12.10.2025 8808 Ойтамшы
Біз неге арзандап кеттік? Оған не себеп?

Бүкіл әлем елдері Ғаззадағы геноцидті талқылап: «Израиль соғысты тоқтатсын және кешегі флотилияны босатсын!» деп, Италия, Испания, Америка, Түркия, Англия, Мексика, Германия сияқты көптеген елдердің халқы күн сайын көшеге шығып, наразылық білдіріп жатыр. Сол үшін полициямен қақтығысып, мұрны қанап, көзі шығып жатқандар да бар. Күн сайын!

Ал бізде ше? Әлеуметтік желіні ашып қалсаң, бір қазақ актрисасының ажырасқанын талқылап, тамақ жыртысып, ұрысып, керісіп жатқан жастарды көресің. Қыз-келіншектер жағы күйеуін жер қылып жатса, ер-азаматтар әйелін даттап жатыр. Неше күннен бері осылай.

Айналайын-ау, Ғаззаны ойламай-ақ қойыңдар, шеруге де шық демеймін. Бірақ тым құрығанда маңызды нәрселерді талқыласаңдаршы.

Әлемде не болып жатқанын бір сәт көз жүгіртіп қарап, ойланыңдар. Мәселен, қазір күштінің заманы. Біздің елдің әлеуеті қандай деңгейде? Соны неге ойламаймыз? Соған жастар неге бас ауыртпайды, мысалы? Неге әлемде соғыс болып жатыр? Кім оны ұйымдастырып отыр? Бізге төнген қауіп бар ма?

Немесе неге спортшыларға миллиондаған ақша береміз де, білімпаздарды тек грамотамен шығарып саламыз? Осыны неге талқыламасқа?

Біздің елде атом саласының мамандары, ядролық физиктер бар ма? Немесе бұрынғыдай қаламынан қан тамған жазушылар неге жоқ? Неге кітап оқымаймыз? — осындай маңызды сұрақтарды неге көтермейміз?

Ал бізде болса, өншең феминистер бір жақ, еркектер бір жақ болып, бір-бірімен қырылысып отырады. Бәрі жап-жас қазақтың қыздары мен жігіттері, яғни біздің болашағымыз!

Не тәрбие жоқ, не мәдениет жоқ, бетіңнен алып, төсіңнен шауып отыратын, "бетпақтықты" өнер санайтын тобыр өсіп келеді, өкінішке орай. Неге мұнша майдаланып, арзандап кеттік? Оған не себеп? Әлеуметтік желідегі ахуалымызға қарасақ, тіпті күн өткен сайын төмендеп бара жатқандаймыз.

Мәселен, бұрынғы кеңес заманында Қазақстанның шекарасын сақтап қалу жолында орыс билігінің жоғарғы эшелондарымен тайталасып, ақылын да, жігерін де сарп еткен ел ағалары туралы естісең, таң қаласың. Сондай ел ағаларын — сондай халық тудырады! Халық арзандаса, билікке де арзан басшылар келеді...

Естеріңізде болсын, елдің іргесі мықты болу үшін мына үш нәрсе маңызды деп ойлаймын:

1. Рухы мықты халық;

2. Білімді, көзі ашық халық;

3. Қарулы, әлеуетті мемлекет. 

Осы үш құндылықтың бәрі тең болуы қажет. Өйткені жалғыз рухпен ешқайда бара алмайсыз — оған Ғаззаны мысал етуге болады.

Біліммен ғана да елді қорғау немесе шынайы егемендікті сақтау әркез мүмкін бола бермейді. Оған Жапония мысал. Жапонияның конституциясын АҚШ жазып берген.

Тек қарумен де алысқа бару қиын — изоляцияға ұшырайсың, халқың кедейлікке душар болады, тағысын тағы.

Ал егер осы үшеуі қатар дамыса, меніңше, іргесі мызғымас, мықты мемлекет болатыны сөзсіз.

Ол үшін ең алдымен елде тыныштық керек. Тыныштық болмаса, ештеңе болмайды. Бірақ сол тыныштықты бос өткізбеу үшін, оны жемісті пайдалану үшін — ақылды, алысты болжай алатын, көреген әрі ынсапты басшылар қажет.

Қысқасы, жастарға айтарым, қазақ айтқан: "сөз емес сөзді, кісі емес кісі айтады!" деген. Сондықтан маңызды нәрселермен айналысыңыздар, маңызды тақырыптарды талқылаңыздар.

Оқыңыздар, тоқыңыздар, тіл үйреніңіздер. Ал анау әртіс бүйтіпті, мынау әртіс сөйтіпті деген сияқты, түкке тұрғысыз болмайтын әңгімелерді талқылап, қырық пышақ болуды қою керек.  Оларыңыз елдің болашағына зиян! #деймінда 
Назарларыңызға рақмет! 
#жарияой #қазақстан #жастар #рух (facebook.com парақшасынан).

 

 

 
0 пікір