Ұят
Ұят
8 жыл бұрын 5710
Ғұмар ҚАРАШ

Тұрады ұят тұрған жерде иман,

Әдебі пайғамбардың бұған илан.

Әртүрлі бұзықтықтан адамзатты

Тек жалғыз бұ дүниеде ұят тыйған.

 

Ұятсыз маған десе патша болсын,

Адамдық еш заты жоқ бойға жиған.

Анасы – бар бұзықтың ұятсыздық

Жоқ мұндай бұ жиһанда Құдай ұрған.

 

Ұрлық, кісі өлтіру, мәтке басу –

Ұятсыз деп біліңіз бәрін қылған.

Дүниеде не жаман зат түгелімен,

Келеді бәрі бірдей ұятсыздан.

 

Әртүрлі бұзықтықтың бар кесірі,

Ұятсыз кесіріне жетпейді сан.

“Түзелдім” десе жауыз нансаңыз нан,

Нанбаңыз ұятсызға берсе де жан.

 

Құдайым өзі сақтап тап болмағай,

Отына ұятсыздың еш мұсылман.

Дүниеден ұятсыздық көтерілсе,

Тазарар еді сонда бүтін жиһан. 

0 пікір