31.08.2022 13980 Ойтамшы
Қияметтің белгілері және мұсылманның ұстанымы

Хадисте айтылған ақырзаманның белгілерінің көбісіне қазіргі таңда анық куә болудамыз. Мысалы, зинаның үйреншікті жағдайға айналуы, әлдебір істің басына лайықты емес адамдардың келуі, аса сәнді мешіттерді соғумен жарысу, өсімқорлықтың етек алуы (әлем экономикасы өсімқорлыққа негізделген), әншілердің көбеюі (қазір шоубизнесі алдыңғы қатарда), көк тіреген ғимараттардың соғылуы, жер жұту, жердің опырылуы, туыстардың бір-бірінен алыстап бөтенсуі, Араб сахарасында өзендердің пайда болуы т.б. хадистерде айтылған ақырзаманның біраз белгілерін қазіргі заманда анық көріп жатырмыз. (Бұл - бергі жағы. Алда бізді сондай бір заман күтіп тұр, кісі қабірде жатқандарға қызығатын болады екен. Құдай сақтасын!)

Мұндай белгілерді көріп жүрген мүмін-мұсылман не істейді? Не істеуі керек?

Бос ойын-күлкімен жүре бермей, ақыреттік азығын көбірек жинаудың қамын ойлауы керек. "Дүние - ақыреттің егісі" делінген.

Мүмін қияметтің белгілеріне қарап, дүниеден безіп, мешітке қамалып, дүниелік міндеттемелерін тастап қоймайды. Өйткені, Ислам діні: "қиямет қайым басталып кетсе де, қолыңдағы көшетті отырғызып үлгер!" - деп бұйырған.

Мүмін-мұсылман, қияметтің белгілеріне қарап: "қиямет жақындады, болды, тіршіліктің мәні жоқ" деп, дүние тіршілігінен күдер үзбейді. Керісінше бұрыннан да жақсырақ міндеттемелерін орындап, әр іске көбірек жауапкершілікпен қарай бастайды.

Қысқаша айтқанда, мұсылман үшін қияметтің белгілерінің көрінуі - дүниелік шаруаларын тәрк ету дегенді емес, керісінше, мүмкіндік барда, осы дүниеде көбірек жақсы, пайдалы істер істеп қалу керек дегенге сигнал болып табылады. Өйткені, бұл дүние - о дүниенің егісі! 

0 пікір