Ахмет Байтұрсынұлы: "Тілек батам"
Ахмет Байтұрсынұлы: "Тілек батам"
7 жыл бұрын 5550

Я, Құдайым! Аққа жақ!

Өзіңе аян – мен нақақ.

Аққа деген жолымның,

Абыройын ашпай, жап.

 

Аят пенен хадисте,

Адал ниет, ақ іске,

Жаңылмасам, жоқ еді

Жаза тартсын деген бап.

 

Мені ұстатып, айдатып,

Зығырданды қайнатып,

Масайрасып, мәз болып

Қуанғанды өзің тап!

 

Аз күндікке алданып,

Аз нәрсеге жалданып,

Адасқанын Алаштың,

Түзу жолға түсір, хақ!

 

Құнсыз болып еріміз,

Жесір болып жеріміз,

“Жан менікі” дей алмай,

“Мал менікі” дей алмай,

Ит пен құсқа азық ек.

 

Барын салып таласқа,

Арын сатып қалашқа,

“Жұрт болалық” деген жоқ,

Жұрт қайғысын жеген жоқ,

Іріп-шіріп, азып ек.

 

Дәреті жоқ аяқтар,

Қорсылдаған саяқтар,

Былғамасын қасыңды,

Қасиетті басыңды –

Дегеніміз болмаса,

Қазаққа не жазып ек?!

 

Байлаттырған қолымды,

Бөгеттірген жолымды,

Жақыным бар, жатым бар,

Хабарлана жатыңдар!

Мен сендерге жүгіндім,

Төресі әділ қазы деп.

1 пікір