Әлемде 50 миллионнан аса адам құлдықта жүр
Әлемде 50 миллионнан аса адам құлдықта жүр
6 ай бұрын 870 24.kz

Бүгінде әлемде 50 миллионнан аса адам құлдық қамытын киіп жүр, деп хабарлайды 24KZ.

Олар ауыр жұмысқа күштеп жегіліп, не тән саудасымен айналысуға мәжбүр. Бұл азаматтарды құлдықтан құтқару үшін не істеу керек? Сарапшылар не дейді?

Бүгінде құлдықта жүргендер әлемнің кез келген елінде кездеседі. Walk Free құқық қорғау ұйымының есебі бойынша жер жүзінде 28 миллион адам жұмыс іздеп жүріп, құлдық құрығына түссе, тағы 22 миллион азамат мәжбүрлі некеге байланысты күң болып жүр. Мұндай жағдай көбіне Солтүстік Корея, Эритрея мен Мавританияда кездеседі екен.

Сарапшылардың сөзінше, еріксіз еңбекке жегілетіндердің дені көбіне өзге елдің азаматтары.

Грейс Форрест, Walk Free қорының директоры: - Бүгінде әлем бойынша 50 миллион адам құлдықта өмір сүреді. Бәрі ауыр жұмысқа еріксіз жегіліп, некеге тұрып, жалшы ретінде күн кешіп жүр. Мұндай жағдай, әсіресе мигранттар арасында көп кездеседі. Бірнеше ай бойы тегін еңбек етіп, кейін ақысын ала алмай тентіреп кетеді. Жалпы адамдардың құлдыққа түсуінің бірден бір себебі – қарыз.

Күнделікті өмірде қолданып жүрген тауарлар дәл осы құлдық қанауында жүргендердің қолынан шыққан болуы мүмкін. Әсіресе, түрлі электроника, киім мен азық-түлік заттары. Өйткені, шикізат өндіру, тауар әзірлеудің бастапқы кезеңдеріндегі жұмысқа көбіне дәл осы адамдар жегіледі екен. Халықаралық еңбек ұйымының дерегі бойынша соның арқасында қылмыстық топтар жыл сайын 200 миллиард доллар пайдаға кенеледі.

Жильбер Унгбо, Халықаралық еңбек ұйымының бас директоры: - Қазір әлемде күштеп жұмысқа жегуден түсетін жылдық табыс 236 миллиард доллар. Бұл үкіметке түсуі тиіс салық пен жұмысшылардың қалтасынан ұрланған қаржы.

Аталған мәселені шешу үшін әлемдік қауымдастық күш біріктіріп, жұмыла жұмыс істеуі керек. Құлдықпен күресте нақты шаралар қабылдануы тиіс. Атап айтқанда, мемлекеттік жүйелер мен әлеуметтік осал топтағы азаматтарды қолдауға басымдық берілуі қажет. Сарапшылар осылай дейді. 

 

0 пікір
Мұрағат