Сақтықта қорлық жоқ» деген, бұл елде іш сүзегі, тырысқақ, полиемелит, т.б. түрлі індеттердің ошағы. Сондай-ақ, Пәкістанда теракті жиі жасалады.
Бутан. Бұл елге ат ізін салу да үлкен сынақ екенін естен шығармаңыз. Ел билігі жергілікті мәдениет пен салт-дәстүрді бұзған шетелдіктердің басынан сипай қоймайды.
Сомали. Бұл елге кіруін кіргеніңізбен, шығуыңыз екітлай, өйткені, қауіп-қатер көп. Қауіпсіздігіңіз үшін жолбастаушы немесе ең дұрысы – қарулы күзетші жалдаңыз.
Ауғанстан. Әлемдегі ең мазасыз ошақтардың бірі болып табылатын әрі ширек ғасырдан астам уақыт соғыстан көз ашпаған елді кім білмейді. Саяси тұрақсыздық, әлемдік державалардың мүддесінің қақтығысы, лаңкестік туристерге қолайлы бола қояр ма екен. Бұл елге баратын туристерге қызмет ететін турагенттіктер мен фирмалар бар жауапкершілікті туристердің өзіне қалдырады. Алда-жалда осы елде жүріп жарақат алса немесе қаза тапса, жауап бермесі үшін.
Ливия. Муаммар Кадафиді тақтан тайдыру үшін басталған толқудың арты азаматтық соғысқа ұласып, әлі күнге дейін басылған жоқ.
Әлемдегі ең қымбат қалалардың тізімі шықты
Дүниежүзі бойынша ең қымбат қалалар тізімі белгілі болды. Бұл жолы да көштің басында Сингапур қаласы тұр. Бұл жайында nur.kz сайты 24kz ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып, хабар таратты.
Одан соң рейтинг бойынша Париж бен Осло, Цюрих, австралиялық Сидней мен Мельбурн, Женева және Копенгаген орналасқан. Лондон мен Нью-Йорк бұл тізімнің тіпті алғашқы ондығына да кіре алмады.
Ғаламшардың ірі қалаларындағы өмір сүру бағаларын Economists' Intelligence Unit бөлімінің сарапшылары салыстырған. Тізімді құрастыру кезінде жеке көлікті күнделікті пайдалану шығыны, киім-кешек, тамақ, қызметтер мен баспана бағасы ескеріледі.
Токио мен Лондон он бірінші орынды тең бөлісіп, Нью-Йорк 26-дан 22-орынға көтерілген. Экономистер жыл аяғына дейін бұл тізім күтпеген ретпен өзгеруі мүмкін екендігін ескертті.
2015 жылдың ең қымбат қалалары:
1.Сингапур, Сингапур
2.Париж, Франция
3.Осло, Норвегия
4.Цюрих, Швейцария
5.Сидней, Австралия
6.Мельбурн, Австралия
7.Женева, Швейцария
8.Копенгаген, Дания
9.Гонконг, Қытай
10.Сеул, Оңтүстік Корея
Сондай-ақ сарапшылар 2015 жылдың ең арзан шаһарлар тізімін де анықтады:
1.Карачи, Пәкістан
2.Бангалор, Үндістан
3.Каракас, Венесуэла
4.Мумбаи, Үндістан
5.Ченнаи, Үндістан
6.Нью-Дели, Үндістан
7.Тегеран, Иран
8.Дамаск, Сирия
9.Катманду, Непал
10. Алжир, Алжир