04.08.2022 8252 Ойтамшы
Мәһр және Қалыңмал

Мəһрдің ең аз мөлшері - 35 грамм күміс (он дирһам). Ал ең көбінің шегі жоқ. Бірақ "ең хайырлы əйел мəһрі аз болған əйел" делінеді хадисте. Сондықтан да, тұрмысқа шығатын қыз квартира, қымбат автокөлік сұрап мəһрін шарықтатуының қажеті жоқ. Қанағат керек. Əсіресе, "қалыңмал" беру дəстүрі бар біздің елде мəһрді барынша аз сұраған абзал. Мысалы, біздің елде қалыңмал береді. Оған қосымша "сүт ақысы" деп анасына береді. Кей жерлерде əке ақысы деген бір нəрсені және шығарып алыпты. Енді оған мəһрді қосса, жігіт асылып қалар :)

Неке - жеңіл болу керек.

Отау құру проблема болмауы керек. Барынша жеңіл болғаны дұрыс. Сол себепті, қалыңмал беру дәстүрі қалыптасқан біздің елде, қалыңмалды мәһр ретінде есептеп қыз жағы жігітке жеңілдік танытқаны жөн. Неге десеңіз, қазіргі таңда көбінесе қалыңмалдың мөлшерін жігіт қызбен келіседі. Көп жерде солай. Қыз, жігітке: "пəлен қалың мал бересің" дейді. Жігіт оны туыстарына айтады. Шариғи тұрғыдан қарағанда, егер қалыңмалдың мөлшерін қыз белгілеп, жігіт қызбен келіскен болса, оны да мəһр ретінде санауға болады. Кейін қыз қаласа, ол қалыңмалды жарату өкілеттілігін ата-анасына береді (өйткені, шариғатта мәһр/қалыңмал ата-анасына берілмейді, қызға беріледі, ол қыздың жеке дүниесі саналады). Ата-анасы оны қыздың жасауына пайдаланады.

Немесе қалыңмал берілгеннен кейін қыз мəһрдің ырымын жасап, мәһрдің ең аз мөлшеріне сәйкес (35 грамм күміс) қосымша мәһр сұраса болады.

Әрине мұнда қыздың келісімі маңызды. Қыз келіссе, қалыңмалды мәһр ретінде есептеген жақсы. Онысы жігітке жасаған жеңілдігі болар еді.

Мәһрді алдын-ала келісу

Және айта кететіні, жігіт қызбен мәһрін алдын-ала келісіп алғаны жөн. Сонда, неке қию барысында шок болмайды. Әйтпесе, кей видеолардан көріп жатамыз, қыз мәһрін айтқанда жігіт "бетіне былш еткізгендей" күй кешіп жатады ). Өмір екеуіңіздікі ғой. Онда ешкімнің шатағы жоқ. Сол себепті, бәрін некеден бұрын келісіп алғандарыңыз жөн. Неке деген - өмірлік келісімшарт. Келісімшартқа қол қоймас бұрын, келіссөзге отыру керек, #деймінда

0 пікір